Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы — Адольф Янушкевич

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген поляк халқының асыл азаматы Адольф Янушкевичтің тағыры адам таңқаларлық. Оның балалық шағы 1803 жылы өзі туған Минск губерниясында Польшаның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Тадеуш  Костюшкоға іш тартқан отбасында өтеді. Адольфтың анасына жақын туысқан болғандықтан Т.Костюшко есімін олар мақтанышпен айтатын. Поляк композиторы граф М.А. Огинский 1794 жылы Т. Костюшко басқарған көтеріліске қатысып, көтерілісті патшалық Ресей үкіметі аяусыз басты.

Ол кезде Польшаның шығыс бөлігі Ресейдің құрамында болғанды. Композитор М.А Огинский Италияға эмиграцияға кетуге мәжбүр болады. Кетер алдында кейін бүкіл әлемге «Огинскийдің полонезі» деген атпен әйгілі болған өзінің «Туған елімен қоштасу» атты полонезін жазған.

Ал Польшаның ұлы композиторы Фредерик Шопен 1830 жылдың күзінде Еуропа елдеріне ұзақ гастрольге аттанып Парижге келгенде поляктар көтерілісінің аяусыз басылғаны және оның басшыларының түрмеге қамалып, кейбіреулерінің атылғаны, көпшілігінің Сібірге жер аударылғаны  туралы хабарды естіп қатты қайғырады. Өзінің ашу-ызасын, туған елін жанындай сүйген композитор музыка арқылы суреттеп «Революциялық» деген атпен әлемге белгілі атақты до минор «этюдін» және басқа да шығармаларын жазған. Сол кезеңнен өмірінің ақырына дейін ол Парижде тұрады. Ұзаққа созылған аурудан кейін өмірден озып, Парижде жерленеді. Әкесі Николай Шопен де жас кезінде Т. Костюшко көтерілісінің қатарында болған.

Винница гимназясын бітірген Адольф Вильно университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, ақын Адам Мицкевич басқарған студенттердің астыртын ұйымына мүше болады. Бұл ұйым орыс декабристерімен де тығыз байланыста болған. Мицкевич пен Янушкевич қатты дос болады. Олар бірігіп Италия мен Швейцарияға саяхат та шегеді. Олардың достығы ұлы ақын шығармашылығында із қалдырған. А.Мицкевичтің «Дзяды» драмалық поэмасындағы «Варшава салонындағы Адольф» осы А. Янушкевичтің прототипі екендігін ескерсек, оның қандай адам болғандығына еш қиындықсыз көз жеткіземіз.

Янушкевич өз Отанын жанындай сүйеді, оның азаттығы жолында жан аямай күреседі. 1830 жылы поляктардың бостандық үшін күресіне белсене қатысқан Адольф үлкен бір шайқаста ауыр жараланып, қолға түседі.

1832 жылы Сібірге жер аударылып, 1835 жылы Түмен облысының Есіл қаласында өзі сияқты жер ауып келген поляктің романтик ақыны Густав Зелинскиймен кездесіп, дос болады. Бұған дейін қазақ арасында үш жыл тұрып келген Г. Зелинский қазақ тілін, әдет-ғұрпын үйреніп, өзі де қазақтар туралы «Дала» және «Қазақ» деген дастандар жазады. Оның «Қазақ» поэмасын 1910 жылы орыс тілінде аударған талантты орыс ақыны Георгий Дмитревич Гребенщиков (1883-1964) еді. Ол Түмен облысында туып, Шығыс Қазақстанда өскен. Қазақ өмірін жақсы білген. Қазақтар туралы 1913 жылы «Батырбектің хандығы» деген повесть жазған. 1915 жылы Абай өлеңдерін орыс тіліне аударған. 1920 жылы шетелге эмиграцияға кетіп, 1964 жылы Америка Құрама Штатында қайтыс болады.

Г. Зелинский өзін тәнті еткен қазақ әуендері туралы:

О, қазақтың ғажайып сазды әуені,

Мұңды әуені мүлгіген қырларындай.

Туған елін аңсаған азаматтың,

Талып жеткен құлаққа мұң зарындай!… – деп ерекше шабытпен жүрек толқытқан жыр жолдарын жазған.

