2018 жылдан бастап тегін берілетін дәрілер саны артады

Бұл дәрілерді электронды нұсқаулық бойынша алуға да мүмкіндік туады. Қайта жасақталған қазіргі тізімнің тиімділігі дәлелденген жаңа препараттармен толықпақ. Мысалы, ауыр дерт саналатын Бехтерев ауруына берілетін ем де осы қатарға қосылды. Жүректің ишемиялық ауруын емдеуде арналған заманауи дәрілер де бар.

Алайда тегін дәрі тұрғындардың бәріне тиесілі емес.

«Тегін дәрілік заттарды алу үшін бірінші емханаға тіркелу қажет, одан кейін бейінді мамандардың бақылауында болуы қажет. Диспансерлік есепке алынады. Одан кейін диагноздары расталады және бейінделеді. Одан кейін белгілі дәрігерлер рецепт жазып береді. МККБК шеңберіндегі дәріханаларға барып, жеке құжат-рецепт арқылы тегін ала алады. Ал осы дәріні беретін маманның жұмысы тағы жеңілдей түседі. Себебі, денсаулық сақтау саласын цифрлық жүйеге енгізу мақсатында дәрігер нұсқаулығы электронды түрде берілетін болады.  Жаңа жылдан бастап еліміздің барлық емханалары осы жүйеге енгізіледі», — дейді Дидар Байдоллаева, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының қызметкері.

«Денсаулық сақтауды цифрлық жүйеге көшіру жөнінде бізде қазіргі таңда бізде 3 маңызды жобамыз бар. Біріншісі – медициналық ұйымдарға ақпараттық жүйелерді енгізу. Екіншісі – емдеуші дәрігерлердің жұмыс орнын компьютерлік техникамен жабдықтау. Үшінші – барлық мемлекеттік мекемелерді интернет желісімен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда ақпараттық жүйемен қамту 80 пайызға орындалған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл мамандарды қағазбастылықтан арылтып, науқастың үш айға дейін ем-домына нұсқаулық жазып беруіне мүмкіндік туады. Әрі әлеуметтік дәріханаларды бақылауға ыңғайлы», — дейді Тимур Жұмақаев, Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бөлім басшысы.

Айта кетейік, бір жыл көлемінде қабылдаған дәрі-дәрмектерін электронды түрде тіркеу жүргізіледі. Оны бір жыл бойы тегін алғанын және бұрын қандай дәрілерді қабылдағанын көруге болады. Тағайындаған дәріні тек дәрігер емес, оны учаскелік мейірбике де шығарып бере алады.

Еске салайық, науқасқа тегін берілетін дәрі-дәрмек туралы толық ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің сайтынан көруге болады.

Дереккөз24.kz