«Есеп» партиясы туралы не білесіз?

Біздер өз еліміздің саяси дәстүрін балаң, жас санаймыз. Осылайша, кезінде ұлт мүддесі үшін күресте пайда болған ұйымдар мен тұлғаларды ұмыт қалдырып жатамыз. Baribar.kz редакциясы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өтілген - ұлттық сананың жаңа ғасырға сәйкес жаңаруы тезисіне қолдау ретінде, тарихымыздың беттерінен сирек кездесетін «Есеп» партиясы жөнінде Қарағандылық Махмет Темірұлының жазбалары бойынша тыңғылықты мәлімет беруді жөн көріп отыр.

Туған елінің азаттығын, тәуелсіздігін аңсап, жарғақ құлағы жастыққа тимеген әрі ақын, әрі ғалым Бүркіт Ысқақовтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мектепте оқып жүрген кездерінің өзінде-ақ көкейіне мықтап орнаған асыл арманы үшін кеңес өкіметінің абақтылары мен лагерьлерінде болып, жан төзбес азап шекті. Торға түскен қырандай қанатын кең жая алмай, бойға біткен дарынын толық ашып көрсете алмай, бостандыққа шыққанмен де үнемі КГБ жендеттерінің бақылауында болып, өз көзімен көрген өмір шындығын айқындап ашып жаза алмай қапаста тұншығып өтті.

Коммунистік партия басқарған өкімет қатал тәртіп орнатып, ел қамын жеген алаш азаматтарын жаппай қамауға алып, аяусыз азаптап, бүкіл халықты түршіктіріп отырса да әділетсіз қоғамға қарсылық еш уақытта біржолата өшіп қалған емес. Дозақ азабын басынан өткізгендер мен ондай азап шеккенді көзімен көрген егде тартқан адамдар ғана болмаса, ештеңеден беті қайтпаған, оқып жүрген кейбір жастар туған елінің азаттық алуын, тәуелсіз өз алдына дербес мемлекет болуын аңсап, өз қатарындағы жастардың ұлттық санасын оятуға ұмтылып келді.

Мектепте оқып жүрген саналы оқушылардан бастап, жоғарғы оқу орындарындағы студенттер қазақ халқына жасалып отырған зорлық пен қиянаттарды көздерімен көріп, әділетсіз қоғамға өздерінің наразылықтарын әр жерде, әр уақытта білдіріп отырған. Олар өшіп бара жатқан өз халқының тіліне, дініне, діліне, салт-санасына жаны ашып, келешекте қазақ халқы өзінің ұлттық қалпын сақтай алмай құрып кетеді-ау деп қайғырып, азаттық алса екен-ау деп армандады.

Енді осы абзал азаматтар туралы сөз қозғайық. Қаршадайынан халықтың қамын ойлап, туған елі мен жерін жанындай сүйген Бүркіт Ысқақов сынды азамат өмірге өте сирек келер. Ол мектепте оқып жүрген кезінің өзінде-ақ Кеңес өкіметінің, коммунистік қоғамның әділетсіздігін, халыққа істеген қиянат-зұлымдығын зерделілігінің арқасында ерте аңғарып, оған жан-тәнімен наразы болды.

Жастайынан ой-санасы ерте оянып, дүниеге егде адамдарша көз жіберген, өмірдің алуан түрлі сырларын білуге талпынып қолынан кітап, журнал, газет түсірмеген адам – Бүркіт Ысқақов еді. Оның қатары біздер не асық ойнап, не доп қуып жүргенде ол бізге қосылмай не кітап оқып, не өлең жазып отыратын.

Ауылдың әңгімешіл қарттарымен жиі кездесіп, өмірдің өтіп кеткен құпия сырларын да білуге өте құштар болатын. Олардан жалықпай өлең-жыр, дастандар жазып алып отыратын.

Жүрген жерінде ақын бала атанып, мектепте де, ел арасында да көзге түсіп, қадірлі болды.

