Кәрібай Мұсырман, депутат: Журналистика мамандығына грант санын көбейту керек

«Тәуелсіздік жылдарында цензура жойылып, БАҚ-тың дамуына қолайлы мүмкіндіктер туғандықтан олардың саны 6 еседей көбейіп, бүгінгі күні 3 мыңға жуықтады. Сол себепті қазір жоғары білікті журналистердің жетіспеу мәселесі анық сезіліп отыр. Кейінгі кезде кейбір отандық теле және радиоарналар ұсынған бағдарламалар сапасы көпшіліктің көңілінен шықпай, өткір сыналып жүргені де соның айғағы. Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда БАҚ маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, журналистік кадрлардың саны мен сапасын арттыру мәселесін күн тәртібіне шығаратын кез жетті деп санаймыз», — деді дептутат.

Осы орайда ол отандық журналистианы дамыту үшін келесідей ұсыныстарды атап өтті.

«Біріншіден, болашақ журналистерді даярлайтын негізгі оқу орындары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеттерінің әлеуеттерін барынша тиімді пайдалану қажет. Аталған факультеттер еліміздегі «Рухани жаңғыру» қозғалысының алдыңғы шебінен көрінетін қоғамдық пікір көшбасшыларын даярлайтын, бір кездегідей беделі өте жоғары, элиталық деңгейдегі журналистік кадрлар ұстаханаларына айналса, артық болмас еді. Олар ең алдымен мемлекеттік БАҚ-қа, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтеріне қажетті жоғары білікті маман кадрлар даярлауға мамандандырылғаны жөн деп білеміз», — деді Кәрібай Мұсырман.

Депутат аталған университеттерге журналистика мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын мақсатты түрде бөлу тетігін қарастыру қажет екенін айта кетті.

«Екіншіден, бүгінгі күні Бірыңғай электронды еңбек биржасы арқылы бос тұрған 133 журналистік қызмет орны ұсынылып отыр. Шын мәнінде, білікті журналистерге сұраныс одан да көп екені анық. Сондықтан, журналистика мамандығына бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының санын жылдан жылға азайту үрдісімен келісу қиын. Осыған байланысты, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі республикадағы БАҚ және мемлекеттік органдарының баспасөз қызметінің білікті журналистік кадрларына сұраныстарды нақты зерттеп біліп, журналистика мамандығына бөлінетін гранттардың санын көбейтуге ұсыныс әзірлегені жөн деп ойлаймыз», — деді Мәжіліс депутаты.

Ол сонымен бірге қазіргі ЖОО бітірген жас журналистердің ауылдық жерлерде жұмысқа барғысы келмей көпшілігі қалада қалып қоятынын айтты. Осы себепті ол аудандық газеттерде еңбек етуге даяр жастарды «Дипломмен ауылға» әлеуметтік бағдарламасына енгізуді ұсынды.