Мамандығымның торт пісіруге қатысы жоқ

Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің 3-курс студентімін. Халықаралық қатынастар мамандығында оқып жатырмын. Оқып жүрген мамандығымның аспаздыққа қатысы жоқ (күліп). Торт пісіруге кішкентайымнан қызықтым деп айта алмаймын. Тәттіні де аса қатты жемейтінмін. Үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін 4 бауырым бар. Анам бізді қарап үйде отыратын. Ол кезде интернет жоқ. Күнде кешкісін тамақтың түр-түрін әзірлейтін «Дәмді» (қателеспесем) деген бағдарламаны көретінбіз. Анам ұнаған рецептін дәптерге жазып, кейін бізге пісіріп беретін.

Бір күні сол бағдарламада әдемі торт пісірді. Баламыз ғой, анамызға торт пісіріп беруін сұрап, маза бермедік. Анам әкеме хабарласып бізге торт әкеліп беруін сұрады. Бірақ ол, торт орнына чупа-чупстер алып келіпті. Содан мен дәлізде жер тіпкілеп, жыладым. Ақыр соңында анам торт пісіріп берді ғой (күліп). Қазір ойлап отырсам, сол кезде жегенім қарапайым медовик екен.

фото ©Айжан Маратқызы

Кореяға баруым торт пісіруге деген ынтамды оятты

Анамның маған аяғы ауыр кезінде, корей салаттарына жерік болған екен. Содан болар, Корей еліне деген махаббатым ерекше (күліп). Әлі күнге дейін осы халықтың салт-дәстүріне, музыкасына қызығамын, дорамаларын (кино, сериал) сүйіп көремін. Сол кезде бар арманым Кореяға бару болды. Ол орындалды. 8-сыныпта оқып жүргенімде, ата-анам Кореяға тіл үйренуге жіберді.

Сонымен не керек, қыздармен Кореяның кофеханасына бардық. Ол жерде корей халқының дәстүрлі «тофу» тәттісін жеп, қатты ұнаттым. Сол күннен бастап тәттіге деген махаббатым ашылды. Тіпті, тофудың рецептін сұрап та алдым. Кейін елге оралған соң, анам екеуміз үйде тофуды пісіріп көрдік. Әрине, дәмі дәл сондай болып шыққан жоқ. Бірақ біз әр демалыста торт, пирог, чизкейктерді пісіруді әдетке айналдырдық. Кәріс дорамаларын сүйіп көретін таныстарым көп болғандықтан, сол елдің тіл үйірер тәттілерінен дәм татқызамын деп шештім. Бүгінде сол арманым орындалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Корей еліне баруым торт пісіруге деген ынтамды оятты.

Айжан Маратқызы
фото ©Айжан Маратқызы

Бір күні сабақтан келгенімде, қатты торт жегім келді. Анамнан пісіріп беруін сұрап едім, бетімді қайтарып жіберді. Содан өзім торт пісіруге кірісіп кеттім. Пісіп болған соң, дәмін татып көргенімде, тіліме 2 жыл бұрын Кореяда жеген тәттінің дәмі келді. Сол кездегі қуанған түрімді көрсеңіз (күліп). Анам: «сонша ашуланып едің, енді мәз болып отырсың. Менің бас тартқаным қандай жақсы болған», — деп күлді. Міне, сол уақыттан бастап торт пісіруді қолға алуды жөн көрдік. Сосын анам курсқа жазылып, безендірудің түр-түрін үйреніп алды. Егер сол кезде анам көңіліме қарап, тортты өзі пісіре салғанында «Тиффани» атты кәсібім ашылмас па еді?!

«Тиффани» кондитерлік цехы қалай ашылды?

Әкемнің және туғандарымның қолдауымен «Тиффани» кондитерлік цехын аштық. Атын мен қойдым. Тиффани есімді сіңілімнің болғанын қатты қалайтынмын. Сол себепті, бұл есімнің қалай да менің өмірімде орын алуы керек деп шештім. Осы істің ашылуын асыға күткен туған-туыс, достарымыз, көршілер алғашқы клиенттеріміз болды. Анам тағы да бірнеше курс оқып алып, маған да үйретті. Кілегей, қаймақ, крем, йогуртты крем, бисквит дайындаудың түр-түрін пісіретін болдық. Цех ашу қаражатын санамағанда, 50 мың теңгемен басталған бизнес, бүгінгі күні табыс көзіне айналып отыр. Бір жылдан соң, өмірге төртінші перзентін алып келді. Шыны керек, ініме серік болсын деп, ұл бала күткен едік бәріміз. Бірақ бәрі Алланың қалауымен ғой. «Арманың екі есе орындалсын» деген тілекпен әкем есімін Тиффани деп маған қойғызды.