Г.Зелинскийдің «Қазақ» дастаны И.Тургеньев, А.Одоевский, А.Мицкевич сынды ақын-жазушылардың көңілін аударған. Ал кейінірек дастан неміс, чех, француз, итальян және ағылшын тілдеріне аударылған.

1936 жылы Пушкиннің «Сібірге хат» өлеңіне жауап жазған декабрист ақын Александр Одоевский Есіл қаласына жер ауып келеді. Янушкевич, Зелинский, Одоевский үшеуі төс қағыстырған дос болады. Одоевский Адольфқа, «Досым Янушкевичке» деген өлең арнайды. Ал 1837 жылы Одоевский Кавказға жер аударылып онда Лермонтовпен кездесіп достасады. 1839 жылы декабрист ақын сүзектен қайтыс болғанда Лермонтов «А. Одаевскийді еске алу» деген жүрек тебірентерлік өлеңін жазған.

1843 жылы А.Янушкевич Омбыда «Қазақтар туралы комитеттің» хатшысы болып, қазақ ауылдарын аралап, тілін үйренеді. Ал 1846 жылы мамыр айынан бастап адам және мал санағы комиссиясының мүшесі ретінде бес ай бойы қазақ даласына, Ертістен Алатауға, Қытай шекарасына жетіп, одан Балқаш пен Қарқаралыға  саяхат жасайды. Ол көрген-білгендерін қағазға түсіріп, күнделік жүргізеді.

Туыс-достарына өзіне ұнаған оқиғаларды хат арқылы хабарлап отырады. Сол 1846 жылы қазан айында Омбыға қайтып оралған соң тұтқыннан босану қамына кіріскенімен одан ештеңе шыға қоймады. Тек 1856 жылы І-Николай патшаның өлімінен кейін ғана бостандық алып, туған үйіне оралады. Бірақ көп ұзамай 1857 жылы ауыр науқастан қаза болады. Оның барлық күнделіктері мен хаттарын досы Г.Зелинский Парижде эмиграцияда жүрген Адольфтің інілеріне табыстайды. Інілері 1861 жылы Парижде, кейінірек Берлинде Адольф еңбектерін поляк тілінде бастырып шығарады. Ресейде ол кітапқа жол жабық еді. Тек 1950 жылдары әдебиет тарихшысы Януш Одровонждың Г.Зелинский, А.Янушкевич және басқа жер аударылған поляктар туралы еңбектері көпшіліктің назарын аударады. Ал 1956 жылы «Поляк-Совет  қоғамының хабарламаларында» «Мицкевич Адольфінің тарихы» атты жарияланған мақалада Янушкевич пен оның кітабы жайында да айтылып, кітабынан қазақтар өмірі туралы қызықты үзінділер келтіреді.

Ал, 1963 жылы ҚазМУ-дің доценті Ф.Стеклова өзінің қажырлы еңбегінің арқасында Янушкевичтің «күнделіктер мен хаттарын» қолына түсіріп 1966 жылы орыс тіліне аударады. Ал шығарманы 1979 жылы жазушы Мұқаш Сәрсекеев қазақ тіліне аударғаннан кейін ғана араға 133 жыл салып, Янушкевич еңбегі өзінің негізгі оқырмандарымен қауышты.

Адольф өз жазбаларында орыс шенеуніктері мен қазақ ақсүйектеріне мінездеме береді. Олар тарапынан қанауға ұшырап отырған кедейлерге іш тартады. Ол хан Кенесары, аға сұлтандар Барақ, Сұйық, Құсбек, Әли, Құнанбай, күйші Тәттімбет, ақындар Орынбай мен Жанақ, Түбек, екі көзі су қараңғы ақын қыз Жазық туралы пікірлерін жазған. Досы Г. Зелинскийге 1846 жылдың 11 маусымында жазған хатында: «Барақ сұлтан жүзінен нұр тамған, бойын кереметтей күш-қайрат билеген айбынды адам. Дала Геркулесінің бойына табиғат асқан ақыл мен жүрек жұтқан батылдық сыйлаған. Оның тұтқиылдан шүйлігулері тау кландарының Шотландия қыраттарына жасайтын шабуылдарын еске түсіреді. Вальтер Скотт романдары қаһармандарының есімдері сияқты оның есімін естісе-ақ дала қарақшылары жылыстап қашады.

