Отбасылық дәрігер дегеніміз кім?

Отбасылық дәрігер — әмбебап дәрігер. Отбасылық дәрігердің міндеті — учаскеде тіркелген тұрғындарға тек емханада ғана емес, қажет кезде үйде де медициналық көмек көрсетіп, отбасының медициналық-әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Отбасы мүшелерін жан-жақты тек­серіп, кешенді емдеу жүргізіп отыру. Отбасылық дәрігер Мәдина Серікққызының айтуынша, осыдан 5 жыл бұрын адамдар «Отбасылық дәрігер» сөзіне үрке қараса, қазіргі күні аталмыш мамандар сұранысқа ие.

Біздің емханамыз 17 жылдан бері отбасылық бағытта, тек қана отбасылық дәрігерлермен жұмыс істеп келеді. Отбасылық дәрігерлердің атқаратын қызметі қандай деген сұраққа келер болсақ, жарық  дүние есігін ашқан нәрестені тіркеуге алған күннен бастап, барлық отбасы мүшелерін тексеріп, тіркеуге аламыз. Олардың қауіпсіздіктері біздің жауапкершілігімізде болады. Дәрігердің жұмыс күні пациентті қабылдаудан басталып, аурудың себептерін анықтау, диагностикалау және т.б түрде жалғасады. Шыны керек, отбасындағы ер адамдар жылына бір рет ғана флюрографикалық тексеріске келіп тұрады. Ал денсаулықтарынан қандай да бір кінарат тапсақ, міндетті түрде өзіміз қарап, ем шараларын жүргіземіз.

Мәдина Серікққызы отбасылық дәрігер
Айгүл Хожантаева, ©Baribar.kz

Отбасылық дәрігердің тиімділігі қандай?

Отбасылық дәрігерлік тәжірибе жүйе­сі шетелдік емханаларға өткен ғасырдың 80-жылдары енгізілген. Бүгінгі отбасылық дәрігерлік тәжірибе ісінің отандық ме­дицинаға енгізіле бастауы басқа елдердегі жаңашылықты өзімізде де жүзеге асыру арқылы тұрғындар денсаулығының жақ­саруына, әртүрлі аурулардың алдын алуға септігін тигізеді деген сенім бар. Тәжірибелі маман отбасылық дәрігердің тиімділі туралы да атап өтті.

Отбасылық дәрігердің тиімділігі – тіркеудегі емделушімен қатар, отбасы мүшелерінің де диагноздарын біліп отырасың. Егер жүктілік кезінде немесе басқа жағдайда ағзада өзгеріс пайда болса, отбасы мүшелерінің диагнозына қарап анықтаймыз. Сондай-ақ, отбасының әр мүшесімен консультация жүргізіп, белгілі бір мерзім сайын тексеруден өткізіп тұрамыз. Айта кететін жайт, шетелде бір дәрігердің өзі отбасы мүшелерінің барлық ауруларын: көз, құлақ, т.б тексеруге қабілетті болса, еліміздегі медицинаның дәрежесі ол деңгейге жете қойған жоқ.

Мәдина Серікққызы
Айгүл Хожантаева, ©Baribar.kz

Денсаулықтарына жауапкершілікпен қараса…

Денсаулық – басты байлық дегенімізбен, көзіміз ашық, көкірегіміз ояу қазіргі заманда да сол басты байлыққа көп мән бере бермейміз. Қазір интернет деген жақсы болды. Бір жеріміз ауыра қалса, диагнозды интернеттің ақыл-кеңесі арқылы өзіміз қойып, өзімізді-өзіміз емдейміз. Ал оның соңы орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Осы орайда, Мәдина Серікқызы жас отбасылардың дәрігерге мүлде тексерілмейтіндігін, тек балалы болуға ниет еткенде ғана келетінін айтты.

