Шөкей Несіпкүл Қалдыбайқызы 1959 жылы 11 қыркүйекте дүниеге келген. 27 жасында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарман қазір Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев атындағы мемориалдық музейдің қызметкері. Ол бізге 31 жыл бұрын болған оқиғаны үлкен толқыныспен әңгімелеп берді.

Тәуелсіздік жолындағы күрес бес жыл бұрын басталған еді…

Қазір Тәуелсіздікке 26 жыл деп атап өтіп жүрміз ғой. Алайда, Тәуелсіздік үшін күрес одан бес жыл бұрын басталған болатын. 1991 жылы егеменді ел атандық. Ал тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне қарсы шыққан қазақ жастарының тәуелсіздікке ұмтылуы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

Мен 1983 жылы ҚазҰУ-дың тарих факультетін аяқтап, Алматы облысының жігітіне тұрмысқа шықтым. Ақсу ауданында білім беру саласында қызмет етіп жүрген кезім, 2 жасар кішкентай қызым бар еді. 1986 жылы желтоқсан айында туысқаным келін түсіреміз деген соң үш күнге сұранып Алматыға келдім. Ол кезде мұндай оқиғаға тап болам деп ойламаппын. Бәрі былай басталды…

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Алматыда туысқанымның үйінде қонақта болып, ауылыма қайту үшін автобусқа міндім. Сол кезде жастардың алаңға жиналып жатқанын, Дінмұхамед Қонаевтың орнына билікке Колбиннің келгенін естідім. Өзім тарих факультетінде оқығанмын, мектепте мұғалім болып қызмет етіп жүрген кезім, саяси сауатты адамбыз, өзім комсомолмын. Мына әңгімені естігенде шыдап отыра алмадым. Сөйтіп, бұрынғы Фурманов, қазіргі Назарбаев көшесіне келгенде автобустан түсіп қалдым да, Брежнев алаңына тарттым.

Алаңға барсам, өзім сияқты жастардың қарасы көп екен. Алғашқы күні бейбіт шеру болды. Біздің бар мақсатымыз Дінмұхамед Қонаев ағамыз трибунаға шықса, не үшін биліктен кеткенін түсіндіріп айтса деген ниет болды. Бірақ, біздің тілегімізге ешкім құлақ аспады. Ұрандап жүріп, қалай кеш батып кеткенін аңғармай да қалыппыз. Таңертең қайта келуге уәделесіп жиналған жастар тарап кеттік.

Денеміз мұздағанымен, жүректегі жалын сөнбеді…

«Қазақтарға қазақ басшы керек!» деген ұран құлағымда қалып қойды. Келесі күні таңертең алаңға қайта келдім. Алаңды мұздай қаруланған, басына каска киген әскер қоршап алыпты. Олардың Ресейден әкелінген қарулы жасақ екенін біз кейін білдік.

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Біз де кешегідей емес, рухтанып, қайрат жиып алғанбыз. Қоғам қайраткерлері топтың алдына шығып сөз сөйлеп жатты. Мұздай қаруланған әскер оларды шетінен соққыға жығып, жиналған жастарды таратуға тырысты. Адамның көптігі сондай, кімді соққыға жығып жатқанын, кімнің ұрандап жатқанын анық байқай алмадық. Әркім өзінше әнұран шырқап, айқайлап жатты. Әскерилер бізді алаңнан қууға, артқа шегіндіруге бірнеше рет әрекет жасады. Рухтанып, бойға қайрат жиып алған біз де беріспедік. Біресе алдыға, біресе артқа жылжыған жастар толқынында бәріміз келісіп алғандай ән шырқап, ұрандай бердік.

Біздің тарамайтынымызды білген соң, өрт сөндіргіш машиналармен суық су шаша бастады. Сол жылғы желтоқсанның ызғарын-ай! Саналы ғұмырымда Алматыда мұндай суық болғаны есімде жоқ. Су болған киімдеріміз сәлден соң қатып, мұзға айналды. Денеміз мұздағанымен, жүректегі жалын сөнсін бе?! Қазақ жастары қайратына мініп, арыз-талаптарын жеткізуді доғармады. Қара каскадағы жендеттердің қатыгездігін осы тұста білдік. Олардың бет-бейнесін, кім екенін көріп-білмесек те, менің көз алдымда қара киімді қатыгез сұлба мәңгілікке қалып қойды.