фото ©Айжан Маратқызы

Торт дайындаудың қыр-сыры

Алғашында торт пісіруге 2-3 сағат уақытым кететін. Басында тапсырыстың барлығын тек анам екеуміз пісіріп жүрдік. Кейін тапсырыс саны көбейіп, көмекшілер ала бастадық. Қазір командада 14 адам жұмыс істейді. Әрқайсының атқаратын міндеті бар. Торт әзірлеу үшін арнайы пеш, ыдыстар мен ингредиенттер болса жеткілікті. Көбіне, мереке күндері тапсырыс саны артып, ұйықтамай жұмыс істейтін кездеріміз болады. Шаршайсың, рецептерді шатастырып аласың, кейде жеміс жетпей қалады, клиент аяқ астынан басқа торт пісіруімізді өтінетін де сәттер болады. Мұндай жағдайда ингредиенттерін жедел түрде тауып әкеліп, қалаған тортын пісіріп береміз. Қатып қалған рецепт жоқ. Ішіне ваниль, шоколад, жаңғақ, қаймақ, йогурт, жеміс, және т.б. салындыларды (начинка) қосып пісіре береміз.

 Торт пісіру тәртібі:

  • Барлық ингредиенттерді дайындап алу;
  • Бисквитін дайындап, бөлек пісіріп алу;
  • Салындысын (начинка) дайындау (қосындалардың бәрін бірден қосып, араластыруға болмайды. Әр қайсысының өз ретімен салыну шартын шатастырып алмау керек. Әйтпесе, торттың дәмі өзгеріп кетеді);
  • Дайын болған бисквитке салындысын қосып, қайта пісіру;
  • Торт дайын болғанда, жан-жағын безендіру;
  • Кейбір торттар безендіруге кіріспес бұрын, мұздатып алуды қажет етеді. Мұндай жағдайда тоңазытқышқа салып, салындысының мұздағанын күту;
  • Мұздап шыққан тортты, жеміс, жаңғақ, шоколад, және т.б. қоспалармен безендіру;
  • Клиенттің қалауына байланысты: есімін жазу, сурет салу, мультфильм кейіпкерлерін жасау, т.б.

Ең бастысы, клиенттің көңілінен шығу

Тапсырыс беруге келген клиент алғаш келіп тұрған болса, «Красный бархат», «Молочная девочка», «Микс», «Сникерс», «Наполеон» торттарының біріне тапсырыс береді. Осы торттарға деген сұраныс жоғары. Кейбір клиенттер баланың туылған күніне арналған торт пісіріп беруімізді сұрайды. Ұл бала болса, футбол клубтарының суретін, машина, шоколадтан жасалған робот, мультфильм кейіпкерлерінің болғанын қалайды. Қыз бала болса, көбінесе қызғылт түсті кремнен жасалып, торттың үстінде тәж,  Барби, Эльза мен Анна, Белоснежка, т.б. мультфильм кейіпкерлері болғанын қалайды. Біз үшін ең бастысы — клиенттің көңілінен шығу.

Торт түрлері

  1. Медовый;
  2. Наполеон;
  3. Красный бархат;
  4. Вупи пай;
  5. Молочная девочка;
  6. Сүзбеден жасалған торт;
  7. Фруктовый;
  8. Микс;
  9. Сникерс;
  10. Тирамису;
  11. Лакомка;
  12. Бисквитті;
  13. Йогуртты.

Кореядан жеке кофехана ашу жоспарымда бар

Қазір сабақ пен кәсіпті қатар алып жүргендіктен, сәл қиындау. Одан бөлек, кәріс тілін үйреніп жүрмін. Нәтижесі жаман емес секілді. Еркін сөйлеп, тілдесе аламын. Болашақта қандай маман иесі болатынымды нақты шешкен жоқпын. Торт кәсібін ешқашан тастамаймын деп шештім. Оқып жатқан мамандығымның да пайдасы боларына сенемін. Болашақта Кореядан жеке кофехана ашу ойымда бар. Ең бастысы, ата-анам қарсы емес.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.