Астанада ашылғалы жатқан ауданға «Байқоңыр» атауы беріледі

Байқоңыр – Қазақстанның стратегиялық маңызды орталықтарының бірі. Еліміз үшін ерекше мәнге ие шаһар. Адамзат баласы алғаш рет ғарышқа осы жерден аттанған. Қазақтың Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдым Айымбетов сынды біртуар азаматтары көкке самғаған. Байқоңыр – Қазақстан халқының ортақ мақтанышы.

Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, бұл жерде еліміздің күллі мақтаныштарына атаулар беру игі дәстүр деп санаймын. Өйткені елдің жүрегіне оның барлық мақтаныштары, атаулы орындары сыйып тұрады. Бүгінде жаңа ашылған ауданның арқалаған маңызды миссиясы бар. Миллионнан асатын тұрғыны бар Астана қаласына үш аудан аздық етеді. «Байқоңыр» ауданы еліміз бен еңселі Астанамыздың дамуына тиісті үлесін қосады деп сенемін, — деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, «Жайна-Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев.

Тыңдау соңында Мұхтар Еркетаев барша ел жұртты үлкен өзгерістердің орын алуымен құттықтады.