Сәкен Сейфуллин негiзiн қалаған облыстық «Арқа ажары» газетiне 100 жыл толды

«Тiршiлiктiң үзiлмейтiн ғасыры» атпен өткен облыстық газеттiң ғасырлық мерейтойымен, құттықтауға «Егемен Қазақстан» республикалық газетi АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несiпбек Айтұлы, ҚР Парлмантi Мәжiлiсiнiң экс-депутаты, ҚР Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл және аймақтардан облыстық газеттердiң бас редакторлары келдi.

Облыстық газет 1917 жылдың шiлде айынан бастап «Тiршiлiк» атауымен шыға бастаған. Өзiнiң 100 жылдық тарихында басылым «Жаңа Арқа», «Ақмола екпiндiсi», «Колхоз екпiндiсi», «Есiл правдасы», «Тың өлкесi», «Коммунизм нұры», атауларымен жарық көрiп, талай кезеңдердi бастан кешiрдi. Елiмiз Тәуелсiздiк алған уақыттан бастап газет «Арқа ажары» атымен танымал.

Облыстық «Арқа ажары» газетiнiң 100 жылдық мерейтойымен құттықтаған облыс әкiмi Мәлiк Мырзалин, алдымен көпшiлiкке басылым ұжымын ғасырлық тойымен құттықтаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшы Гүлшара Әбдiқалыкованың құттықтау хатын жеткiздi.

«Өткен ғасырда Сəкен Сейфуллин негiзiн салған «Тiршiлiк» атты шағын газеттен бастау алған бiздiң облыстық газет қазiр өңiрдiң айнасы. Газет редакциясында, — белгiлi ақын — жазушылар, очерк жəне публицистика жанрының майталмандары қызмет атқарды. Олар — Қазақстан журналистикасының айтулы шеберлерiне айналды. Шеберлiк пен iзденiс арқылы газет редакциясы қазақстандық қоғамның жетiстiктерiн халыққа жеткiзуде үлкен рөл атқаруда.

Осы мереке күнi облыстың зиялы қауымын, журналистика саласының ардагерлерiн жəне жас буын журналистердi шын жүректен құттықтап, қазақстандық қоғамның жаңа тарихын жазу жолында табыстар тiлеймiн»,- дедi өз құттықтауында Мәлiк Мырзалин. Шара барысында аймақ басшысы, «Арқа ажары» газетiнiң дамуына үлес қосқан басылым қызметкерлерiн «Алғыс хатпен» марапаттап, газет ұжымына су жаңа автокөлiктiң кiлтiн табыстады.

Атап өту керек, осы күнi Көкшетауда облыс әкiмiнiң орынбасары Айна Мысырәлiмованың қатысуымен Қоғам, мемлекет қайраткерi, Қазақстан Жазушылар одағының негiзiн қалаушы Сәкен Сейфуллин мемориалды тақтасының ашылу салтанаты болды.