Алматыдан Қапшағай мен Ұзынағашқа баратын пойыз шықты

Алматы қаласындағы Алматы-1 темір жол бекетінен Қапшағайға, Алматы-2 бекетінен Қазыбек-Бекке (Ұзынағаш) баратын пойыздар шықты.  

Тұран экспресс
©Руслан Канабеков

Жолаушылар пойызы қала тұрғындарын тасымалдауға дайын. Жол жүру құны өзге қоғамдық көліктердегімен бірдей – 80 теңге. Олар таңертең қалаға қарай, кешке шеткі аудандарға қарай жүретін болады.

Пойыз
©Руслан Канабеков

Қала әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаевтың айтуынша, күн сайын 500 мың адам қала сыртындағы аудандардан қатынайды екен. Оның ішінде 200 мың көлік те сол аудандардан келеді. Бұл кептеліс тудырып, экологияға әсер етіп жатыр. Осы мәселелерді шешу үшін қала әкімінің тапсырмасымен Ұзынағаш – Алматы мен Алматы – Қапшағай бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы іске қосылған.

Пойыз
©Руслан Канабеков

Ұзынағашпен ортада қатынайтын пойызда тоғыз, Қапшағайдан шығатын пойызда алты вагон бар. Барлық вагондар ыңғайлы орындықтармен, кондиционер және теледидармен, биотуалетпен жабдықталған.

Пойыз туалеті
©Руслан Канабеков

Алматы – 2 темір жол бекетінен шыққан пойыз Ұзынағашқа дейін Алматы-2 – Алматы-1 – Бұрындай – Шамалған – Жангелді – Қазыбек-Бек (Ұзынағаш) бағытында жүреді.

Ал, Алматы-1 мен Қапшағай қаласының ортасында жүретін пойыз жол бойы Медеу, Байсерке, Қайрат жолайырығы, Жетіген, Іле, Қапшағай бекетіне тоқтайды.

Тұран экспресс
©Руслан Канабеков

Аталған бағыттағы жолаушылар пойызын 2017 жылы іске қосу үшін қала бюджетінен 340 миллион теңге бөлінген.

“Жоба алдағы бес жылға арналған. Жаңа бағыттарды қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар экономикалық мақсатта емес, экологиялық мақсатта қолға алынып отырғанын айта кетуім керек. Сондай-ақ, бұл – мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласы агломерациясын дамытуға жасап жатқан шаралардың бірі”,- деді қала әкімінің орынбасары.

Алдағы уақыттарда пойыз вагодарына “Оңай” құрылғылары орнатылады. Яғни, “Оңай” картасымен қатынауға мүмкіндік тумақ.

Аталған бағыттағы жолаушылар тасымалын «Тұран Экспресс» ЖОО жүргізеді.