Алматы метросында мобильді байланыс пен интернет қосылады

Бұл туралы «Алматы метрополитен» МКК баспасөз қызметі хабарлады.

Мобильді байланыс жерасты жолының барлық стансаларында қосылмақ.

«Метрополитенде арнайы құрылғы орнатылады. Сол құрылғы жерүстіндегі GSM-жиіліктерді жерастына тарататын болады. Қазір бұл арнайы техникалық тестілеуден өтіп жатыр. Биыл күзде құрылғыны іске қосатын боламыз», — деді Алматы метрополитенінің баспасөз хатшысы Игорь Сахар.

Сондай-ақ, биыл Сарыарқа және Достық жаңа стансаларының құрылысы басталмақ. Бірінші нүктенің вестибюлі Family park аймағында болса, екіншісі Абай-Момышұлы көшесіне шығатын болады.

Жаңа стансалар метро жолаушыларының санын күніне 20 мыңға арттырмақ. Биыл жерасты жүрдек пойызының қызметін 14 млн жолаушы пайдаланған.

ДереккөзInform.kz