Бейнебаян 2016 жылы жазда түсірілген. Оның нақты бір режиссері жоқ, сол себепті кәсіби мамандар қиялының ортақ жемісі деуге де болады. Дегенмен бұл жерде Азамат Сайфуллаевтың еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Ол — еліміздегі компьютер графикасының білікті маманы, суретшісі. Бейнебаяндағы графикалық визуализация мен постпродакшн жұмыстарын атқарған.

«Азаматпен жұмыс істеу арқылы өзім үшін көп жаңалық аштым. Бұл бейнебаянды түсіру кезінде көп нәрсені үйрендім. Визуалды тәжірибелер маған өте қатты әсер етті. Сонымен бірге өте жақсы дос таптым»,- дейді Мерген.

«Толқын» әнінің сөзін Мергеннің атасы — еліміздің еңбек сіңірген педагогы, жазушы, ақын, «Ұстаздық ғұмыр», «Шыңдағы шынар», «Тәлімді әңгіме тәрбие кепілі», «Көш марал», «Қарқара» кітаптарының авторы Әділхан Зықаев жазған. Ол сонымен бірге әншінің орындауындағы «Арманда», «Тұмса сезім», «Дауыл», «Сағыныш», «Бесік жыры» сынды көптеген әндерінің сөзін жазып берген. Ал қалған әндерін ақынның немересі өзі жазыпты.

«Толқын» әні адамның бойында болатын арман мен қиялдың толқыны туралы. Оның әуені мен аранжировкасы бір түнде жазылды. Сол кезде шынында да бойымды арман толқыны билеген еді. Осы ән менің шығармашылығымдағы қозғаушы туынды болды. Осыдан кейін басқа да әндерім туды, ән жинақтарым шықты»,- деп әсерімен бөлісті әнші.

Айта кетейік, «Толқын» — Мергеннің «Түн» деген альбомындағы басты туындысы.

Ақмарал Зықаева Мерген
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Түн» — өте өзгеше концепт-альбом. Ондағы әндерді белгілі бір жанрдың шеңберіне сыйдыруға келмейді. Жалпы алғанда этника мен готика элементтері араласқан cinematic electronic жанры іспеттес.

Альбомда 10 ән бар. Әрбірінің эмоционалды бояуы өзгеше. Мысалы, «Қаңтар» деп аталатын төртінші әнде оркестр үніне бай романтикалық сезімдермен өрілген әуенді естиміз. «Сағыныш» және «Бесік жыры» туындыларында драмалық сарын басым. Оларды тыңдағанда жерлеуде жүргендей әсерде боласың. «Бесік жырының» аранжировкасын алып тастаса, құлағымыз үйренген әдеттегі бесік жыры сияқты, бірақ Мерген оны католик музыкасының сарынында орындау арқылы, өзге қырынан шырқайды.

Ақмарал Зықаева Мерген
Фото ©Сисекенов Нұртас

Әншінің «Аян» деп аталатын алдыңғы альбомы мен «Түн»-ді салыстырсақ, екіншісіндегі әндер нәзік иірімдерге толы, жоғары диапазонда орындалса да, жұмсақ әуезді, сонымен бірге оркестрдің сүйемелдеуі бар. Әнші бұл жинағын атасының аруағына арнаған.

Аталған альбомды жазу жұмыстары 2015 жылы басталып, 2016 жылы толығымен аяқталған. Ондағы композиция, аранжировка, дыбыс жазу, анықтамасы — барлығын әншінің өзі істеген. Ал мастерингі Metroplis London студиясында жасалған. Альбомның сыртын AIKEN брендімен бірлесе отырып жасаған. Айта кетейік, Мерген «Түн» альбомындағы әндердің кейбіреуін ЭКСПО көрмесінің аясында өткен жеке концертінде орындаған болатын.

Мергеннің альбомдарын оның сайтынан тегін жүктеп алуға болады. Алдағы күндері Apple iTunes, Google Music Store, Tidal, Spotify, Yandex, Amazon MP3 сынды онлайн дүкендерден де сатып алу мүмкіндігі пайда болады.

Ақмарал Зықаева Мерген
Фото ©Виктор Магдеев

Мерген — қазақстандық тәуелсіз әртіс, музыкант, композитор, әнші, продюсер, дыбыс режиссері, әрі көптеген әндердің авторы. Шын есімі — Ақмарал Зықаева. Ол 1985 жылы 21 желтоқсан күні Алматы қаласында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының скрипка сыныбын, АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласындағы IAP музыка институтының түлегі.

