Қазақстан да — біздің атажұртымыз. Осыдан жиырма жылдай бұрын атажұртымызды көруге келдік. Ұнаттық. Бір жылдан кейін осы жерде Қазақстанның белді академиктерімен, түркі халықтарының өкілдерімен бірігіп түркі халықтарының мәдениет қоғамын, «Түркі әлемін» құрдық. Биыл, міне, он тоғызыншы жыл түркі халықтарының бірлігі, достығы жолында еңбек етуге тырысып келеміз.

Бірінші мақсатымыз — тілде, пікірде, экономикада, мәдениетте, білім-ғылымда түркі халықтары бірлікте болса дейміз. Қанша жылдан бері Қазақстан мен Түркия университеттерінің арасында бауырластық орнаттық, аудан, әкімдіктерді байланыстырдық. Түркі халықтарына ортақ конференция, жиын, фестивальдерге әрдайым қатысуға тырысамыз. Соның арқасында халықтар бір-бірін тани бастады.

 Ахмед Дагдуран, "Түркі әлемі" қоғамының басшысы
Ахмет Дагдуран, «Түркі әлемі» қоғамының басшысы © Айгүл Хожантаева

Түркі халықтары мәдениетінің 90%-ы бір-біріне ұқсайды. Түркияның Анталия қаласына қазақ достарымызбен барған кезімізде, түркмендерді көрдік. Қолдарымен кілем тоқып жатты. Қазақ ханымдары оларды көріп: «Мынау қазақтың кілемі ғой!» — деді.

Бұдан қандай қорытынды шығады?

Мұндай кілемдер біздің түркі халықтарымызға екі мың жыл бұрын келген. Түріктер қазақтарды көрмесе де, жаңағыдай бұйымдарды қазақ мотивтерімен істейді. Неге? Өйткені мұндай ақпараттар біздің қанымызда сақталып қалған. Бір ғана кілемнен екі халық арасындағы мыңдаған жылдық достық көрінеді. Біз — қаны бір, бабасы бір, тарихы ортақ халықтармыз.

 Ахмед Дагдуран, "Түркі әлемі" қоғамының басшысы
Ахмет Дагдуран, «Түркі әлемі» қоғамының басшысы © Айгүл Хожантаева

Біздің халықтарымыз Азиядан Америкаға дейін таралып жатыр. Қазіргі таңда 250 млн түркі халықтары бар деп айтады. Бірақ, менің ойымша, санымыз бұдан да көп. Түркі халықтарының барған, қоныстанған жерінде ассимиляция болады. Өзін ұмытып қалады. Мысалы, Индия, Пәкістанда Бабыр императорлығын құрдық. Сонда қалған түркілер өздерін түркілерміз деп айтпайды. Бірақ олар бар. Бір мың жыл бұрын Бейбарыс сұлтан Египетті басқарды. Ол жақта қалған бауырларымыз да өздерінің қазір түркілер екенін білмейді.

Түркілердің ұлы қайраткері Исмаил Гаспаралы: «Тілдепікірде, істе бірлік керек», — деген болатын. Қазақ пен өзбек бірігіп кетсін деп жатқанымыз жоқ. Өзбек өзбекте, қазақ қазақта, қырғыз қырғызда болсын. Бірақ істе бірлік қылсақ, жұмылып іс атқарсақ, мықты халықтар боларымыз анық.

Осы жолда біздің қоғам қызмет етіп келеді. «Түркі әлемі» деген газетіміз он сегіз жылдан бері шығып жатыр. Интернеттен «Түркі әлемі» деген канал аштық. Қазір оны Қытайдан, Америкадан түркі халықтары қарайды. Бір-бірін танымайтын түркі халықтары бар. Мысалы, сіздер хунзай деген халықтарды естідіңіз бе? Олар да — біздің бауырларымыз. Алдағы уақытта осы ТВ саласын дамытып, бір-біріміздің мәдениетімізді таныта түскіміз келеді. «Неге бөліндік?», «Тарихымыз қандай?» деген сауалдарға зер салуға ұмтылмақпыз.

"Түркі әлемі" қоғамы
«Түркі әлемі» қоғамының мүшелері © Айгүл Хожантаева

Наурыз — жүрегімізде сақталып өтетін мейрам

Алда Ұлы Наурыз келе жатыр. Ол — барша түркі халықтарына ортақ мейрам. «Наурыз» сөзі парсыныкі болса да, мейрам тек түркі халықтарына тиесілі. Наурыз — әлемдегі ең ескі мерекенің бірі. Осыдан 4800 жыл бұрын түркілер бір-бірін наурыз мерекесімен алғаш рет құттықтады.

