Ақтөбе қаласының Кеңес Нокин мен 312-атқыштар дивизиясы даңғылдарының қиылысына саябақ салынып жатыр. Аумағы 3,5 га болатын саябақ құрылысына 658 миллион теңге инвестиция жұмсалды. Өңір басшысы Берібек Сапарбаев құрылыс жұмыстарымен танысып, екі айдан соң саябақты қолданысқа беруді тапсырды.
«Балалар мен ересектерге арналған отбасылық саябақ демалыс пен ойын-сауықты біріктіруге мүмкіндік береді. Жабдықтарға тапсырыс берілді, жеткізіліп жатыр», — деді тапсырыс беруші «NuraiInvestGroup» компаниясының директоры Ербол Мұхамеджан.
Жаңа саябақ Балаларды қорғау күні пайдалануға беріледі. Мұнда хайуанаттар паркі, этноауыл, ұялы планетарий, мини-гольф алаңы, жазғы кітапхана, үлкен лабиринт, құзға өрмелеу, мұз айдыны, спорт және ойын алаңдары, батуттар, тир, боулинг болады.
Айта кетейік, демалыс саябағының құрылысы кешенді түрде жүргізіледі. Алдағы екі жылда құны 9 миллиард теңге болатын кешен іске қосылады.
«Кешеннің жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайды. Бұл батыс өңіріндегі және Қазақстандағы ең ірі саябақтар тізіміне енетін болады. Сегіз қабатты ғимарат үш блоктан тұрады: іскерлік-әкімшілік, спорттық-сауықтыру және мәдени демалыс ойын-сауық болып бөлінеді», — деді Ербол Мұхамеджан.
Аумақты абаттандыру кезінде 500-ге жуық шырша және канадалық үйеңкі отырғызылады.