– Бірде Шәуешекте болғанымда, – деп әңгімеледі Барақ маған, – басқаларға қосылып сондағы алдайға (комендатқа) бардым. Жасы үлкендер алдында иілетін біздің әйелдеріміз секілді менің жолдастарым оның алдында тізе бүкіті; мен болсам, сый-құрмет белгісі ретінде қолымды жүрегіме апардым. Жауырынымның иілмегендігіне таң қалып, алдай басқалар сияқты менің неге тізе бүкпегенімді сұрады.

– Мұндай құрмет тек жасағаныма ғана тиесілі, – дедім мен, – ал сен құдай емессің.

Жауабымды естіп, терісіне сыймаған алдайым:

– Мен саған бұйырамын! – деп шаңқ ете қалды.

– Сен, – дедім мен көнбестен, – маған бұйыруға хақың жоқ, мен сенің бұйрығыңды орындамаймын. Егер саған менің келгенім ұнамаса, сау болғайсың!

Бұл сөздерім шүршітті (қытайлықты) жұмсартты, ол менің отыруымды ғана өтініп қойған жоқ тіптен, мені басқалардан айырықша қабылдап, шаймен, әртүрлі тағамдармен сыйлады. Мен ештеңе ішіп-жей алмадым, өйткені жылан етін, қытай аспаздарының осы секілді басқа да дәмді тағамдарын ауызыма татып алған емеспін.

Жалпылай сипаттасақ, бұл Байрондық бейне, бұқараны өз соңына ертіп, оған өз мақсаттарын орындата алатын рухы қуатты бейне».

«Құнанбай би де, дала өңіріне аты кең жайылған адам. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай білетін, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Әулие даңқына бөленген одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады.

Тобықты руының сеніміне ие болып, ол ел билеушінің қызметіне сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, бар қайрат-жігерін сарқа төгіп атқарады, иегін көтерсе болды, әр бұйрығы, әр сөзі орындалады. Кезінде ол көрікті еркек болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бір-ақ шығара жаздаған, қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол көсіліп сөйлеп кеткенде, тыңдаушылар оның сиқы қашып, реңі тайған жүзін мүлде ұмытады. Қатерлі дерттің табы жерлестерінің мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын Құнанбайдың есіне әлсін-әлсін түсіріп отырады. Осының өзі оның қызметі мен маңызының дәлелі.

– Мен жанымды қайда қоярымды білмей жатқанымда, – деді ол маған тебірене – адамдар күні-түні менің киіз үйімді апыр-топыр болып қоршап тұратын. Олардың көз жасы мені шыжғырып әкетіп бара жатқан отты сөндіріп, менің тірлігімді Алламнан жалбарынып сұрап алып қалды.

Еуропаның білімге сусындаған елдерінің бірінде көз жұмып бара жатқан от тілді, орақ ауызды шешенді ақтық сәтте халық осылай мүсіркемеп пе еді. Ол да Құнанбай сықылды әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлық-зомбылығына қарсы қалқан болған еді. Цивилизациядан кенже қалған халыққа қарағанда маңдайының соры қалыңырақ бұл халық өзіне пана болған адамның өмірін құдайдан сұрап алып қала ма, алғыс сезімі тасқындаған олар өлген адамға Пантеон орнатты. Барақтың қасында басқа сұлтандар ақсүйек емес, сұрсүйек боп көрінеді, ал барлық байлар жабылып, Құнанбайдың кебісін кигізуге де жарамайды».

