Контрастты жуыну

Пайдасы: Су температурасының бірден ауысуы тері астындағы қан айналымын жақсартады. Бетке қан жүгіреді. Сонымен бірге жылы және суық суға байланысты тамырлар біресе кеңіп, біресе тарылады. Бұл жаттығу бет бұлшық еттерінің қызметін жақсартып, мимикалық әжімдерге қарсы тұруға көмектеседі, беттегі ісікті де басады.

Әдісі: Бірінші жылы сумен жуынып, 10-15 секундтан кейін бетті суық сумен, кейін бірден ыстық сумен шаю. Осылайша бірнеше рет қайталау керек.

Ескерту: Ангина, цистит, жүрек-қан тамырлары ауруларында, вегетативтік неврозда, капиллярлары кеңейген немесе әлсіз адамдар бұл әдісті қолданарда абай болғаны жөн.

Механикалық пилинг

Пайдасы: Бұл процедура бет терісін өлі жасушалардан, дақтардан тазартады.

Әдісі: Үйде механикалық пилинг жасау үшін скраб, гоммаж, пилинг әсері бар маскалар мен кремдер қолданылады. Оларды ылғал теріге саусақтың ұшымен жеңіл массаж жасау арқылы жағу керек. Кейін жылы суға немесе шөп қайнатпаларына малынған мақта дискілерімен сүртесіз.

  • Скрабтың құрамында өрік, жаңғақ, кофе, қант болады. Ол бет терісіндегі өлі жасушаларды жойып, терідегі ұсақ тесіктерді тазартады;
  • Гоммаж — скрабтың жұмсақ түрі. Бет терісі жұқа, сезімтал адамдар осы құрылғыны қолданғаны жөн;
  • Пилинг әсері бар маскалар мен кремдер скраб сияқты әсер қалдырмаса да, теріге тереңнен әсер етіп, май мен дақтардан тазартады.

Ескерту: Бет терісі тітіркенгіш, куперозы бар (тері жамылғысындағы қан айналысының бұзылуы) адамдарға пилинг жасауға болмайды.

Массаж

Пайдасы: Массаж кезінде терідегі қан айналымы жақсарып, ұсақ әжімдер жазылады, ісік басылады.

Әдісі: Процедура алдында бетті бояудан тазартып, ылғалдандырушы крем немесе май жағу керек. Сосын ыңғайланып отырып, бойыңызды еркін ұстаңыз. Енді саусақ ұштарымен массажды дұрыс бағытта жасау керек. Онсыз бұл әдістен пайда болмайды. Массаж бағыттары:

  • иектен құлақтың ұшына қарай;
  • еріннің шетінен құлаққа қарай;
  • мұрыннан самайға қарай;
  • маңдайдан самайға қарай.

Осы бағыттарда массаж жасаумен бірге бет терісін ақырын шымшып шығуға болады. Ол қан айналымын жақсартады. Процедура аяқталған соң 7-10 минут демалып, бетіңізді жылы сумен шайыңыз.

Ескерту: Купероз, безеу сынды тері аурулары кезінде массаж жасауға болмайды.

Фейсфитнес

Пайдасы: Жас ұлғайған сайын беттегі бұлшық еттер әлсіреп, қабақ, иек, ұрт терілері салбырай бастайды. Онымен күресу үшін бетке арналған жаттығуларды жасап тұру керек. Ол бұлшық еттерді қатайтып, қан айналымын жақсартады.

Әдісі: Қазіргі уақытта бетке арналған фитнестің бірнеше түрі бар. Оларды жасау арқылы қартаюдың алдын алып, бет пішінін қалпына келтіруге болады.

Ескерту: Пластикалық отадан, ботокс жасатқаннан кейін, сондай-ақ бет нервтері зақымданған жағдайда, гипертониялық криз, гипертензия кезінде бұндай жаттығуларды жасауға болмайды.