Аниматор — көптеген іс-шараларда түрлі кейіпкерлерді көрсететін әртіс. Аталған әртістер анимациялық топтың құрамына кіреді. Аниматор — Кеңес Одағы кезінен бері келе жатқан «массовик-затейник» қызметінің жаңа атауы. Олар жарнама мен ойын-сауық сферасында қызмет етеді.

Аниматорлықты 14 жасымда бастадым

Қазір жасым 18-де. Аниматор болып жұмыс істеп жүргеніме 4 жыл болды. Бұл кәсіпті қосымша табыс көзі ретінде оқушы кезімде бастадым.

Аниматор
Фото ©Айгүл Қожантаева, baribar.kz

Менің аниматор болғаныма ата-анамның тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Себебі, сабақ уақытынан тыс кезде мерекелік шараларға қатысып, өз шығындарымды өзім жауып жүрдім. Жұмысым ауыр емес. Көңілді.

«Ақша табамын» дейтіндерге жұмыс көп

Фото ©Айгүл Қожантаева, baribar.kz

Негізі ақша табамын дейтін жастарға жұмыс көп қой. Жұмыс кестесін сабақ кестесімен ыңғайластырып алуға болады. Маған аниматор болған ұнайды. Басқа қызмет саласында бағымды сынап көрген жоқпын. Бірақ болашақта өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Қазір студентпін. Колледжде бағдарламалаушы мамандығында оқимын.

Аниматор мен актердың айырмашылығы қандай?

Аниматор болу әркімнің қолынан келе бермейді. Көп компанияларда кәсіби білім мен біліктілікті талап етпейді. Алайда, аниматордың қызметі 100 пайыз актерлық шеберлікке байланысты.

Аниматорлардың актрелардан айырмашылығы — актер рөлінің мәтінін алдын-ала жаттап алады да, қаз-қалпында сахналап береді. Актер ойынның немен басталып, немен аяқталатынын жақсы біледі. Ал аниматорлардың негізгі мақсаты — адамдарды күлдірудің, көңілін көтерудің жолын табу. Оның өнері импровизацияға толы. Сондықтан, қоршаған ортадағы жағдайға бейімделуге икемді болуы керек.

Аниматор өз рөлін «алтыға» білу керек

Аниматорларды көбінесе балалардың мерекесіне шақыртады. Ал балаларды алдау мүмкін емес. Олардың көңілдері де, жүректері де тап-таза. Барлық нәрсеге сенеді. Өтірік айтсаң, барлық ынта-жігеріңмен өнер көрсетпей, салғырт қарасаң, бірден біліп қояды. Сондықтан, олардың көңілін қалдырмау үшін барымды саламын.

Аниматор
Фото ©Айгүл Қожантаева, baribar.kz

Балалар теледидардан көрген, ертегіден естіген кейіпкерлерін риясыз жақсы көреді. Солардың әлемінде өмір сүргісі келеді. Кейіпкерлердің әрбір қылығын, артықшылығы мен кемшілігін, мінез-құлқы мен қабілетін «беске» біледі. Ал аниматор «алтыға» білуі керек (күлді). Бір кейіпкердің рөліне кіру үшін соныкіндей киім киіп, шаш үлгісі мен түр-тұлғасын ұқсатып қана қоймай, оның жан-дүниесін, мінез-құлқын бүге-шүгесіне дейін зерттеп білуі керек.

Хоббиім де, табысым да — аниматорлық

«Ең жақсы жұмыс — ақы төленетін хобби» деген сөз бар ғой. Аниматор болу менің қызығушылығымды қанағаттандырады. Табысым да жаман емес. 1 сағаттың өзінде 3-4 мың теңге табамын. Осындай қаражат үшін күні бойы жұмыс істейтін адамдар да бар ғой. Оның үстіне, компания жұмыс кестесін менің мүмкіндігіме қарай белгілейді. Көбінесе демалыс күндері шығамын. Аптасына 5-7 сағат жұмыс істеймін. Бұл менің күнделікті шығындарымды жабуға жетерліктей ақша табуға мүмкіндік береді.

Аниматор

Мен «Шоу-центр» агенттігіне жұмыс істеймін. Агенттік тұтынушылардан тапсырыс қабылдаумен, мерекелік іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Біздің командада кілең жастар жұмыс істейді. Ең жасы үлкен аниматор 23-те. Мақсатымыз ортақ — жастық шақтың жалынымен адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлау.

Қандай кейіпкерлер сұранысқа ие?

Тапсырыс берушілердің көпшілігі — балаларының туған күн кешін өткізушілер. Олар туған күн иесінің сүйікті қаһармандарына тапсырыс береді. Ең көп түсетін тапсырыстар: қарақшы капитан Воробей, сайқымазақ, Білгіштер (Фиксики), Микки Маус, суперқаһармандар, т.б.

Аниматор
Фото ©Айгүл Қожантаева, baribar.kz

Өзіме Білгіштерді сомдаған ұнайды. Себебі, бала күнімде өзім де осы мультфильмді сүйіп көретінмін.

Балалардың көңілін табу қиын

Қазір балалардың көбі ерке. Олардың көңілінен шығу қиын. Шара кезінде бір балаға емес, бір топ балаға қызмет көрсетеміз. Кейіпкер біреуіне ұнап, біреуіне ұнамауы мүмкін.

Аниматорға мұңаюға, көңілсіз жүруге болмайды. Аниматор — актер бола білуі керек. Өзінің көңіл-күйі болмай тұрса да, өзгелерге жақсы көңіл-күй сыйлауға тиіс.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.