Даниал Ахметов Шығыс Қазақстандағы су тасқыны туралы баяндады

Даниал Ахметовтің айтуынша, шығыста 1-25 наурыз аралығында жауған жаңбыр қалыпты нормадан 3 есе артық болған.

Қазіргі таңда облыста 481 үйді су басу фактісі тіркелген. Оның 175-інде әлі су бар. 628 үй мен 110 саяжайдың ауласына су кірген. Осыған байланысты Өскемен және Семей қаласында, Жарма, Зырян, Күршім, Қатонқарағай, Ұлан аудандарында жоғары деңгейлі дайындық режимі енгізіліп, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

«Аягөзде 286 адам үйіне оралды. Тек қана 12 адам қазіргі кезде уақытша интернатта тұрып жатыр. Өткен 2 аптаның ішінде 32 үй сатып алдық. 14 үйге азаматтар кірді. 2-3 күннің ішінде қалған 18 үйге кісілер кіреді. Бүгін мен сол жаққа тағы да барамын. Құрылысшылармен бірге барлық 140 үйдің жөндеу жұмыстарына бақылау жасап, оны бір айдың ішінде жүзеге асырамыз. Қазіргі таңда біз осы ауданға 259 млн теңге бөлдік. Барлық жөндейтін үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын»,- деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Глубокое ауданы мен Прогресс, Белоусов ауылдарындағы жағдай тұрақты бақылауға алынған. Бұл аймақтарда 172 үйге су кірген. Соның салдарынан 567 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың үш мерзімді тамақ және басқа да мәселелері шешілген. Әкім қалған тұрғындардың туыстарының үйіне уақытша көшіп барғанын мәлімдеді. Қазір арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен үйлерді аралап жүр екен. «Біз комиссия шешімін басшылыққа алып, шығынды өтейміз. Қайырымдылық қорына 50 млн теңге бердік», — деді Даниал Ахметов.

«Шемонаиха ауданында өзім болдым. Қазіргі таңда онда жауын суы таудағы қар суымен араласып, Оба өзенінің деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Ол жағдай мен сол жерде болған кезде болды. Салдарынан өзен мұзы қозғалып, сең жүрді. Айта кету керек, өзен мұзын дер кезінде жармағанда апат салдары мұнан да біршама қиын болар еді. Сондықтан бұл жұмыс жалғасып жатыр. Ауданда 42 үйге су кірген. Қазір барлық кісі үйлеріне оралды. Тиісті комиссия жұмыс істеп жатыр. Арнайы қор ашу бойынша шаралар қабылданды. Бүгін осы ауданға тағы да 50 млн теңге бөлеміз. Барлық мәселе бақылауда», — деді облыс әкімі.

ДереккөзBaq.kz