Ел өміріндегі қаралы оқиғалардың ең ауырларының бірі болған, кейіннен қуғын-сүргін жылы болып аталған 1937 жылдың күз айларының бірінде менің ойымнан өмір бойы шықпайтындай жағдай болды.

Ол кезде шағын ауылдардағы бастауыш мектепті бітірген оқушылар бұрын Нұра ауданының орталығы болған Қазгородок деген жерде жатақханада жатып оқиды.

Бір күні мектептегі барлық мұғалімдер мен оқушылардың басын қосқан үлкен жиналыс өтті. Мұнда мектеп директоры Коммунистік партия мен Кеңес өкіметінің «қырағылығының» арқасында көптеген «халық жауларының» әшкереленіп жатқаны туралы хабарлады. Олардың ішінде кітаптарын үнемі құмарлана оқып жүрген белгілі ақын-жазушылар: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер де бар еді. Алғашқы кезде таңғалып, абыржып қалсақ та директордың тәптіштеп «түсіндіруінен» кейін олардың «нағыз жау» екендігіне толық сеніп қалғандай күй кештік.

Жиналыстан кейінгі жұмысымыз жаулардың кітаптарын өртеп, құрту болды.

Күндізгі кітап өртегенімізге масаттанып біздер үлкен бір іс тындырғандай жатақханада шырт ұйқыда жатқанбыз. Бір уақытта бір бөлмеде бірге жатқан бәріміз де: «Ойбай, Сәкен өртеніп кетті-ау!» – деген жыламсырағандай боп шыққан дауыстан шошып ояндық. Бөлменің іші тастай қараңғы. Жаға қоятын шам жоқ. Қараңғыда кімнің ұйқысырап айғайлап жатқанын бірден аңдай алмай қалдық. «Ойбай-ай, бәрі де өртеніп кетті-ау» – деп қайта-қайта дауыстап, артынан өксіп-өксіп жылайды. Дауыс шыққан жаққа жүгіріп барып байқасақ, бұл – Бүркіт Ысқақов екен.

«Өй, саған не болды бәрімізді шошытып, шырт ұйқымыздан оятып?» – дейміз не болғанын біле алмай.

Сөйтсек, біздер ойымызда ештеңе жоқ жай ғана күліп ойнап, кітаптарды быт-шыт қылып жыртып өртегенге мәз болып жүрсек, ол күндізгі өртеніп кеткен кітаптарға да, авторларына да жаны ашып, қатты күйзеліп жүрген екен ғой.

Біздер тәтті ұйқыда жатқанда ол көп уақыт ұйықтай алмай жатыпты. Әбден қалжырап ұйықтап кеткенде түсінде Сәкен, Бейімбет, Ілиястар маздаған оттың ортасында лаулап жанып жатқандай болып көрінген. Тіпті Сәкеннің: «Құтқарыңдаршы!» – деген даусын естиді. Бұл оларды құтқарып алайын десе, орнынан екі аяғын басып тұра алмай қалады. Олар лаулап өртеніп жатыр. Жаны қатты ашиды, бірақ оларды құтқара алмай амалсыздан шыңғырып, өксіп-өксіп жылаған екен ғой.

Осы көрген түсінен кейін Бүркіт көпке дейін ойын-күлкісіз болып, көңілсіз жүрді. Тіпті өзінің жақын туыстары қайтыс болғандай қайғырды. Кейін біздерге: «Соларды жазалағандардың өздерін жазаласа ғой, шіркін», – дейтін.

