БҚО-да бүлдіршіндердің 99,9 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған

«Егер 2016 жылы 24 қана жеке балабақша болса, қазір ол көрсеткіш 43 балабақшаға дейін көбейді. Соның нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелермен қамту 99,9 пайызға жетті. Дегенмен, балабақша бізге әлі де қажет. Бұл бағытта жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы мемлекет және жеке серіктестігі аясында жұмыстанатын боламыз. Облыс мектептеріндегі ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 процентті құрады. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалардың 61 процентін қамтыды. Интернетке облыстың 380 мектебі толық қосылса, оның 330-ы кеңжолақты интернетпен қамтылған» , — деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Облыстағы мектептерде 12 200-ден астам мұғалім жұмыс істейді. Дегенмен, 38 мұғалім жетіспейді. 2017 жылы алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 190 мектеп түлектеріне және 66 болашақ мұғалімдерге білім гранты берілді.

Биыл білім саласының жаңартылған бағдарламасына сәйкес, бастауыш және орта сынып мұғалімдерінің жалақысы 30 процентке дейін көтерілмек.