А.Янушкович Г.Зелинскийге 12 маусымдағы хатында Орынбай мен Жанақ ақынның айтысы туралы:

«…Орынбай домбырасын қағып-қағып жіберіп дүниенің басынан Адам ата мен Хауанадан түсіп, мына отырған сұлтандарға тағзым еткендей, аты шыққан арғы аталардың әр қайсысын бір-бір көтеріп тастады; Содан Нұх кемесіне мініп топансудан өтті де, Арараттың биігінен бүкіл інжіл тарихын шолып өтті. Жолшыбай барлық оқиғаларды тіпті, Вавилон Навуходоноссорын да, Египеттің перғауындарын да қалдырмай сүзіп шықты. Сағат бойы толассыз жырлап, Ниагар сарқырамасындай арындап келіп, ақыры ол аман-сау Мұхаммедтің өзіне де жетті-ау. Соңғы он ғасырды құшағына алып дауылдатқан бұл жыр исламизм қаһармандарының басына құйылып, бүкіл қазақ даласына толықси жайылар ма еді, қайтер еді…Жоқ! Меккеден жаңа шыға берген кезде біздің жезтаңдай әншіміздің домбырасының шегі үзілді.

…Мен терең ойға қалдым. Осының бәрін әлем жабайы санайтын халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен, Цицероннан асқан шешендерге таң қалып қол соққанмын. Ал бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар өз өнерлерін жайып салды.

Сонда бұлар жабайы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осынша қабілет дарытқан ұрпақтың рухы бүкіл қазақ даласына жарқырап сәуле шашатын болады. Өзіне жоғарыдан қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатын кезі келеді…».

Янушкевич аңыздар мен жырлады құмарта жазып отырады. Әсіресе табиғатты, өзен, көл, орман, тауларды аса көркем суреттейді. Оны далада бой көтерген қазақтың елді қоныстары қатты қуантады. 1846 жылы 31 мамырда інісі Януариге жазған хатында: «Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын елді мекендері менің көз алдымда туып өсті. Ал, Ақмола бүкіл даланың болашақ астанасы» – дейді.

Содан дәуірден дәл жүз елу екі жыл аунағаннан кейін Ақмола тәуелсіз Қазақстанның астанасы болғанын ескерсек, бұл пайымдаудың ерекше көрегендікпен айтылғанын мойындамасқа еш лаж жоқ.

Поляк революционерлерінен басталған екі халықтың мәдени-әдеби қатынасын жалғастырғандардың бірі – ұлы Абай. Ол Мицкевичтің «С.Б. альбомына» деген өлеңін аударған. Ғалымдар М.Мырзахмет пен Р.Краевскийдің айтуынша ұлы поляк ақыны бұл өлеңін 1824 жылы Соломея Бекю ханымға арнаған. Ал Мицкевич поэзиясымен Абай 1883 жылы Сібірге жер аударылып, кейін Абай ауылында болып, онымен  достасып кеткен поляк революционері Северин Гросс арқылы танысқан. Оның үстіне Гросстың билік, кесім сияқты ескі заңдарын жиып бастыруға даярлап жүргенде Айбаймен көп сырласып әңгімелескенін М.Әуезовтің өзі хабардар етеді. Ал 1883 жылы Семейдегі кітапхананың ашылуына С.Гросс қызу атсалысқан.

1910 жылы орыс тілінде Г.Гребенщиков аударып бастырған Г.Зелинскийдің «Қазақ» дастаны кітабының мұқабасын көркемдеген атақты орыс ғалымы Григорий Потаниннің досы суретші В.Н.Белослюдов екендігін біреу білсе, біреу біле бермейді.

Бұл кісі Семейдің төл перзенті болған. Кітап мұқабасындағы домбыра, қобыз, асатаяқ пен сыбызғы аспаптарының суретіне көңіл аударған музыка зерттеушісі Болат Сарыбаев суреттегі аспаптардың Семей мұражайында сақтаулы тұрған заттар екенін естіп-біліп, арнайы Семейге келіп оларға арнайы зерттеу жүргізіп, бұл аспаптарды 1885 жылы мұражайға Абайдың сыйға тартқанын анықтаған. Абай шығармаларын орыс тілінде насихаттауда ағайынды Виктор және Алексей Белослюдовтардың айрықша еңбегін атап өткен жөн. Ол екеуінің тікелей араласуымен Абай өлеңдері тұңғыш рет Г.Гребенщиковтың аударуымен орыс тілінде жарық көрген.