Оның бұл сөзіне басқаларымыз таңдана қарап: «Мынаның халық жауларына жаны ашығаны несі екен-ей?» – деп ойлайтынбыз. Ол кезде мұғалімдер не айтса, біздер соның бәріне қалтқысыз сенетінбіз. Сондықтан біз оған үрке қарап: «Өй, сенің бұл айтып жүргенің не, мұны естісе мұғалімдер ұрсады ғой» – дегенде ол бізге сабырлы, байсалды түрде: «Сәкендердің халыққа жасаған ешқандай қиянаттары да, қастықтары да жоқ. Осының бәрі де оларды көре алмаушылардың жаласынан болып отыр», – дейтін. Бүркіттің бұл сөздері бұрынғы естігеніміздің бәріне бірдей сене беретін біздерді ойландыра бастады. «Мұның да айтып жүргені дұрыс шығар» деген пікірге келе бастадық. Ақыры оның айтқандарын күн сайын естіп жүріп, бірыңғай оның ықпалына көштік. Сөйтсек, сол кездегі қоғамның әділетсіздігін, халықтың басына түсіп отырған қиыншылықтарды жастайынан аңғара білген, Бүркіт алғыр да аңғарғыш жан екен.

Кейінгі студент болған жылдарымызда ол бізге тіпті қатар жүрген құрбы емес, көп затты көрсетіп, үйретіп жүрген ұстаздай болды.Оның көп білетіндігіне, алғырлығына еліктей жүріп, ол «Елін сүйген ерлер партиясын» ( ЕСЕП) құрған кезде біздер оны қуана қолдап шыға келдік.

Мектепте оқып жүрген кезінің өзінде «Жас әдебиетші» деген үйірме құрып, көп оқушыларды өзінің маңайына топтастырып алды.

Біз өз үйірмемізді әдебиеттен сабақ беретін Баймолдин Мұхамеджан деген мұғалімнің қолдауымен жүргізіп отырдық. Мектептегі оқу біткеннен кейін жиналып алып әдеби кітап оқимыз. Әрқайсымыз оқып келген кітаптарымыз туралы өз пікірімізді айтамыз. Мұғалім біздерге тек қана «халық жауларының» шығармаларын оқи көрмеңдер деп қатты тапсырып қойған.

Бір күні Бүркіт талқылап оқимыз деп Сәкеннің «Қызыл ат» поэмасын алып келді. Біз бұған үрке қарадық. Өйткені Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың шығармаларын жинап алып өз қолымызбен өртегенбіз. Олар «халық жауы». Тіпті олардың атын атап шығармаларын оқыған, не ауызша айтқан адамдарды да «халық жауы» деп соттап жіберетін. Мұны бәріміз де жақсы білеміз.

Бүркіт біздерге Сәкенді ерекше сүйетіндігін айта келіп, «Қызыл ат» поэмасын мәнерлеп оқып берді. Поэманы талдай келіп, әңгімені қазақ халқының 1932-1933 жылдардағы аштан қырылуы туралы өрбіте түстік. Бәріміз де аштық нәубетін көзімізбен көріп, басымыздан өткерген екенбіз. Осы өзіміз оқып жүрген Казгородок селосында адамдар аштықтан суық ұрған шыбындай қырылған екен. Нәр татпаған, әбден қалжыраған аш-арықтар күресінде де, көше бойында да, үйлердің ығында да, қоралардың ішінде де өліп қала берген. Қыс бойы қар астында қалып қойып, жаз шыға иістеніп саси бастаған адамдарды кез келген шұңқырларға апарып үйіп тастай берген. Қазақты біржолата тып-типыл ғып құрта жаздаған бұл сұмдық оқиға жайында ол кезде ешкім ауыз ашып айта алмайтын.

Ал біз Бүркіттің әр нәрсені аңдап білуге құмарлығының арқасында сол қазақ қайғысы жайында алғашқы рет түсінік алдық. Бұл біздің жас жүрегімізді шымырлата жараландырып, сол қоғамға деген сүйіспеншілігімізді суытып, өмір бойы өшпес дақ салған еді.

