Балалар киімін шығаруды мақсат еткен жоқпын
Менің дизайнерлікті қолға алғаныма биыл бес жыл болыпты. Оның ішінде балалар киімін шығарумен айналысып жүргеніме үш жыл. Бұл істі күтпеген жерден бастадым. Бір танысым балалар киімінің жәрмеңкесін ұйымдастыратын болып, мені де қатысуға шақырды. Ол кезде тек ересектерге арналған киім шығаратынмын. Жәрмеңкеге қатысу үшін балалар киімін тігу керек болды. Ол үшін нарықты зерттедім. Өзімнің екі балам бар. Солардың не кигенін қалайтынымды ойладым. Киім тігістерімен, түстермен ойнап көрдім. Бір таң қаларлығы, бәрі менің топтамамды өте жылы қабылдады. Ондай лебіз күтпеген едім.
Оған дейін бұл туралы армандаған жоқпын. Бұл «нишаны» тиімсіз деп санайтынмын.
Кейін дизайнер достарыммен отандық киім брендтерінің ортақ бутигін аштық. Сонда жаңағы балаларға арналған киімдерімді де қойдым. Бірақ оларға өте аз, бар-жоғы 90 сантиметрлік орын бөлген едім. Соған қарамастан, бұл киімдерге сұраныс өздігінен пайда болды. Адамдарға ұнағаны сонша, олар менен киімдердің басқа да түстерін, өлшемдерін көру үшін: «Жеке бутигіңіз бар ма?»- деп сұрайтын. Сөйтіп жеке бутик ашу туралы ой келді. Оны бір жылдан кейін қолға алдым.
VA_kids бутигі қалай ашылды?
Күйеуіммен жеке бутик ашу туралы ойымды бөлістім. Оған күшімнің де, қиялымның да жететінін айттым. Ол мені қуана қолдады. Екеуіміз Promenade сауда-ойын-сауық орталығының әкімшілігімен сөйлесіп, орын жалдадық. 2016 жылы бутикті аштық. Әрине, тәуекеліміз өте жоғары болды. Себебі, білесіздер, елімізде балалар киімінің брендтері көп. Zara, Mango да бұл «нишаны» қолға ала бастады. Олармен бәсекеге лайықты болу үшін түрлі стильдегі киімдерді толтырып тігу керек болды. Оларды бірнеше өлшемде шығару керек. Оның үстіне біздің брендте 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған киімдердің 5-13 өлшемі бар: Кейбір модельдердегі киімдер мектепке дейінгі жастағыларға арналған болса, енді бірі оқушыларға жақсы үйлесетін болады.
Бұл салада үйренерім көп. Әлі де ізденіс үстіндемін.
Бренд пайда болған үш жылдың ішінде Астанада өткен Junior Fashion Week, Kazakhstan Fashion Week шараларына қатыстым. Осы айдың басында АртиШОК театрында монокөрсетілім өткіздік. Өте тамаша өтті. Одан бөлек, жас дизайнерлердің ұлттық байқауының финалисімін.
VA_kids брендінің ерекшелігі
Менің коллекциямда ересектер мен балалардың киімдері ұқсас. Бізге келіп, қазір сәнге айналған «Анасы мен қызы» топтамалары сияқты киінуге болады.
Қазір бутигімізде күз және қыс мезгілдерінің топтамасы ілініп тұр. Онда сары, ақшыл-сары, ақ, сұр, қара түстер қолданылған. Мен геометриялық пішіндерді қолданғанды ұнатамын.
Барлық дизайнерлер жұмысын күңгірт түстермен бастайды. Тәжірибе жинай келе түстермен ойнай бастайды.
Ал жазғы топтамаларды шығарарда сән өндірісіндегі тенденцияларды ескереміз. Осыдан екі-үш жыл бұрын адамдар монохронды түстерге әуес болса, қазір қанық түстерге деген қызығушылық басым. Жаңа топтамамыз ашық, жылы, үйлесімді түстерде шығады. Олармен бірге менің негізгі түстерім: күміс, қара, ақ, сұр түстер де болады.
