Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент департаменті білім беру саласындағы ірі қылмыстық схеманы әшкереледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу мәліметінше, «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС-не қатысы бар колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де тұлғалар мемлекеттен 1,3 миллиард теңге жымқырған.
ҚМА дерегі бойынша, 2018–2023 жылдар аралығында колледждердің құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға оқу орындарының басшылары, бухгалтерлері және басқа да байланысы бар адамдар қатысқан.
Тергеу барысында «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемегені, тек бюджет қаражатын алу үшін формалды түрде ашылғаны анықталған. Схема бойынша студенттер оқу орындарына ресми түрде қабылданғанымен, шын мәнінде білім алмаған. Осылайша күдіктілер мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары арқылы бюджеттен қаржы алып отырған, — делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, схеманы ұйымдастырған адам бұған дейінгі жымқыру фактісі үшін кейінгі үш жыл бойы түрмеде отырғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерді қашықтан басқарған.
Тергеу кезінде күдіктілер 65 миллион теңге көлеміндегі шығынды ерікті түрде өтеген. Сот шешімімен күдіктілердің үш пәтеріне, соның ішінде Дубайдағы пәтеріне, сонымен бірге үш тұрғын үйі мен үш автокөлігіне тыйым салынды.