Қалайша жүректі жараламасын?! Сол көзбен көріп, бастан кешкен қаралы күндер қазақ тарихында болған ең ауыр қайғылы кезең еді. Жалпы алғанда Кеңес өкіметінің қол астында болып келген халықтардың ішінде қазақ халқы қорлықты да, зорлық- зомбылықты да көп көріп, қырғынға көп ұшыраған халық.

1921-1922 жылдары халықты қан қақсатып қолдарындағы малдарын, азық-түліктерін тартып алып, халықты үлкен қырғынға ұшыратты.

1925 жылы Қазақстанды басқаруға Сталин өзінің сенімді қолшоқпары Голошекинді жіберді. Ол келе сала қазақ халқына қырғидай тиген. 1928 жылдың күзіне қарай 700 ден аса қазақ байларының мал-мүлкін талауға салып, өздерін үй іштерімен жер аударған. Шал, кемпірлер мен жас балалар баратын жерлеріне жете алмай жолшыбай қаза тапқан. Қазақ халқына ауыр қайғы, зор апат болып келген қаралы күндер 1930 жылы жаппай колхоздастыру кезеңінен басталды. Бай, кедей деп қазақ арасына жік салып, байлардың малын құртып алғаннан кейін, колхозға, ортаға жинаймыз деп бүкіл халықтың күнелтіп отырған малының түгін қалдырмай сыпырып алды. Малдан басқа еккен егіні, жейтін жемісі жоқ бүкіл халық аштыққа душар болды да қалды. Момын халықтың көбісі аштан қырылып, жолын тапқандары жан сауғалап шетелдерге ауып кетті.

Жоқ шығар мұндай сұмдық халық көрген,

Үркердей адам қалды қалың елден.

Бірі де «Елім-ай» деп қоштаса алмай,

Булығып соның бәрі аштан өлген.

Мешін жыл титықтатып түпке жетті,

Қазақтың сонан бастап сәні кетті.

Айрылып тілден, діннен, жақсы әдеттен

Құрдымға түбі терең бұрды бетті.

1. Қазақ халқы мұндай қырғын аштық апатына ұшырамағанда қазір де жалпы саны 24-25 миллионға жетіп, тілін де, дінін де, ділін де жоғалтпай, іргелі, беделді халық болып отыратын еді.

Өзіміз көзімізбен көрген 1937-1938 жылдарындағы «халық жауларын» құрту науқаны елдің үрейін алып, халықты қатты сескендіріп, еңсесін біржолата түсіріп тастаған еді.

Өзімізбен бірге оқып жүрген құрбыларымыздың әкелерін «халық жауы» деп ұстап әкеткенде артында қалған әйелдері мен балаларының жағдайы өте аянышты болатын. Ол үйдің адамдарына жай ғана көрші-қолаң түгіл, туыстың өздері де «қырсығы тиіп кетеді» деп үйлеріне кіргізіп, бір үзім нан да бермейтін болды. Кейбір жас баласы бар әйелдердің паналайтын жер таба алмай айналада баласын құшақтап жатып өліп қалып, ит- құсқа жем болғаны ғана естілетін.

Әзірше аман жүргендердің өздері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Қастық ойлаған адам біреуді: «Бұл халық жауларының сыбайласы» десе болады, ол із-түз жоқ ұсталатын да кететін.

Халықтың қорғалап, үрейленіп қалғаны сонша, ауылға қызыл жағалы милиция қызметкерлерінің бірі келе қалса, үйдегі адамдар ол кеткенше далаға шықпайды.

Бір күні бір милиционер өзінің шаруасымен басқарманың кеңсесіне келеді. Ол шаруасын бітіріп шығып келе жатқанда қарсы алдынан бір қарт кісі кездесе кетеді. Милиционер оған сәлем беріп, қолын ұсына бергенде шал баж ете қалады: «Ойбай, мен халық жауы емеспін, құлыным-ай, мені тұтқындай көрмеші» – деп талықсып құлап түсіпті.

