«Желтоқсан көтерілісіне биыл 31 жыл толды. Мүмкін біздің әңгімеміз адам сенгісіз оқиғалар желісі сияқты шығар. Бірақ, біз көрген-білгенімізді жасырып қала алмаймыз», – деп бастады әңгімесін «Тұран» университетінің оқытушысы Майра Мұсақызы.

Қонаевтың портреті қайда кетті?

1986 жылы мен Орталық Комитеттің баспасында фотонабор бөлімінде программист болып қызмет етіп жүрген едім. Ол кезде программист мамандар тапшы, көп адамдар компьютердің не екенінен хабарсыз заман еді. Баспада ауысым бойынша жұмыс істедік. Менің ауысымым 16:00-де басталатын. 17 желтоқсан күні жұмысқа сәл ертерек келдім. Жұмыс ғимаратының алдында бір топ адам әңгімелесіп тұр екен. Ішінен біреуін танитын болған соң олармен амандастым. Амандықтан соң: «Студенттер мен жұмысшы жастар Брежнев атындағы алаңға жиналып жатқаны туралы естімедің бе?», – деп сұрады. Қонаевты орнынан алып тастағанын сол кезде бірақ білдім. Жастардың алаңға жиналып жатқанын да сол кезде естідім.

Майра Мұсақызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Жұмыс орныма келдім, бәрімен амандастым. Күндегідей емес бір салқындық сезілді. Менің алдымдағы ауысымда жұмыс істейтін Бақыт дейтін қыздың жанына келіп едім, бұртиып отыр екен. Бақыттан не болғанын сұрасам жауап бермейді.

Кеңсенің төрінде Дінмұхамед Қонаевтың портреті ілініп тұратын. Сол портретті біреу алып тастаған екен. Бақыт Қонаеты қатты құрметтейтін. «Портретті жатақханаға апарып іліп қоямын, маған беріңдерші», – деп айтса да, ешкім тауып бермей қойған.  Қарасам портреттің орны бос қалыпты. Бірінші ауысымдағы қыздардың айтқандарынан білгенім, жұмыстағы өзге ұлт өкілдері бар еді, бұл солардың істеген ісі екен. Сол портрет үшін қыздар сөзге келіп қалыпты, ішінен біреулері қыздардың намысына тиетін әңгімелер айтыпты. Олардың айтқан әңгімесі  намысымды қайрады.

Қазақ қыздарын алаңға бастап барған едім

«Қыздар, жүріңдер алаңға барайық. Қазақ жастары сол жерге жиналып, наразылықтарын білдірмек екен», – деп бірінші ауысымдағы екі Гуля, екінші Бақыт және Салтанат,  Балзия, Шолпан, Алма, Сәуле, Назгүл, Мәншүк, Әлия, Женя деген қыздармен алаңға бардық. Біз барғанда жастар алаңда толып тұр екен. Бәрі «Менің Қазақстаным»-ды  шырқап тұр. Біз де қалыспай, «Менің елім, менің жерім» деп қосыла кеттік.

Майра Мұсақызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Алаңда әншілер де, қоғам қайраткерлері де, сөзі өтеді-ау деген танымал тұлғалар да болды. Алайда, алаңдағы жастардың «Қазақтардың арасынан ел басқаратын бірде-бір қазақтың табылмағаны ма? Қазақстанды өз ұлтымыз басқаруы керек. Қонаев өзі шығып, айтсын…» деген  талап-тілектеріне ешкім назар аудармады. Бейбіт шеруге шыққандықтан «Тараңдар!» деген сөзге көнетін біз бе? Өз талабымызды айтып, тарқамай тұра бердік. Бір кезде айқай-шу басталып кетті. Алдымыздан артқа қарай ығыстырылған кезде, құлап қалғандарға шалынып мен де аяқтың астында тапталып қалдым. Біреулер тұрып кетуіме көмектесті. Осыдан кейін бірге барған қыздардан адасып қалдым.

Кейін білсем, өрт машинасы суық шу шашқанда қыздардың үсті-басы су болған соң жатақханаға жеке-жеке қайтыпты. Үстімізге өрт сөндіргіш машинамен мұздай су шашқанда бірақ есімді жиғандай болдым. Бір сұмдықтың басталғанын осы сәтте сездім. Суық су, тас атқылау, соққы…

Бәрі шым-шытырық болып кетті. Сағат 10-дар шамасында жұмысқа қайттым. Кеңсеге келіп, заттарымды жинап, екінші ауысымдағы қыздарға көрген-білгенімді баяндадым. Екінші ауысымдағы қыздарға алаңға бірге барайық деген ұсыныс айттым. Қыздар ерте тұрып баратын болып келістік.

