Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы құрылыс нысандарымен танысты

Қала әкiмi №18 орта мектептiң 420 орындық қосымша ғимараты құрылысында болып, ондағы мәселенiң мән-жайына қанықты. Биылғы жылдың төртiншi тоқсанында тапсыру көзделiп отырған ғимараттың монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазiргi күнi құрылысшылар әрлеу жұмыстарын қолға алуда. Қажеттi материалдар уақытылы жеткiзiлiп отырғандықтан, жұмыс қарқыны жоғары. Ермек Боранбайұлы маңызды нысан болғандықтан, сапаға ерекше назар аударуды тапсырды. Құрылыс басшыларына мектеп ғимаратын дер кезiнде аяқтау қажеттiгiн қадап айтқан қала әкiмi мемлекет тарапынан құрылыс салуға бөлiнген қаржыны мақсатты тұрғыда тиiмдi пайдалану қажеттiгiн де ескерттi. Мердiгерлерге ғимарат ауласы мен маңайын көрiктендiру жөнiнде де тапсырма жүктедi. Бұдан соң қала басшысы «Боровской» мөлтек ауданында бой көтеретiн балабақша құрылысының аумағында болды. Мердiгер компания — «Мәрмәр» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң директоры Серiк Ешмағамбетов қала басшысына алда атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады. Тұрғындардың өмiр сүру сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын қалаiшiлiк аудандарды көгалдандыру мен абаттандыру бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Қала әкiмi Быковский көшесi, 3, 5 мекенжайындағы тұрғын үй аулаларындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Аулаiшiлiк аумақтарды абаттандыру әзiрленген жобалар негiзiнде жүзеге асырылады. Жұмыс ауқымына асфальт төсеу, жиектастар орнату, балалардың ойын және спорт алаңын дайындау кiредi. Құрылысшыларға жауын жауғанда жол жиегiне су жиналып қалмайтындай етiп жасалуы ескертiлдi. Қала әкiмi сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргiзiлуiн және белгiленген мерзiмiнде аяқтауды тапсырды.

№17 орта мектепте болған кезiнде қала басшысы оқу кабинеттерi мен спортзалын аралап көрдi. Үштiлдiлiк бағдарламасы аясында шәкiрттерге бiлiм беру деңгейiне назар аударды. Мұғалiмдермен болған әңгiме барысында бiлiм берудiң сапасын осы заманғы стандарттарға сәйкес жаңғыртуға айрықша назар аударылды. «Арман» балабақшасына биыл 10 жыл толады. Мекеменiң тамақ блогын, денешынықтыру, акт залдарын, бассейнiн көрiп, оның жұмысына көңiлi толған әкiм қол жеткен жетiстiктi одан әрi баянды етудi тапсырды. Быковский көшесi 3 және 5 мекенжайындағы үйлердiң аулаларын жөндеу жұмыстары әлi де жалғасуда. Алдағы дүйсенбiден бастап мұнда жарық орнатылады екен. Балалар мен спорт алаңдары таяу күндерi дайын болуға тиiстi. Күн суытпай тұрғанда жиналған күл-қоқыстарды тезiрек жинап алған жөн. Есенберлин көшесi №1 мекенжайының ауласында жаңғырту жұмыстары негiзiнен аяқталды. Бұрын қараусыз қалған учаскеде футбол алаңы жасалып, балалар үшiн әткеншек, сырғанақ орнатылды. Осы жұмысты қысқа мерзiмде сапалы атқарып шыққаны үшiн қала басшысы «Көкшетау жолдары» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiне алғысын бiлдiрдi.