1940-41оқу жылында бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға түстік. Олар ауылдағы әдебиет үйірмесінің мүшелері: Елеш Бимағанбетов, Бүркіт Ысқақов, Дәкен Шалабеков, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров, Аманжол Дүйсенбаев, Махмет Теміровтар еді. Сөйтіп білім қуалап, дүниені кеңірек тануға құштарланған студенттік өмірдің ішіне кірдік те кеттік. Бүркіт мұнда келгеннен кейін тіпті жайнай түсті, бұрын оған таныс емес жат ортаның өзі оны құшақ жайып қарсы алғандай болды. Ол жалындаған жас ақын. Оқытушылардың да, студенттердің де арасында абыройы аса берді.

Бізде тарих сабағы жүріп жатқан, кезекпен карта алдында тұрып жауап беріп жатырмыз. Сабақ өткізіп отырған мұғалім Қабзәкір Байтасов еді. Ол өзінің лекциясын өте тартымды етіп оқитын. Біз оның сабағына құштарлана қатысып, өзін өте құрметтейтінбіз.

Жауап беру кезеңі Бүркітке келді. Оқытушы оған күлімдеп қарап отырды да: «Сен, шын ақын боласың, осы картаға қарап тұрып көп ойланбастан бір ауыз өлең шығарып берші» – деді. Сонда Бүркіт қомданған бүркітше ширыға түсті де көп ойланбастан, саспастан мына өлең жолдарын айтып берді:

Уа, Азия, ұлысың,

Ұлылығың құрысын

Құрысын демей не дейін,

Еуропаның құлысың.

Мұны тыңдап отырған оқытушы да, демімізді ішімізге тартып алып тапжылмай отырған біздер де оның ақындық алғырлығына өте риза болып сүйсініп қалдық. Студенттердің риза болғандары сондай, тіпті ду етіп қол шапалақтап жіберді.

Бүркіт дүниедегі болып жатқан саяси оқиғаларға ерекше көңіл аударып отыратын. Шет елдердің мемлекеттік құрылыстарын да, ондағы өмір сүріп жатқан саяси партияларды да жақсы білетін. Шаруашылығы дамыған АҚШ, Англия сияқты капиталистік елдер де бірнеше партиялардың қатар өмір сүретіндігін, мемлекет басына сайлауда қайсы дауысты көп алса, сол партия билікке ие болатындығын айтып берді де:

«Біз де халық қамын ойлайтын жаңа партия құруымыз керек. Ол партия негізінде халық мүддесі үшін ғана, тек елі үшін ғана еңбек етуі тиіс. Тіпті өзіміз басымыздан кешкен аштық жылдары қазақ халқы біржолата құрып кете жаздады. Бұл біздің халқымыздың мүддесін қорғайтын партияның жоқтығынан. Біздерді ел ғой деп елеп, жаны ашыған ешкім болмады. Компартия ештеңе болмағандай, тіпті біздің қырылып қалғанымызға қуанғандай уралап жүре берді. Біздің халық жоқ боп кетсе де қынжылатын емес. Ендеше жан аямай ел үшін еңбек ететін жаңа партия керек емес пе?» – деп жауап күткендей бізге қарап тұрып қалды. Оны ұйып тыңдап отырған біздер бірден келісе кетіп: «Әрине, керек» – деп шу ете түстік. Ол өзін бірден қолдай кеткенімізге риза болып: «Ендеше жақсылап ойлаңдаршы, ол жаңа партияны қалай деп атауға болады?» – деді біздерге күлімсірей қарап. Әрқайсымыз өзіміздің ойымызға келген әртүрлі аттарды атап жатырмыз. Тіпті өзімізге ұнаған атауды жылдамырақ өткізіп жіберіп, үлкен абырой алғымыз келеді. Талқылай келе олардың бірде-бірі ұнамады. Ақыры Бүркіт өзінің ой елегінен өткізіп, осы дұрыс болады-ау деп есептеп жүрген жаңа партияның атын сенімді түрде жария етті. «Жолдастар, – деді ол, – біздің партиямыз «Елін сүйген ерлер партиясы» деп аталады. Осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы партияның мүшесіміз. Елдің қамын партия ойлайтын болса, халық еш уақытта күйзеліске ұшырамас еді» – деді ол шабыттана сөйлеп.

