«Қызыл жарты ай» қоғамы Болат Өтемұратовтың қорымен бірлесе отырып Глубокое ауданындағы су тасқыннан зардап шеккен 99 отбасына жалпы сомасы 10,4 миллион теңгенің көмегін көрсететін болды.
– Бірінші кезекте мүгедектер мен зейнеткерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті аналарға көмектесетін боламыз. Үйлерін су басқан отбасылардың барлығын зерттей келе, 347 адамды қамтитын 99 отбасын іріктеп алдық. Олардың барлығына ішінде белгілі бір мөлшердегі қаражаты бар банк карточкаларын тараттық. Бұл карточкалардың көмегімен тұрғындар өздеріне қажетті азық-түлік, гигиеналық күтім заттары, киім-кешек пен дәрі-дәрмек сатып ала алады. Аталмыш карточкалар Өскемендегі терминалы бар кез келген дүкенге жарамды. Облыс орталығына жете алмай отырғандар болса, оларға арнап көлік ұйымдастырамыз. Тек шылым мен ішімдік өнімдерін алуға болмайды, – дейді Қазақстан «Қызыл жарты ай қоғамы» облыстық филиалының директоры Арайлым Абилгалимова.
Сондай-ақ бұл күндері аудандық әкімдік пен «Востокэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Белоусовка кентіндегі су тасқынынан зардап шеккен бірнеше үйдің тұрғындарына тегін көмір таратты.
Естеріңізге салайық, Глубокое ауданында қарғын судан Глубокое және Белоусовка кенттері, сондай-ақ Веселовка, Предгорное, Прогресс ауылдарындағы 190-ға жуық отбасы, 630 адам зардап шеккен.