Шымкентте ретсіз сауда мен жарнамаларды жою жұмыстары енді велосипедтің көмегімен жүзеге асады

Кезекті тексеру кезінде аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрманов велокомиссияны өзі бастап, Қазыбек би көшесінің бойында жарнама тақтайшаларын бей-берекет орналастырған дүңгіршек иелеріне ескерту жасады. Айта кетерлігі, биыл ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-бабына сәйкес, 403 хаттама толтырылып, оның 24-не 318 150 теңге көлемінде айыппұл салынып, 143 168 теңге өндірілді. Ал, 505-бап бойынша 217 хаттама толтырылып, 3-не 127 260 теңге көлемінде айыппұл салынып, 84 840 теңге өндірілді.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қазіргі таңда кәсіпкер азаматтардың демеушілігі есебінен аудан әкімдігіне 4 дана велосипед сыйға беріліп отыр. Алдағы уақытта қала экологиясының тазалығына оң әсер ететін бұл жоба басқа аудан әкімдіктерінен қолдау табады деп күтілуде.