Асанәлі Әшімов Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына келген актерді облыстың әр ауданынан келген жанкүйерлері жылы ықыласпен карсы алды.

Іс-шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған. Көрермендерге Асанәлі Әшімовтың өмірі мен өнері туралы түсірілген «Шарайна-шындық шебері» деректі фильмі көрсетілді.

«Біз сізді кино мен театр жұлдызы ретінде танимыз және мақтан тұтамыз. Жетісу өлкесінің тұрғындары сіздің өнерінізге бас иеді. Сіз қазақ өнеріне теңдессіз үлес қостыңыз. Бүгінгі кездесуіміз — біз үшін үлкен қуаныш. Барлық қала тұрғындарының атынан сізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз », — деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Асанәлі Әшімов өзінің әртістік мансабы жайлы да сөз қозғап, Жетісу театралды мектебіне қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар, жаңа салынып жатқан театр ордасы тек Алматы облысының ғана емес, барша Қазақстанның өнер саласының дамуына септігін тигізетінін айтты.

Өз кезегінде көрермендер сауалдарын қойып, әртіспен пікір алмасты.

Асанәлі Әшімов пен Амандық Баталов
Асанәлі Әшімов пен Амандық Баталов ©©Өңірлік коммуникация қызметі

Шараның аяқталу барысында алматылықтар Асанәлі Әшімовке дәстүрге сай шапан кигізді, естелік суретке түсті.