Майра Мұсақызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Келіскендей келесі күні тас түйін болып ертелетіп алаңға тарттық. Екінші күні алаңды әскер қоршап тұр екен. Бұрынғы Фурманов көшесі жағынан келіп қосылдық. Жиналған жастарды шетінен ұстап әкетіп, машинаға тиеп жатты. Біз көппіз ғой. Бір-екі рет мені ұстап алғанда, жанымдағы қыз-жігіттер арашалап алып қалды. Бірімізді біріміз танымасақ та, форма кигендерге бермей алып қалып, қарсылық танытып жаттық.

Жертөледегі жағдайды елестетудің өзі қиын…

Бір кезде мені бас салып сүйрелей жөнелгенде жанымдағы Роза деген қыздан ұстап жібермей қойып едім, «заберите обоих» деп айтқанын естідім. Бірнеше форма кигендер екеумізді жұлқылап, сүйрелеген бойда біраз жерде тұрған УАЗ көлігіне апарды да көліктің ішіне итеріп-итеріп кіргізіп жіберді. Сөйтсек, ол көліктің ішіндегі әрбір орындықта қолдарында дубинкалары (дубинка екенін кейін білдім ғой) бар бір-бір форма кигендер отыр екен. Итеріп кіргізгені сол еді, бас-көз жоқ қолдарындағы дубинкаларымен әрқайсысы ұра жөнелді. Басымды қорғаштай бердім. Белден, арқадан, аяқтан ұрып жатты. Бір уақытта жұдырықпен бетімнен ұрғанда ернімнің қанағанын байқадым, сөйтсем тісімді сындырып жіберіпті.

Көлік толғанша жастарды әкеп тией берді. Көлікпен бір жаққа апара жатты. Қайда апара жатқаны белгісіз. Бір уақытта бір жерге келіп тоқтады. УАЗ көлігінен шетімізден сүйрелеп шығарды. Қарасам, тағы да еңгезердей-еңгезердей форма кигендер екі қатар болып тізіліп алған, олардың да қолдарында дубинка. Ғимаратқа кіргенше тағы да соққыға жықты. Кейін білдім ғой, ол жер сол кездегі Алатау ІІД-нің ғимараты екен. Подвалға апарып тықты. (Ол жердегі көзбен көргенімді айтудың өзі қиын). Ішінде тек тікеден тік тұруға болады, орын жоқ. Тіптен демалатын таза ауа да жоқ.

Желтоқсан фотохроникасындағы суретімді тану мүмкін емес

Фильмдерде қылмыскерлерді алдынан, қырынан суретке түсіреді ғой, бізді де солай нөмірлеп суретке түсірді. Бет-әлпетімде сау жер жоқ. Көзім ісіген, ернім жырылған, тісім сынған… Тергеу басталды. Біздің алдымызда тергеуге барып келгендердің әңгімесін естіген соң Роза екеуміз өтірік айтамыз, ойыншық алуға бардық деп алдаймыз деп келістік. Бірақ, қайдам, сөзімізге сенбеді, сұрақтар қойды, хаттама толтырды…

Жыл сайын Желтоқсан көтерілісі кезінде хроникадан суреттер бергенде менің сол суретімді көзім шалып қалады. Ол кездегі түрімді көргенде, фотосуреттегі Майраның мен екенімді тану мүмкін емес.

Біз туралы барлық ақпаратты жазып алып, қайтадан жертөлеге әкеліп тастады. Келесі күні босатып жіберді. Кейін білдім, жаңадан ұсталғандарға бос орын керек болған соң босатыпты. Себебі, көтеріліске шыққан қазақ жастарының көптігі сондай, тергеу орнында да, жертөледе де, тіпті, түрмеде де орын болмапты.

