Мәселен, қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлік көпқабатты үй салына бастады. Ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріледі. Ал «Қапшағай-жылу» кәсіпорнын жаңғырту жұмыстарына «Нұрлы жол» бағдарламасымен 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Енді 50 мыңға тарта тұрғыны бар шаһар жылу мен ыстық судан таршылық көрмейді», – дейді мамандар.
Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуының арқасында Қапшағайдағы түйткілді мәселелер оң шешімін таба бастады. Бұған дейін мұнда ойынхана, қонақ үй, демалыс орындары мен түрлі кәсіпорындарды шоғырландыруға айрықша көңіл бөлініп келді. Алайда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы кенжелеп қалған еді. Енді қапшағайлықтардың да жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлайтын күні алыс емес.
«Қапшағай қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлік үй салынып жатыр. Бөлінген ақшасы – 339 млн теңге. Бітетін уақыты – 2018 жылдың шілдесі», — дейді мердігер компания өкілі Ділмұрат Қасымов.
Бұл нысанда 80 адам жұмыс істеп жатыр. Оның құрылысы өткен жылы тамыз айында басталды. Құрылысшылар үйдің үшінші қабатын бітіріп, төртінші қабатын тұрғызуға көшті. Ол «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына беріледі.
Қапшағай қаласында 238 көпқабатты тұрғын үй бар. Көбі ескі. Жылу жүйелерінің ескіріп-тозуы себепті жергілікті тұрғындар жылу мен ыстық су тапшылығын тартып келген еді. Бұл түйткілді шешу үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, «Қапшағайжылу» кәсіпорны қайта жаңғыртылып жатыр.
«Қапшағайжылу» кәсіпорнының директоры Сейдахмет Даданбековтың айтуынша, бұл жерде қазір 4 қазандық ауыстырылды. Бүкіл техникалық жабдықтар толығымен ауыстырылды, қамтамасыз етілді. 2018 жылы сәуірдің 15-і күні осылардың бәрін тапсыру керек. Жұмыстың бәрі аяқталуға дайын тұр. Бұл кәсіпорын Қапшағай қаласымен қоса Гидростроитель ауылындағы 270 үйді жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етеді.
«Бөлінген қаржының 98 пайызы игерілді. «Алдағы уақытта ағымдағы жөндеу жұмыстары болмаса, Қапшағай қаласында жылу жүйесіне қатысты қандай да бір түйткіл туындамауы тиіс», – дейді сала мамандары.