Батыс Қазақстанда 60 жоба жүзеге асырылды

Бағдарламаға 2017 жылы меценаттар қаржысы есебінен 2,5 млрд.теңге жұмсалып, 60 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 10 әлеуметтік нысан (балабақша, спорт кешендері, амбулаториялар), 5 мәдениет нысаны (ескерткіштер, мұражайлар) салынды және жөндеуден өткізілді. 24 нысанда абаттандыру (кіші сәулет формалары, саябақ, тынымбақтар) жұмыстары атқарылды. 21 нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Ұлттық дәстүрді сақтау мақсатында облыста кешенді жұмыстар атқарылуда. Ұлтымыздың ұлы мұрасы — домбыра үнін жастардың бойына сіңіру үшін өңірдің барлық мектептерінде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнату қолға алынды. Оған қоса, «Домбыра сыйла» акциясы аясында өлке кәсіпкерлері, түрлі салада қызмет етіп жатқан мамандар, ата-аналар, облыс тұрғындары білім ошақтарына домбыра аспабын сыйға тартуда.

Алдағы мамыр айында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына орай облыс орталығы Орал қаласында «Домбыра күнін» өткізу жоспарланып отыр. Шара барысында 1500-ге жуық домбырашылар Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін бір мезетте орындайтын болады.

Таяуда облыс орталығында ерекше мұқтаж адамдарға арналған үйдің құрылысы басталды (50 адам). Бұл нысанның құрылысы облыс кәсіпкерлерінің қаржысы есебінен жүргізілуде.