Қазақстанда жастар саясатының басымдықтары жаңартылды

Жаңа іс-шаралар жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, отбасы құндылықтарын насихаттауға, әскери-патриоттық тәрбиелеуге, тиімді бос уақытын ұйымдастыруға, жастардың бастамаларын және жастар ұйымдарын институционалдық қолдауға, ауыл жастарының мүмкіндіктерін дамытуға, жастар кәсіпкерлігіне, волонтерлік пен халықаралық жастар ынтымақтастығына бағытталған.

Жоспарда ерте кәсіптік бағдарлау бағытындағы жұмысты жүргізу бойынша «Түлектер тақтасы», «БӘЙТЕРЕК-fest» жастар шығармашылық фестивалі, «Туған жер» патриоттық шығармашылық фестивалі, «Жастардың әлеуметтенуі мен дамуы бойынша жалпыұлттық жоба», «Туған жерден-туған елге» Қазақстан Республикасының киелі жерлеріне жоғары сынып оқушыларына туристік жорық ұйымдастыру», «Жастарды әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық мониторинг», «Отбасы сағаты» республикалық акциясын өткізу» және басқа да жаңа жобалардың іске асырылуы көзделген.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» тақырыбын ЖОО компоненті шеңберінде гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға енгізу жоспарланған.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» Бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын ескере отырып жоспарды қабылдау Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңіндегі қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласындағы ведомствоаралық өзара қатынасты күшейтуге, жастармен жұмыста жаңа тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жоспар Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен мүдделі мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары, жастар саясаты саласындағы сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленгенін атап өткен жөн.