Сөйтіп, өзіміз бір жаңа саяси партия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уақытта оның программасын да, уставын да қабылдамақпыз. Партияның басшысы етіп Бүркітті сайладық. Біздер студенттер мен оқушылар үгіт жүргізіп, пікірлестеріміздің санын көбейтпек болдық. Қазіргі қатарымыздағы партия мүшелері деп мыналарды есептедік. Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров – бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Бұлардан басқа ауылда жүрген пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептеледі. Олар: Рақыш Буйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдалы Кенжебаев (Мақуов кейінгі фамилиясы), Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбековтер еді.

Біз партиямыздың атын қысқартып «ЕСЕП» деп қана айтып отыруды ұнататын едік. Біздің мұндай жастық албырттықпен істеген ісіміздің, айтылған сөздеріміздің күндердің күнінде өзімізге соққы боп тиетіні ойымызға кіріп те шыққан жоқ. Қайта осы ойымызды, осы мақсатымызды өзіміз қатарлы құрбы-құрдастарымызға кең тарата түсуге тырыстық.

Бүгінгі пікірлестеріміз аз болса да, алдағы уақытта мыңдаған адамға жетеді – деп сенеміз батылдана сөйлеп. Әрине ол кездің қатал тыйымы, қатал жазасы болмаса, оның солай өсіп кететіні де рас еді.

Бүркіт институттағы барлық студенттермен жалықпай әңгімелесіп, өзімен пікірлес етуге тырысатын. Біздермен пікірлес деп тарих факультетінің студенттері Нүркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайриддендерді айтатын.

Институтта Бүркітпен жақсы дос, пікірлес болғандардың бірі- Жаппар Өмірбеков болатын. Екеуі де жайнап өсіп келе жатқан жас ақындар. Өлеңдері сол кездері «Қарағанды пролетариаты», «Қарағанды комсомолы» газеттерінде шығып тұрды. Бүркіттің әңгімесін естіп, тыңдаған құрбыларының бәрі дерлік оның пікірін қолдап шыға келетін. Тіпті «ЕСЕП» туралы естіген жастар оған тікелей сүйіспеншілік білдіріп отыратын. Біртіндеп тілектестеріміздің саны өсе берді. Оның ішінен Бүркіттің ерекше атайтындары: Оңайбек Құдышұлы, Орынбай Айтмағанбетовтер еді.

Біздер қандай жаңалық болса да жылдам қабылдап, өмірдегі болып жатқан барлық құбылыстарды біліп алайық деп құмарланып, құлшынып жүргенде ол бізге тағы да бір тамаша кітап әкеліп оқыды. Бұл кітап Сәбит Мұқановтың «ХХғасырдағы қазақ әдебиеті», 1-бөлім «ұлтшылдық дәуірі», Қазақстан баспасы, 1932 жыл, Қызылордада латын әрпімен басылып шыққан кітабы екен.

Біз бұл кітапты түстен кейін инстиуттағы лекциялар бітісімен оқып, тыңдай бастаймыз. Тыңдағанда тіпті бас көтеріп қыбырламаймыз. Бұрынғы біз оқып жүрген басылымдарда Алашорданы және оның көсемдерін нағыз халық жаулары деп жазатын. Бұл кітапта да оларды солай көрсетпек болған. Бірақ оны толық оқып шыққаннан кейін халықтың нағыз досы «Алаш партиясы» екен-ау деген көңілге толық сенім орнады. Оның көсемдерін де, оларды жақтаған, мадақтаған, тілектес болған ақындарды да елін, жерін қалтқысыз сүйіп еңбек еткен, періштедей жаны таза нағыз асыл жандар екенін түсіндік. Кітаптағы мысалға келтірген өлеңдердің бәрін дерлік жазып алып отырдық. Өйткені бәрі де халықтың мұң мен зарын өздерінің жаралы жүректерінен шығарып көрсеткен ғой. Жүректі жарып шыққан шерлі өлеңдер біздердің жас жүрегімізді оятып, жас балаша тербететін еді.