Бізде талантты дизайнерлер көп. Бірақ бұл жерде менталитет деген нәрсенің де тигізер әсері бар. Әңгіме әйел дизайнерлер туралы. Олардың көбі үй мен балалардың шаруасын енесінің мойнына артып қойып, өз ісімен айналыса алмайды. Содан да болар, ауызға ілініп жүргендері саусақпен санарлық қана.
Менің олардан айырмашылығым қандай? Біріншіден, VA брендінің жеке стилі бар. Екіншіден, талғамымыз бөлек. Маталарды сапасына жіті мән беремін.
Балаларға арналған ересектер киімі. Бұл менің лозунгым. Ересектер киімі дегенде тым үлкендерге арналған киімдерді айтып отырған жоқпын. Бір қызығы, әлемдегі үлкен-үлкен брендтер өндіріске ақша құйғанда, нақты нені беруге болатына, қазіргі мүмкіндіктерге назар аудармайды. Жақында масс-маркетке бардым. Іліп аларлық балалар киімі жоқ. Барлығы жаттанды фасонда, бірыңғай стильде.
Бір отырғанда бүкіл бір топтаманың эскизін сызып тастаймын
Шабытты живопистен аламын. Суретшілердің шығармашылығын Instagram желісі арқылы бақылап отырамын. Ұнағандарын скриншот жасап, сақтап аламын. Фотографтардың жұмысы да ұнайды. Сонымен бірге мата таңдаған кезде де шабытым ашылады.
Идея да әртүрлі келеді. Бірде киім тігу үшін маталарды шығарып жатқанбыз. Бәрін үстелдің үстіне қойып жаттық. Бір қарасам, үстелдегі әлгі маталардың түсі сондай үйлесіп жатыр! «Құдайым-ай! Маған керегі де осы еді ғой!»-деп, суретке түсіріп алдым. Кейін осы түстерден кардиган тіктік.
Тағы бірде жаңа топтамамды түсімде көрдім. Ояна салып, күйеуіме: «Тез, қарындаш пен қағаз әкеліңіз!»-десем, ол: «Ой, әйелдер-ай, сендерді түсіну қиын»,-деп күледі. Сөйтіп, тез-тез барлық көргенімді сызып шықтым. Кейін көмкешім екеуіміз жаңа топтаманы шығардық.
Дизайнерлікті оқыған жоқпын
Менің атам суретші-фотограф. Анам құрастырушы-сәнгер. Ательеде өстім десем де болады. Сурет салғанды қатты ұнататынмын. Мектеп бітірген соң ҚазБСҚА-ға түскім келді, бірақ жаңа оқу жылының басталуына екі күн қалғанда технологиялық университетке экономист мамандығына тапсырдым. Оны әрең бітірдім (күлді). Кейін анам сынды құрастырушы-сәнгерлікке оқыдым. Сол кезде бұның менікі екенін түсіндім. Қанда бар нәрсе жібермейді екен. Анам да біраз кеңестерін берді.
Кеңеюді ойлап жүрмін
Маған еліміздің әр өңірінен франшиза туралы сұрап хабарласатындар көп. Direct-ке жағымды пікірлерін білдіріп, сәттілік тілейтін клиенттеріміз де баршылық. Бұндай болады деп ойламаған едім (тебіреніп кетті). Енді Астанадан бутик ашуды армандап жүрмін. Қазір бар ойым сонда.
Біздің брендке сұраныс бар. Оны одан сайын арттыру үшін жарнамаға жүгінуіме тура келеді. Әрине, ересектерге киім тігуді де тастамаймын, бірақ балалар киімін тігуден ләззат аламын.
Балаларға бұрыннан жақынмын. Бір шара болып жатса, балалармен сөйлесіп, аниматор сияқты ойнап кетемін. Балалар — мен үшін Құдайдың сыйы (толқып кетті).