Ол өзі туралы: «Әнші-композитормын. Консерваторияны бітіргенмін, сондай-ақ Голливудтта Independent Artist Programming бойынша оқыдым. Ол бағдарламаның артықшылығы – тәуелсіз өнер иесі болуды үйретеді. Яғни, дыбыспен жұмыс істейтін режиссерлікпен қатар, композиторлық, вокалмен жұмыс істеу және басқалары. «Мерген» деген атпен өзімнің жеке шығармашылығыммен айналысамын. Әуен жазып, ән айтамын. Музыкадағы басым бағыттар ретінде фолк, рок, поп, кей жерлерде электроника стильдерімен дәстүрлі қазақша музыканың басын біріктіруге тырысамын. Осы уақытқа дейін жазған альбомдарым — көбіне сол бағыттағы ізденістердің жемісі. Яғни, музыка жасаудың батыстық стилін пайдалана отырып, қазақы музыка жазу»,- деп айтады.

Ақмарал «Мерген» деген есімімен 16 жасынан бастап ән жаза бастады. Ол қазақтың этникалық сарындағы әуендерін электроника мен альтернативті рок жанрымен әрлеп, өнерге бұрын-соңды болмаған жаңа леп әкелді. Үш жыл ішінде өзінің тұңғыш ән жинағын шығарды. Ол «13» деп аталады. Бұл 2008 жыл еді.

2011 жылы кезекті «Аян» альбомы жарыққа шықты. Ол Лос-Анжелестегі музыка институтында жазылған.

2012-2013 жылдары Bilim Media Group дыбыс жазу студиясында басшы болып жүріп, өзінің Qazaq Loung деп аталатын үшінші альбомына продюсерлік етті. Оған продюсер, вокалист, музыкант сынды қырыққа жуық кәсіби маман тартылды.

«Лаундж — музыкадағы релакстік бағытқа жататын стиль. Яғни, адамға тыныштық пен рахат сезімін сыйлау мақсатында жазылады. Бастапқыда лаундж көпшілік ортадағы атмосфераға қосымша ретінде пайда болған. Яғни, көбіне ешқайсымыз байқай бермейтін, фонда ойналып тұратын музыка. Қаланың у-шуынан құтқаратын, стресстік жағдайларда жүйкеңізді қалпына келтіруге септігін тигізетін туынды десе болады. Сол себепті де ол көбіне әркелкі ем қабылдайтын орталықтарда ойнатылады. Сондай-ақ, шетелдік қонақтардың қазақ музыкасын тыңдауға, оны қабылдауға көбіне мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан әлемде лаундж музыканың этникалық бағыттары пайда бола бастады. Мысалы, қытай лаунджы деген сияқты. Біздің жобамыздың басты мақсаты да сол – қазақ лаундж бағытын қалыптастыру. Яғни, этникалық дәстүрлі қазақ музыкасын лаундж стилінде қайта ойнату. Қазақ лаунджын жасау арқылы қазақы фолкты қабылдауды жеңілдету. Былай айтқанда, қазақтың дәстүрлі музыкасын батыстың тіліне, музыка жасау стиліне бейімдеу арқылы өткізуге, тыңдатуға тырысу. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын»,- деген еді Мерген бұл жобасы туралы берген бір сұхбаттарында.

Бұл еңбек еш кеткен жоқ. Аталған альбомдағы әндер Milan Expo-2015-те қосылды және қазіргі күнге дейін түрлі спорттық іс-шараларда, HoReCa секторында, авиакомпанияларда, радио мен сауда-ойын-сауық орталықтарында ойнатылады.

Еңбекқор қыз 2015 жылы өз атымен неоклассикалық стильдегі EP Mise en Scene деген тағы бір жинағының тұсауын кесті.

«Тәжірибе эксперимент арқылы келеді. Халықтың дәстүрлі музыкасы бар, оны ешкім алып, не құртып тастаған жоқ. Ал, сол халықтың дәстүрлі музыкасын бейімдеп, оны қазіргі талғамға сай ремикстеп, аранжировка жасау, оған электронды элементтерді біріктіру арқылы, қазіргі жастардың қабылдауына жағдай туғызуда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мысалы, Ақан серінің «Қара торғай» әнін шетелдік тыңдармандарға, тым болмаса қазіргі өзіміздің жастарға батыстық музыка жасаудың әдістерін пайдаланып, жеткізуге тырысып көру керек деп ойлаймын. Шынын айту керек, дәстүрлі қазақы музыканы қазіргі жастар көбіне тыңдай бермейді. Біздің жобамыздың негізгі мақсаты – дәстүрлі музыканы танымал етуге де көмектесу»,- дейді әнші өзінің шығармашылығы туралы.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.