Мысалы, Ахаңның:

Қазағым елім,

Қайқайып белің.

Сынуға тұр таянып,

Талауда тұр малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып!

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын не бар сиқың?!

Осы бір ауыз өлеңнің өзін ақынның өте көрегендікпен айтқан, келешекті дәл болжаған данышпандық пікірі деп түсіндік. Бұл өлең жолдары 1911 жылы жазылып, алда болайын деп тұрған қазақ халқының басындағы қайғылы оқиғаларды қапысыз дәл тауып, болжап айтқан.

Сәбит Мұқановтың бұл кітабында Алашорда партиясын, оған тілектес ақындарды үстем байлар табының мүддесін қорғаушылар болды, нағыз ұлтшылдар болды деп түсіндіргені, өзінің осы пікірін дәлелдеу үшін мысалға келтіріп отырған өлеңдері біздің жүрегімізге жылы тиетін еді. Міржақып Дулатовтың мынандай өлең жолдарын оқығанда:

Кез болған соң кер заман біздің баққа,

Жау жарағын асынып, міндік атқа.

Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын

Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.

Азаматы алаштың,

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мініп, ту алып

Баптанатын күн туды.

– Шіркін, сондай күн біздерге де туа қалса, жан аямай ел намысын қорғар едік-ау – дейміз. Біздің қатарымыздағы Бүркіттен кейінгі көп оқитын да, көп ізденетін де Елеш еді. Олар бір күні бәрімізді де ойға қалдырған мынандай пікір айтты:

– Ашаршылық жылдары сан адам тектен-текке қырылды. Біздің топалаң тиген қойдай жусап, сасып-шіріп жатқанымызды қарға-құзғыннан басқа ешкім елең қылмады. Сол қорлықпен өлгендердің ең болмаса біразы қолдарына қару алып, қан майданда айқасып өлсе, олардың кім екенін, жалпы қазақтың кім екенін білер еді-ау. Шіркін –деді, ашуға булыға сөйлеп, өкінішті үнмен.

– Сонда біз келешекте не істеуіміз керек? – десеміз бір-бірімізге қарап, бұл сұрағымызға жауапты Мағжанның:

Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай?! –

деген өлең жолдарынан тауып алғандай болып қуанамыз. – Ендеше біздер келешекте бар өмірін қазақ халқының азаттығы, тәуелсіздігі үшін сарп еткен Абылай мен Кене хандардың жолын қууымыз керек –деп келістік.

Сөйтіп институттағы студенттік өміріміз білімге құштарлық, ізденіс жолында қызықты болып өтіп жатты.

Шындығында Бүркіттің ой-өрісі, оқып-тоқығаны бұл кезде өз қатарынан әлдеқайда жоғары болды. «ЕСЕП» партиясын құрдық деп жариялағаннан кейін оны жол көрсетіп отыратын өзіміздің көсеміміз деп есептедік.

Қазақстанның өз басында еркі жоқ, тек қана Кеңес өкіметінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында отырған тәуелді ел екенін де миымызға сіңдірген Бүркіт еді. Осыдан бастап біздің жүрегімізге туған халқымыз келешекте өз алдына тәуелсіз дербес ел болса-ау деген арман мықты орнады. Енді осы азаттық жолында жан аямай күрессек деп қиялдадық.

Біздер өзіміздің мақсатымыз, бағдарламамыз есебінде мынандай ойда болдық және солай болады деп толық сенімде болдық.