Адам баласы осындай қатыгез болады десе, сенбес едім…

Бір кезде желкемнен ауыр соққы тиіп, көз жанарым жарқ ете қалды. Үш жендеттің мені сүйреп, тепкілеп жатқаны ғана есімде қалыпты. Егер мен мұндай оқиғаға тап болмасам, адам баласы осындай қатыгез болады дегенге сенбес едім. Үш жендеттің балағат сөздері мен ауыр соққысынан соң, адамдардың да айуаны болатынын түсіндім. Олардың орысшалап қандай бейәдеп сөздер айтқанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, дәл сол сәтте маған тәніме тиген ауыр соққы мен жара емес, олардың айтқан балағат сөздері аса ауыр тиді. Олардың қолдарында штык, дубинка дейсің бе, өмірімізде көрмеген түрлі қару-жарақ болды.

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Есімді бейтаныс адамдардың үйінде жидым. Мені бір қазақ жігіт сол үйге апарып тастаған екен.

— Есімің кім?

— Несіпкүл.

— Алматыда кімің бар?

— Ағам бар, Елубай ағам бар!

Елубай ағам сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет ететін. Дереу сол кісіні шақыртып, мені көлігімен алып кетті. Жол бойы «Сені періштең сақтап, аман қалдың. Енді сақ бол, ешкімге тіс жарма! Емханаға жатпа, біреу сұраса құлап қалдым деп айт»,-деп үйретті. Сөйтіп, ауылыма апарып тастады.

Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмады

Бірақ, менің «құлап қалдым» деген сылтауыма ешкім сенген жоқ. Дәрігерге қаралдым, бірақ «отказной» жазып беріп, бір ай бойы үйде ем алдым. Емхана үйіме жақын жерде еді. Бірақ, емханаға да, дәріханаға да таяққа сүйеніп, әрең барып келіп-жүрдім. Бетім бері қарағанымен, денсаулығым сыр беріп, 1987 жылы отаға түстім. Жендеттердің тепкісінің кесірінен оң бүйіріме ота жасауға тура келді. Ал 1990 жылы сол жақ бүйіріме ота жасалды.

©Baribar.kz

Биыл Желтоқсан оқиғасына 31 жыл болды ғой. Осы уақыт аралығында қанша мәрте ота жасатып, жатырыма тиген ауыр соққыдан кейін бала көтере алмай қалдым. Бірақ, тән жарасы жазылады екен. Ал жан жарасы әлі жазылмады.

Ақтау анықтамасын тек 2011 жылы алдым

Желтоқсан көтерілісі туралы әңгіме ұзақ уақыт «жабулы қазан» күйінде қалды. Мен ақтау анықтамасын 2011 жылы ғана Медеу ауданынан алдым. Оған дейін біздің есіміміз де, суретіміз де, көрген азабымыз да жасырын болып келді.

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Сотқа жүгініп, құжат жинап жүргенімде жүзі таныс адамдарды жиі кездестірдім. Бірде бір жігіт мені меңіме қарап танып, келіп амандасты. Желтоқсан көтерілісі кезінде есінен танып қалғандарды УАЗ машинасына тиеп, қамауға апарыпты. Менің ес-түссіз жатқанымды көріп, өліп қалды деп ойлапты. Сосын жүк көлігіне тиеп, қаланың сыртындағы қоқыс төгетін жерге апарып тастапты. Сонда сол жігіт те өтірік «өліп» қалған екен. Жендеттер кеткен соң тірі қалғандарды іздеп жүріп, мені ата-әженің үйіне апарып тастап кеткен екен. Алайда, бұл әңгіменің рас-өтірігін сіздер тұрмақ өзім де анық білмеймін.