Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жазғы демалысты елімізде өткізу үшін қанша қаражат керек?

Фото: Airba Fresh

Не болды?

Қазақстанда жазғы демалыс маусымы басталды. Сарапшылар елдегі демалыс базалары, пансионаттар мен кемпиңдердегі бағаны талдап, биыл табиғат аясында демалудың құны қанша болатынын есептеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Ranking.kz ұсынған зерттеу нәтижесіне қарасақ, екі адамға арналған стандарт нөмірдің тәулікке шаққанда орташа бағасы — 20 мың теңге. Демек, бір апта демалыста тек жатын орнына, орта есеппен, 140 мың теңге жұмсалады. Бұл сомаға тамақтану, демалысқа баланы бірге апару, көңіл көтеру және сауықтыру қызметі кірмейді.

Мамандардың зерттеуінше, маусым айының алғашқы жартысында баға салыстырмалы түрде төмен болса, маусымның соңы мен шілденің ортасында қымбаттайды. Ал шілденің екінші жартысы мен тамыз айындағы демалыс ең қымбаты болмақ.

Ең арзан демалыс қай өңірде?

Еліміздің көп демалыс аймағында тәулігіне 10 мың теңге тұратын жатын орын бар. Алайда мұндай жерлерде демалыс ойдағыдай өтпеуі мүмкін.

Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жайлы демалыс орнында екі адамға арналған бір тәулік бағасы көбіне 40-50 мың теңгеден аспайды.

Бұл санатқа Алматы қаласы да енді. Алайда зерттеу барысында Алматы облысындағы емес, тек қала аумағында орналасқан демалыс базасының бағасы ғана есепке алынған. Сондықтан қала маңындағы туризм аймақтары арзан демалыс орнының тізіміне енбейді.

Ең қымбат өңір – Ақмола облысы

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстандағы ең қымбат демалыс орындары Ақмола облысындағы Бурабай курорт аймағында орналасқан. Мұнда үш бөлмелі люкс нөмірдің бір тәулікке шаққандағы бағасы 108 мың теңгеге дейін жетеді.

Демалушы адам мұндай нөмірді бір аптаға жалға алса, шығын 700 мың теңгеден асады. Бұл сома шетелдегі демалыс бағасымен пара-пар. Соның ішінде Түркия, Тайланд немесе Виетнамға жолдамамен шамалас.

Шығыс Қазақстан, Алматы және Ақтөбе облысында да премиум санаттағы демалыс орнының бағасы тәулігіне 90 мың теңгеге дейін жетеді.

Қазақстандағы демалыс бағасы
Фото: Ranking.kz (аударма)

Туризм саласында өсім бар

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр мейрамханасы бар қонақүйдегі қызмет көлемі 248 миллиард теңгеден асып, бір жылда шамамен, 19,5% өскен.  Ал мейрамханасы жоқ қонақүйлер 54,6 миллиард теңгеге қызмет ұсынып, көрсеткіші 14,8% артқан. Демалыс үйлері, коттеждер мен бунгало қызметінің көлемі 25,6 миллиард теңгеге жетіп, 13% өсім тіркелді.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында мейрамханасы жоқ қонақүйлер саны 1,5 мыңға жетіп, бір жыл ішінде 6% көбейген. Биыл ресми тіркелген демалыс үйі мен жалға берілетін коттеж саны — шамамен, 1,4 мың. Бұл былтырмен салыстырғанда 3% жоғары.

Халық демалысқа көбірек ақша жұмсай бастаған

Зерттеу нәтижесі бойынша, былтыр Қазақстан азаматтарының ел ішіндегі саяхат кезінде қонақүй мен демалыс орнына жұмсаған шығыны, орта есеппен, 5,8% артқан.

Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында тіркелді. Бұл өңірде демалысқа жұмсалған қаржы көлемі, шамамен төрт есе көп. Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы көрсеткіш те екі есе өскен. Ақтөбе (75,9%), Алматы (70,4%) және Түркістан (55,5%) облыстарында да өсім байқалды.

Ал кей өңір халқының демалысқа кететін шығын көлемі керісінше азайған. Мәселен, Астанада 42,3%, Қызылорда облысында 2,3 есе және Ұлытау облысында 11,7% төмен көрсеткіш тіркелді.

Қазақстандағы жазғы демалыс бағасы өңірге, қызмет сапасына және маусымға қарай өзгереді. Дегенмен орташа есеппен алғанда, екі адамға бір апта демалысқа кемі 140 мың теңге қажет болады.

Контекст

Қазақстан азаматтары визасыз бара алатын 78 елдің тізімін мына жерден көре аласыз.

Мақалаға реакция