Кез келген жастың отбасын құрмас бұрын тексерілуден өткені дұрыс. Өйткені, әр адам отбасылы болуға барлық жағынан дайын болу керек. Созылмалы аурулары болса, соның алдын алу қажет. Шыны керек, елімізде дәрігерлердің жұмысы бағалана бермейді. Адамдардың басым бөлігі денсаулықтарына салғырт қарайды және «мен неге ауырамын?» «сендер неге емдемейсіңдер?» деген сұрақтар саналарын улап тастаған. Соған қарағанда, әр адам өз денсаулығына өзі жауапты екенін әлі күнге ұғынбаған секілді. Егер олар меншіктеріндегі бағалы дүниелеріне (үй,көлік,ақша т.б) қарағандай денсаулықтарына да жауапкершілікпен қараса, бәрі де оңай шешілер еді.

Айгүл Хожантаева, ©Baribar.kz

Дәрігерге қаншалықты жиі қаралып тұру керек?

Баланың күтіміне байланысты барлық мәселелер ата-аналарды ең көп мазалайтын сұрақтардың бірі шығар. Маман пікіріне сүйенсек, кішкентай сәбилер ауырмаса да дәрігерге ай сайын әкеліп, тексертіп тұру қажет.

1 жасқа толмаған балалар тексеріске айына бір рет келеді. Ал 1-2 жастағы балаларды 3 ай сайын қарағанымыз дұрыс. Жалпы 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады ғой. Сондықтан, көпшілігі үйіне шақыртып жатады. Мұндай кезде біз түн ортасы болсын уақытқа қарамай барамыз және тексеруге міндеттіміз. Жалпы, науқастарды қабылдауға 4 сағат ғана уақыт беріледі. Содан кейін дәрігерлер өзіне берілген аймақтағы тіркелген тұрғындарды қарайды.

Мәдина Серікқызы
Айгүл Хожантаева, ©Baribar.kz

Өзім туралы

Педиатр мамандығын меңгерген Мәдина Серікқызы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина университетінің аспирантурасын бітірген. Бүгінде Мәдина Серікқызы қызмет ететін мекеменің өзіне бөлінген ауданында 21 бөлімше бар.

Алғашқы қызметімді осы Алматы қаласындағы №15 қалалық отбасы емханасынан бастадым. Оқуды бітіргеннен кейін екі жылдан соң, отбасылық дәрігерлерге арналған 4 айлық курсты оқыдым. 2010 жылы жұмысқа тұрған кезде дүниеге келген сәбилер, бүгінде 3-сынып оқушылары. Ата-аналары басқа бөлімге ауысып кетсем де, әлі күнге дейін іздеп, хабарласып, балаларын тексертіп тұрады. Бүгінгі  күні осы емханада бөлім меңгерушісімін. Бұған дейін әр дәрігерде бір бөлімшенің тұрғындары тіркеуде болатын. Шамамен 2100 пациентті тексеретінбіз. Оның ішінде 600-дей кішкентай бала, 800-ге жуық бала тууға қабілетті әйелдер, қалғандары ер адамдар мен үлкен кісілер.  Қазір жеті  бөлімшеде 15000-ға жуық адам бар. Соларды қарап, тексеріп тұрамыз.

Мәдина Серікққызы
Айгүл Хожантаева, ©Baribar.kz

Соңғы бес жылда педиатр мен терапевттің жұмысы біріктіріліп, бұл мамандар жалпы дәрігерлік, яғни отбасылық дәрігер қызметіне ауысты. Бұл жүйе сонау тоқсаныншы жылдардың басында біртіндеп денсаулық сақтау саласына кіргенімен, 2000 жылдан бастап кең ауқымда қанат жая бастады. Бүгінде қоғам пікірі екіге бөлініп, отбасылық дәрігер керек, бірі керек емес десе де, аталмыш жүйе қолданысқа енді. Сіз, қалай ойлайсыз, Қазақстандықтар отбасылық дәрігерлерге сенім арта ала ма?

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.