Негізгі мамандығым — қаржыгер

Визажист болу бала күнгі арманым. Өйткені кішкентай кезімнен осы іске икемім болды. Бала кезден қыздардың шашын өру, жинап беру сынды істерді жаным сүйетін. Қызығушылығым өмірімде маңызды рөл атқарады деп ойламаппын. 17 жасымнан бастап бет әрлеу ісімен, яғни осы салатеп келемін.

Негізгі мамандығым — қаржыгер. Мектеп кезінде «Сәулет және Құрылыс» мамандығы бойынша оқыдым. Атырау қаласында Кіші өнер академиясында 4 жыл білім алдым. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы жоғары оқу орнында қаржыгер мамандығының студентімін.

Сәнгер-бет әрлеуші курсы бойынша білімім бар. Ең алғаш Атырау қаласында визажист курсының бастапқы бөлімін меңгерсем, кейін Алматы қаласында біліктілікті жетілдіру сыныбынан өттім. Осы саланы жетік меңгеріп алу үшін, Москва қаласының атақты визажисті Гоар Аветисянның шеберлік сабағына қатыстым. Әлі күнге әрдайым өзімді шыңдап отырамын.

Ади Тажиев
©Жеке мұрағатынан

 Атыраудан шыққан ең алғашқы бет әрлеуші ер адаммын

Шынымды айтсам, Атыраудан шыққан ең алғашқы бет әрлеуші ер адаммын. Бұл жұмысты осыдан 3 жыл бұрын бастадым. Бастапқыда бәрі бірден жақсы болып кетпеді. Кейбір қыздар «ер адам болған соң, ердің жұмысын жасасаңшы» деп айтатын. Әлі күнге әлеуметтік желіде де, былайда сын айтып отыратын адамдар аз емес. Бірақ қазір, әйел қауымының 70%-ы мені қолдайды. Кейде жасаған макияжым клиентке ұнап тұрса да, маған ұнамайтын сәттері болады. Қазіргі уақытта «жаман, ұнамай қалды» деген жағымсыз пікірлерді естімеймін. «Биікке шығу үшін құлап та үйрену керек» деген сөздің жаны бар.

Бүгінде өзімнің жеке курстарымды өткізіп тұрамын. Өзін-өзі әрлеу, салондық шеберлік сияқты курстарды оқуға келген қыздардың саны көп. Осыған дейін көп шәкірт дайындап, шығардым деп айта аламын. Оқуларды жеке және топпен өткіземін. Осы күнге дейін 100-ге жуық қыздарды оқыттым. Курсты кемі 10 күн оқиды. Көп шәкірттерім 5 сабақ оқып, клиент қабылдап жатады. Бұл мен үшін қуантарлық жайт. Шәкірттерімнің сапалы білім алып, сапалы жұмыс жасауы басты қағида. Қаншама қыз-келіншектердің сұлулықтарына сұлулық қосу, бояуды жарасымды етіп орнымен қолдану оңай жұмыс емес. Үлкен шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. 10 күннің ішінде оқуды толығымен меңгеріп аламын деп айту да қате. Ендігі мақсатым өзімнің салонымды ашып, жандандыру.

Ади Тажиев
©Жеке мұрағатынан

Достарыма шындықты айтуға жасқандым

Ата-анам осы іске жақын екенімді біліп, қабілетімнің барына сенгендіктен, мені қолдады. Ал достарыма басында өтірік айтуыма тура келді. Визажист оқуын оқып жатқанымды айтуға жасқанып, шаштараздың оның ішінде әйелдер шашын, кейін ерлердің шаш үлгісін оқитынымды айтқанмын. Бізде, Атырауда мұндай істерде ер балалардың жүргеніне оң көзқараспен қарамайды. Ер адамдардың мұндай салада жүруін ерсі көреді. Ал Алматыда көзқарас мүлдем бөлек. Біреудің біреумен шаруасы жоқ. Атырау кішкентай болғандықтан, жан-жақтан қысым болады. Сол үшін басында өтірік айтуыма тура келді. Кейін достарым шындықты білген соң әзілдеп ойнаса да, оң көзқарас танытты.

Ади Тажиев
©Жеке мұрағатынан

Болашақ жарымның бояусыз жүргенін қалаймын

Жалпы мен қатты боянатын қыздарды ұнатпаймын, сол себептен болашақ жарымның табиғи сұлулығымен жүргенін қалаймын. Боянса да, шектен тыс бояу жақпағаны дұрыс. Өз орнымен бояуды үйлестіре алатын қыздар болуы керек. Шыны керек, алдымда қандай да бір қыз отырса, оның бет-әлпетіне қарап шығу әдетке айналыпты. Ұнамаса бірден айтамын, ішімде сақтай алмаймын. Кейбір кезде қыздарды ренжітіп алатын сәттерім де болып тұрады. Бірақ, нәзік жанды достарым косметикалық заттар сатып аларда немесе макияж жасайтын кезде әрдайым көмегіме жүгініп тұрады.

Ади Тажиев
©Жеке мұрағатынан

Үй шаруасына ширақ болдым

«Әйел адамның жұмысын ер адам жақсы істейді» деп айтып жатады ғой. Менің түйсігімде «бұл ерсі қылық болады-ау» деген түсінік жоқ. Себебі бала кезімнен үй шаруасына ширақ болдым. Анама көп көмектесетінмін. Дала жұмысына емес, үй шаруасына пысық болдым. Меніңше, мұның ешқандай артықшылығы немесе кемшілігі жоқ. Қолыңнан келіп тұрса, қабілетің болса, кез келген істі тартынбай жасау керек. Біреудің ойына емес, өзінің ішкі-түйсігіне сенген адам ғана үлкен жетістікке жетеді. Сондықтан «адамдардың ойы қандай болады?» деген сұрақ мені мүлдем ойландырмады.

Өз басым мен туралы сөз қозғайтын адамдар жайлы көп естимін. Бәсекелестік, әрине, бар. Бірақ мен өзімнің бәсекелестерім бар деп санамаймын. Егер, ол, менен де асқан мықты шебер болса, мен одан керісінше үйренемін.

Ади Тажиев
©Жеке мұрағатынан

Керек кеңес

  • Күндізгі макияжды қатты жағудың қажеті жоқ. Табиғи әрі нәзік болып көрінуі қажет.
  • Екі қасыңызды бірдей етіп бояп, бетіңізге крем жағыңыз. Қатты бояну сырт көзге дөрекі болып көрінеді.

Адам мақсатына өзін-өзі дамыту арқылы жетеді. Әрбір істің қиындығы мен қуанышы болады. Еңбекке бейім адам қатарынан кем болмайды. Пайдасыз, баянсыз нәрселермен уақыттарыңызды өлтіріп алмай, тиімді қолданыңыздар. Жетістіктің тоқсан пайызы еңбекпен келеді. 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!