Жатақханадағы «қызыл бұрышта» майшаммен тергейтін

Жатақханадан алаңға бірге барған қыздар Роза екеуімізді ұстап алып кеткенін көрген еді. Роза екеуіміз ертесі әрең дегенде жатақханаға келсек, бүткіл жатақханадағылар біліп алыпты. Босап шыққаныммен, күнде-күнде ұзақ тергеулер басталды. Неше түрлі адамдар келіп тергеді… Тергеу жұмыстары күн сайын жүргізілді. «Кім ұйымдастырды?», «Алаңға кіммен бардың?», «Не үшін бардың?» – деген сауалға жүз рет жауап бердім. Жатақханада «красный уголок» деп аталатын демалатын бөлме болған, сол жерге шақырып алып, күнде сұрайды. Жарықөшіп қалған кезде, майшам жағып қойып сұрайтын еді.

Жұмыста комсомол жиналысына салды, кейін Фрунзе аудандық комсомол комитетіне арнайы автобуспен алып барып, жиналысқа салып, неше түрлі сөздерін аямай айтып-айтып комсомолдан шығарды. Сол жерде комсомол билетімді өткіздім. Менен басқа қыз-жігіттер болды. Комсомолдан шыққан соң, оқудан, жұмыстан шығарды. Сондай-ақ үйдің кезегінде тұр едім, одан алып тастапты. Амал не заттарымды жинап, жатақханадағы орнымды өткізіп, ауылға кетуге жиналдым. Кадр бөлімінен еңбек кітапшамды алуға келдім. Дәл осы сәтте фотонабордың басшысы кезекті демалыстан жұмысқа шыққан болатын. Еңбек кітапшамды алып ауылға кетейін деп тұрғанда: «Бізге сен сияқты мамандар ауадай қажет екенін айтып, сен үшін партия билетімді столға кепілге қойдым. Сен үшін енді мен жауапқа тартылып жүрмейін. Енді тыныш жүр», – деді. Менің суретім «Құрмет тақтасында» ілініп тұратын.

Майра Мұсақызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Алаңға барғаныма ешқашан өкінген емеспін

Осы жерде айта кеткім  келеді. Мені комсомолдан шығарып енді жұмыстан шығармақ болғанда, менімен алаңға бірге барған басқа қыздар мені қорғаймыз деп бастары бәлеге қала жаздапты. Олар: «Алаңға бәріміз бардық қой, бүкіл қаладағы жастар барды ғой, неге Майраны жазалайсыздар?» деп айтқан.

Майра Мұсақызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Осылайша, фотонабордағы жұмысымда қалдым. Бірақ, әсіресе демалыс, мереке күндері қайда баратынымды, ол жерде кімдермен бірге болатыным туралы айтуға тиіс болдым. Үй қамақтағы адамнан еш айырмашылығым болған жоқ. Ұзақ уақыт ешкім менімен араласпады. Алайда, сол күні алаңға барғаныма ешқашан өкінген емеспін.

Желтоқсаншылардың бәрі осы айда “ауырып” қалады

Арада 31 жыл өтті. Тәуелсіздіктің арқасында қаншама игілікке қол жеткіздік, шүкір. Қазір «Тұран» университетінде оқытушымын. Университетіміз Тәуелсіздік алаңына жақын орналасқан. Күнде жұмысқа барғанда, қайтқанда алаңның жанынан өтемін. Мейлі, жаз болсын, күз болсын осы тұстан өткенде бойымды Желтоқсанның ызғары қариды. Сол кездегі құрбы қыздармен кездесіп, алаңда ұзақ тұрып әңгіме айтып, сыр шертісеміз. Желтоқсаншылардың бәрі осы ай келгенде біртүрлі “ауырып” қалады. Төсек тартып жатып қалатындарымыз да бар екен. Басымнан алған соққы, тісімнің түскені, жүрегімнің сыздағаны жыл сайын желтоқсан айында қайталанады. Сөйтсем, тек менде ғана емес, қаһарлы қыста алаңға шыққандардың бәрінде осындай сезім болады екен.

Майра Мұсақызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

P.S: Майра Мұсақызы 86-ның желтоқсаны жайлы оқиғаны баяндап отырғанда бірнеше мәрте көзінің жасқа толып кеткенін байқадым. Сұқбаттың соңында шыдай алмай бір жылап алды. Майра апайды кездесулер мен жиындарға жиі шақырады екен. Алып жатқан орден-медальдары да жеткілікті. Мүмкін, сіз осы әңгімені оқыған кезде көңіліңіз босап, көзіңізге жас аларсыз. Ал желтоқсаншылар жүректегі жарасы жазылмаған Желтоқсан көтерілісі ойына оралған сайын осындай күй кешеді…