Қандай қиындықтар бастан өтпесін, бұл мейрам жүрегімізден шықпады. Қазақ халқы Кеңес Одағының құрамында болса да, мерекесін ұмытпады. Қазақта бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» дейді. Осы мереке келгенде, өзіміздің қандай көп ұлт екенімізді ойлаймыз. Болашағымызға сенеміз. Аталарымыз кезінде үлкен жұмыс істей алса, біз де үлкен істер атқара аламыз деп сенеміз.

Басында-ақ, атажұртымызды, Ахмет Яссауи бабамыздың жері Қазақстанды көрейік деп келдік. Қазақстан бізге қатты ұнады. Түркі халықтарының мәдениеті осы жерде және мәдениетімізді осы жерден үйренеміз деп шештік.

 Ахмед Дагдуран, "Түркі әлемі" қоғамының басшысы
Ахмет Дагдуран, «Түркі әлемі» қоғамының басшысы © Айгүл Хожантаева

Қазақтарды ерекше сыйлаймын

Түркі халықтарында ұмытылып кеткен дүниелердің көбі Қазақстанда сақталып қалған. Мысалы, түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқытты мұнда бәрі біледі. Қобызын екінің бірі тартады. Мұндай мысалдар толып жатыр. Сол себепті Қазақстанды түркі халықтары мәдениетінің орталығы деуге толық негіз бар.

Қазақтар мен түріктер —  бірін-бірі мың жылдай уақыт көрмеген халықтар. Бірақ олар бір-бірін 100%-ға ұмытып қалған жоқ. Мысалы, Түркияда Әл-Фарабиді, Ахмет Яссауиді, Абайды, Мұстафа Шоқайды жақсы біледі. «Олар да — біздің бабамыз» деп айтады.

Қазақстанда болған нәрсенің көбі Түркияда да болған. Бірақ ол жақта түрлі саяси оқиғалар орын алғандықтан, еуропа халықтарымен бірге болғандықтан, мәдениетімізді ұмытып кеттік. Қазақстаннан соны үйренгіміз келеді. Сол себептен де қазақтарды өз мәдениетін ұмытпаған, сақтаған халық ретінде ерекше сыйлаймын.

Ахмед Дагдуран, "Түркі әлемі" қоғамының басшысы
Ахмет Дагдуран, «Түркі әлемі» қоғамының басшысы © Айгүл Хожантаева

Түркі халықтары ішінде қазақтар Наурызды ерекше тойлайды

Наурыз — түркі халықтарының ұлы мейрамы. Сол себептен бұл мерекенің орны ерекше. Наурыз -бірліктің қуатты қаруы. Оны барлығымыз жақсы көреміз. Себебі Наурыз бір-бірімізге бауыр екенімізді тануға, қарым-қатынасымызды арттыруға көп көмегін тигізеді. Түркияда қанша жыл бойы Наурыз мерекесі болмады. Дегенмен, ақырындап танып келеді. Наурыз мерекесіне орай демалыс беріледі. Наурызды болашақта барлық әлемге үйретуіміз керек деп ойлаймын.

Ешкім ренжімесін, бірақ бұл мереке Қазақстанда ерекше тойланады деп айтар едім. Неге? Қазақстаннан бұл кезде біз тарихымызды көреміз. Ата-бабаларымыздың дәстүріне қанық боламыз. Осы мерекені тойлауда екінші орынды қырғыздарға, үшінші орынды әзербайжандарға берер едім.

Қазақ жеріндегі Наурыз мерекесін барлығы асыға күтеді. Барлығы бірігіп тойлайды. Үлкені-кішісі ұлттық нақышқа енеді. Бірін-бірі ұлық мерекемен бір ай бойы құттықтап шығады. Сол себепті менің жүрегімде бірінші орында Қазақстандағы наурыз мерекесі тұрады.

Ал биылғы жаңа жылымыз, Әз Наурыз, түркі халықтарына бейбітшілік пен бірлік әкелсін, халықтарымыздың күшін арттыра берсін деп тілеймін. Наурыз арқылы түркі халықтары бас қосады. Түркі халықтары — әлемдегі үлкен халықтардың бірі. Аталарымыз барған жеріне береке мен тыныштық апаратын. Соны жалғастыруымыз керек. Қазір әлемде түрлі оқиғалар болып жатыр. Бірлігімізді арттырсақ, күшті, қуатты халықтарға айналамыз. Ата жолын жалғастырсақ, әлемге тыныштық әкелеміз деп сенемін.