Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Қостанайда жылына 40 мың тонна өнім шығаратын макарон фабрикасы салынады

Фото: gov.kz
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнім экспорты 8,5 млн тоннаны құрады. Оның 2,7 млн тоннасы немесе 27,2 пайызы Қостанай облысының үлесіне тиесілі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі экспортқа бағытталған кәсіпорындардың бірі KAIZEN ЖШС-нің жұмысымен танысты. Компания бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеумен айналысады және 2023 жылы түркиялық Arbel халықаралық холдингінің инвестициясы есебінен іске қосылған. Кәсіпорында бүгінде 70 адам еңбек етеді.

«Мемлекет Басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ке дейін ұлғайту міндетін қойды. Аймағымыз өңдеу өнеркәсібі жөнінен республикада көш бастап тұр. KAIZEN ЖШС осы бағытқа айтарлықтай үлес қосып отыр. Кәсіпорынға Түркияның Arbel холдингі 4 млрд теңге инвестиция салып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Компания өткен жылы мемлекетке 100 млн теңгеден астам салық төледі», – деді Құмар Ақсақалов.

Кәсіпорында бұршақ, ноқат, жасыл және қызыл жасымық өңделеді. Өндіріс жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған және халықаралық сапа талаптарына сай жұмыс істейді.

Компанияның өндірістік базасы заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл өндіріс процесін автоматтандыруға, өнім сапасын тұрақты сақтауға және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Arbel Group» компаниялар тобының президенті Хусейн Арсланның айтуынша, кәсіпорын өнімдері ішкі нарықпен қатар Түркияға, Алжирге, Ауғанстанға және Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады. Өткен жылы компания 180 мың тонна өнім өндіріп, сыртқы нарыққа шығарған.

Қазіргі уақытта Arbel холдингі KAIZEN кәсіпорны аумағында жылына 40 мың тонна өнім өндіретін ірі макарон фабрикасының құрылысын бастап кеткен. Жобаның инвестициялық құны 15 млн АҚШ долларын құрайды. Нәтижесінде тағы 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Аталған жобаларды іске асыру ішкі нарықты отандық өңделген өніммен қамтамасыз етуге, импорттық макарон өнімдеріне тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ кәсіпорынның экспорттық әлеуетін арттырып, жақын шетел нарықтарына шығуына мүмкіндік береді», – деді Құмар Ақсақалов.

Жалпы, KAIZEN ЖШС-нің қызметі ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экономиканы әртараптандыру бағытындағы мемлекеттік міндеттерге толық сәйкес келеді.

Мақалаға реакция