Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сапар барысында Атырау облысының әкімі Мұқыр ауылындағы 400 орындық мəдениет үйінің құрылысымен, спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысымен, 290 орындық балабақша, 400 орындық орта мектеп пен Сағыз ауылындағы музыкалық мектептің құрылысымен танысты.
2012 жылы пайдалануға беріліп, бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жағдайына сын айтқан аймақ басшысы нысанның жағдайына және бұқаралық спортты дамытуға қатысты жауапты адамдарға тапсырмалар берді.
Сағыз ауылындағы балабақша мен мектеп құрылысын аралаған Нұрлан Ноғаев аталған нысандардың пайдалануға берілу мерзімінің кешіктіріліп отырғанына назар аударды. Балабақша 2017 жылдың қыркүйек айында, мектеп 2017 жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс болатын. Алайда, салушылардың кінәсінен орындалмай отыр.
«Мердігерлердің жауапсыздығынан өңірге аса қажетті әлеуметтік нысандар пайдалануға кешіктіріліп беріледі. Болашақта мұндай жауапсыздықтарға жол бермейміз, қатаң шара қолданамыз. Егер мердігер белгіленген мерзімді бұзса, айыппұл мен өтемақы төлеп, нысан басқа құрылысшыға беріледі. Бұл адамдарды жүктелген міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауға, құрылыс мәдениетін сақтауға үйретеді», — деді Нұрлан Ноғаев.