Ерлан Біләл ісіне байланысты өнер адамдары пікір білдірді

Бүгін өткен баспасөз маслихатында ҚР Театр өнері қауымдастығы парамен ұсталған театр директоры Ерлан Біләлдің ісіне байланысты пікірлерін білдірді.

© Baribar.kz

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі: М.Әуезов атындағы театрда соңғы екі-үш жылда жасалған елеулі еңбектер халықтың көз алдында. Бірнеше рет үлкен мемлекеттерге гастролдік сапарлармен барып, үлкен сахналарда өнер көрсетті. Оның бәрі театр ұжымына, басшылығына байланысты. Қазір мен тек шындықты айтатын жасқа келдім. Болып отырған жағдай — сүреңсіз жағдай. Ерланның адал азамат екенін, таза жігіт, сегіз қырлы бір сырлы екенін халық айтады. Біздің ұжымның 99%-ы осы ойға қосылады. Ерланға барлық жастар, ұжым мүшелері жан-жақтан қолдау білдіріп жатыр. Өскен, өнген елдерде мұндай жағдай кезінде бәрі керісінше болар еді. Ұстап берген адамның өзін жазалау керек. Осыны ұйымдастырған адамды сотқа тартуға шақырамын. Тек бір адамға ғана емес, өнер адамдарына кір жағып отыр. Бұл іске барлығымыз қайғырамыз.

Нұрлан Оразалин
© Baribar.kz

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, драматург: Ерланды танымаған адамдар «алыпты», «беріпті», «ұсталыпты» деп жатыр. Біз Ерланды алғаш театрға келгелі бері білеміз. Көз алдымызда өсті, біреудің ала жібін аттапты дегенді естімедік те. Ерлан таза қалпымен, ақкөңіл болмысымен, сенгіштігімен осы жағдайға душар болды деп ойлаймын. Әрине заң бар, заң алдында барлығымыз бірдей жауаптымыз. Бірақ заң бар деп, дәл осылай бәрін бір сәтте, демалыста жүрген уақытында ұйымдастырып, осы күйге жақындатып, сценарий құрғандай ұстап беру, өш алу кісілік тұрғысынан да, өнер, өмір тұрғысынан да көңілге қона қоятын нәрсе емес.

Любовь Ни
© Baribar.kz

Любовь Ни, Корей музыкалық комедия театрының директоры: 2017 жыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты іске қосылған уақытына айналды. Өткен жылы Ерлан Біләл бастаған ұжыммен бірге Лондон, Токио қалаларына бардық. Ол шетелдерге қазақтың өнерін, мықты әртістерін танытуға тырысты. Ал қазір Қазақстан мәдениетінде өте келеңсіз оқиға орын алды. Бұл — тек Ерланның басына келген трагедия емес, барлығымыздың басымызға түскен жағдай. Өнер адамының жаны өте нәзік, сенгіш келеді. Егер оның жүрегінде мұндай қасиеттер болмаса, ол сахнада өнер көрсете алмас еді. Мұндай жүрегі ашық адамдарға дақ жаға салу да қиын емес. Тиісті органдар ақ-қарасын аша жатар. Бірақ біз Ерлан Біләлдің нағыз шығармашылық адамы, дарынды актер екенін айтқымыз келеді. Барлық ұжымнның атынан Ерланды бірауыздан қолдайтынымызды білдіреміз.

Торғын Тасыбекова
© Baribar.kz

Торғын Тасыбекова, Қазақстан Халық Әртісі: Осы театрға келгеніме биыл 60 жыл толады. Жап-жас қыз кезімде келіп, осы теартда үлкен апаларымның қасында өстім. Мұндай жағдай адамды жейді екен. Ерлан ортамызға баладай болып келді. Алдымыздан көлденең өтіп көрген жоқ. Өте тәрбиелі, жаны нәзік, ойнамаған рөлі жоқ мықты актер. Театр аналары ретінде саналатын Нүктетай Мышбаева, Салиқа Қожақова, Баян Имашева, төрт-ақ адам қалдық. Өмірден өтіп кеткен апаларымыз арамызда болса, олар да Ерлан жайлы қандай сөздер айтар еді. Осы жағдайды қатты қиналып қабылдадым. Шын мәнінде, бұл әдейі жасалған жағдай деп ойлаймын. Ерлан — жаны таза, жүрегі ақ адам.

Күнсұлу Шаяхметова
© Baribar.kz

Күнсұлу Шаяхметова, актриса,  «Мәдениет саласының үздігі»: Екі театрдан да қуылғанның бірімін. Маңдайымнан сипайтын адам табылған жоқ. Ерлан ағамыз театрда сұмдық жағдайымды жасады деп айта алмаймын. Бірақ шындық іздеп келіп отырмын. Бұны өнерге жасалған қиянат деп білемін. Осында отырған балалар бар. Өнер академиясына түсе алмай қалғанда, адал еңбегімен алып отырған жалақысына, отбасынан жасырып, соларды оқытқан жақсылықтарын білемін. Өздеріне айтпай жасаған жақсылықтары да бар еді. Егер парақорлықты сондай деп білсеңіздер, онда бұл парақорлық деп жазылсын, ағайын. Сіздерден параны берген адамды сот алдында тартыңыздар деп сұраймын. Енді қайтып өнерге қиянат жасалмасын.

Әуезов драма театры
© Baribar.kz

Асхат Маемиров, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы: Интернет беттерінде жарияланған суреттерді кім таратқанын әзірге білмейміз. Әдетте сот талқылауы болмай, ештеңе жария етілмейді. Барлығымыз үшін бұл — өте өкінішті жағдай.

Еске сала кетейік, Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, белгілі актер Ерлан Біләл 1,5 млн теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. Ерлан Біләл кінәсін толық мойындағандықтан, қамауға алынбады.