Мектеп ұстаздарына сыйлық беруге тыйым салынды

Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшылығы шығарған бұйрық мектептерге жолданып жатыр.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жанна Қабдолдақызының қатысуымен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Қазірде біздің орган облыстық білім басқармасымен бірлесіп, мектептерде ата-аналардан ақша жинауға тыйым салу мақсатында жұмыс жасауды көздеп отырмыз. Басқарма басшылығы сәйкесінше бұйрық шығарып, білім ошақтарына жолдады», – деді Жанна Қабдолдақызы.

Ал Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекованың айтуынша, оқушыға сыйлық жасау үшін ата-ана ақшаны ерікті түрде тапсыра алады.

«Жаңа жыл мерекесіне орай мектептерде түрлі шараларға ата-аналардан ақша жиналуы мүмкін. Бұның өзіне тыйым салып отырмыз. Ал егер балаларға жаңа жылдық сыйлық жасау үшін ақша жиналса, ол ата-ананың өз еркінде. Ешкім талап етпеуі тиіс», – деді Әсел Қайырбекова.

Ұстазға сыйлық жасаған уақытта да сақ болған жөн. Себебі алғысын білдіремін деген ата-аналар мұғалімді қиын жағдайға қалдыруы мүмкін.

ДереккөзBaq.kz