Қазақстан бокс федерациясы 2017 жылдың үздіктерін марапаттады

«2017 жылғы үздік боксшы» номинациясы бойынша Гамбургтегі әлем чемпионатында алтын жеңіп алған Қайрат Ералиев жеңімпаз атанды. Ең үздік әйел боксшы Азия чемпионы Мадина Нұршаева болды.

Жасөспірімдер арасындағы үздік боксшы болып жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медальді жеңіп алған Арайлым Бегділда атанды.

«Бокстан ерлер арасындағы үздік жаттықтырушы» номинациясымен Қайрат Ералиевтің жеке жаттықтырушысы ерлер арасындағы ұлттық құраманың жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов марапаталса, «Әйелдер арасындағы бокста үздік жаттықтырушы» атағын  Мадина Нұршаеваның жаттықтырушысы Шамиль Сафиуллин иемденді. 2017 жылдың ең жақсы жаттықтырушының атағы жасөспірімдер құрамасының Азия чемпионатында алты алтын медаль алған Қайрат Сәтжановқа бұйырды.

Қыздар командасының аға жаттықтырушысы Алмас Қуатбеков «Қыздар құрамасының үздік жаттықтырушысы» аталымында жеңімпаз атанды.

Үздік төреші – ҚБФ төрешілік комиссиясының төрағасы Ермек Сүйеніш, үздік аймақтық федерация – Асқар Құлыбаев атындағы турнирдің  ұйымдастырушысы  Атырау облысының федерациясы, ал бокстан Қазақстан федерациясының ең жақсы ақпараттық әріптесі  болып спортшыларымыздың әлем чемпионатында сөйлеген сөздерін бұқараға жеткізген Sports.kz порталы атанды.

Сондай-ақ қазақ боксын дамытуға және жас боксшыларды тәрбиелеу ісінде үлкен үлес қосқан адагерлер Виктор Гребенюк, Александр Аникин, Болат Нұрсейітов пен Рахымжан Сыдықовтарға да құрмет көрсетілді.

Дереккөз24.kz