Жер сату Қазақстан жері

Мұндай жайсыз хабарды естіген бұқарада қазір маза жоқ. Олар шекара жылжыту шешімін шығармауды талап етуде.

Қатар жатқан қос ауыл тұрғындарынан 10 күннен бері маза қашты. Аудандағы шенеуніктер мен шекарашылар жұртпен жиын өткізіп, шекара шебін 100 метрге бері жылжытуды ұйғарыпты. Алайда, бұқара бұл шешімге наразы. Айтуларынша, егер талап орындалса, мал өрісі мен егістік алқаптары кемі 250 гектарға қысқаруы мүмкін.

Бұған дейін екі мәрте шекара шебі өзгеріп, жалпы көлемі 700 гектарға жуық алқап айырқалпақты ағайындардың меншігіне өткен екен. Жердің тағы таласқа түсуі жұрттың ызасын тудырды. Ауылдықтар тайлы-тұяғымен жиылып, жер телімдерін жатқа беруге қарсы екендерін білдіруде.

“Ата бабамыздың жаулап алған жері, біздің ауылымыздың тұрғанына үш жүз жылдан аса уақыт болған. Осы халықтың өсіп өнуіне қазіргі кезде қысым көрсетумен бірдей. Өйткені қырғыз мемлекетінің азаматтары емес, біздің мемлекеттің шекарашыларының тікелей қызығушылығы бар”, – дейді Жасөркен ауылының тұрғыны Халадин Бағысбаев.

Жұрттың дүрлігуіне негіз жоқ емес. Бұған дейінгі бөлісте екі шағын өзеннің тоспасы көрші елдің иелігінде қалыпты. Қазір сол су басында отырғандар «өзім білемдікке» салып елді тіршілік нәрінен қысып жатса керек. Ал, ендігі сорақылық тіпті шектен шыққандық дейді ашулы топ.

“Тағы да небір нысандар, сақ қорғанның алты-жетеуі кетейін деп тұр. Бұл мемлекет қорғауындағы нысандар”, – дейді Жасөркен ауылының тұрғыны Бегалы Ысқақов.

Ал, атқарушы билік тұрғындарға даурығуға негіз жоқ дейді. Сөздеріне сенсек, қазақтың бір шаршы метрі де қысқармайды. Ал, даудың шығуына, шекара шебіне қатысты үкіметтік қаулыға өзгеріс енуі себеп екен. Яғни бұған дейін шекарадан кейінгі жолақ 30 метр болып келсе, енді ол кемі 100 метр болуы тиіс. Қос лагерь мен қорықтар да сол жолақтың үстінде қалып, тұрғындарға арнайы режиммен жүруге тура келеді екен.

“Қазір демаркациялық комиссияның қажетті материалдарын дайындап, парламентке енгізеді, ол ратификациядан өту керек. Сосын президент қол қояды. Содан кейін ғана ол заңды күшіне кіреді. Заңды күшіне кіргенде ғана орындалуға жатады”, – дейді Жамбыл облыстық Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлім басшысы Мейірбек Пірәлиев.

Алайда, жұрттың бұл уәжге иланғысы жоқ. Ашулы топ үкімет пен парламентке ашық хат жолдамақ. Ал, өздері талаптарын тыңдату үшін бел кеткенше беріспеуге бекінген.

4 пікір

  1. иааа найзаның ұшымен қорғалған жеримиз талан таражға туспек пе? “Халық қозғалса хан тұрмайды тағында” ……………………..

  2. Я, жаман-ай! Елімнің жерінен айырып бастарына көк тас қойғалы жатырма қай қазақтың жағдайын жасамақшы, саясаттан қанша жерден мақұрым болсам да мен бұл іске түбегейлі қарсымын. Солардың басшылықта отырғаны осы халықтың арқасы, ай далаға елсіз күйсіз жерге барып кімге басшы болмақ . Халықтың қарғысына қалып арғы өмірде де дәл осылай тіршіліктің тәтті дәмінен қашқандары ай! Елім, халқым сабыр етейік біздің тек сенеріміз бір АЛЛА! Аллаға мыңда бір шүкіршілік тер мен мақтаулар болсын!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!