Қазір де бүкіл дүние жүзі үлкен оқиғаның қарсаңында тұр. Жер шарының алтыдан бір бөлігінде мықтап орын теуіп, басқа жерлерге де тамырын жая бастаған коммунизм идеясының қатерлі қаупінен сақтану мақсатында өзара одақ құрып, батыстан Германия, шығыстан Жапония КСРО-ға қарсы жорық жасауға дайындалуда. Бұларды коммунизм қаупін сезген барлық мемлекеттер қолдауға тиіс. Бұл жорықтың нәтижесінде коммунизмнің негізгі ордасы КСРО талқандалып шықса, оның құлдық бұғауында отырған халықтарға өз алдына жеке-жеке тәуелсіз мемлекет болып шығу мүмкіндігі туады. Міне осындай қолайлы жағдай туа қалса, біздер, жастар дайындықсыз отырып, қапыда қалып қоймауымыз керек. Сондықтан келешекте жастардың ұлттық ой-санасы оянып, олар өзінің туған халқының мүддесі, намысы үшін жан аямай күресуі керек. Біздің бұл құрып отырған партиямыз тек қана ел мақсаты үшін еңбек ете білетін «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқаша айтқанда «ЕСЕП», яғни халқын қалтқысыз сүйетін жастар ұйымы. Біздер осы ойымызды барлық жастарға, студенттерге кең таратпақ болдық. Біздердің негізгі мақсатымыз қазақ жастарының ұлттық ой-санасын, ұлттық намысын ояту еді. Осыны орындау үшін студенттер мен оқушылар арасында құпия түрде үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жүрген кезімізде 1941 жылы 22 маусымда сұрапыл соғыс басталып кетті.

Бүркіт туралы ақын Жаппар Өмірбеков «Қайсар ақын, тынымсыз ғалым» деген (Б.Ысқақовтың 70 жылдығына арналған) мақаласында былай деп жазған еді: «Ол жасынан өзінше ойлап, көзқарасын ашық айтып жүретін. Соғыс уақытында Сталин туралы бір ауыз өлең шығарғаны есімде:

Жастарды айдап ұрысқа,

Қарттарды айдап жұмысқа,

Қан қақсатты халықты

Осынысы дұрыс па?!

Ол кезде мұндай өлең үшін жазалау орындарына түссе, соттап жіберетін. Бүркіт кешікпей әскерге кетіп барып құтылды. Құтылды дегенім уақытша, кейін 1951 жылы 25 жылға сотталғанда, бұл өлең басқа да «қылмысына» қосылды ғой. Пәленің басы біздің институтта жүргенде қазақ тарихы мен әдебиетін зерттей оқу ретінде «ұлтшыл, байшыл» алаш ақын-жазушыларының қолға түскен кітаптарын оқуымыздан басталды. Соның өзіне бола жазалап жіберетінін білмеппіз… 1944 жылы «Елін сүйген ерлер партиясы» деген ұйым аштыңдар деп, Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемовтермен бірге мені де тұтқынға алып, алты-жеті ай бойы қатты тергеді. Сөйтсе, Рүстемовке Бүркіт Ысқақовтың айтуы бойынша, жоғарыдағы ұйымның басшылығында мен де болыппын. Зейнолла Әбділдин бастаған жас жігіттерді бір-екі ай бұрын түрмеге отырғызып, солардың сөздерін дәлел ғып мені ұстапты…

Бір ақиқаты – Бүркіттің «ЕСЕП» ұйымына мені мүше болды деп айтқаны рас болып шықты. Себебін өзінше түсіндірді: «Ұйым құру үшін, Айтбай екеуіңнің имяларың керек болды. Ол кезде мен жай ғана студент едім ғой… түбі насырға шабатынын байыптап жатпаппын. Бұл да албырт жастықтың бір мысалы.

Ал Бүркіттің саяси көзқарасы неге осынша ерте жетілген? Неге ұлтжанды бола қалды? Бұған жауапты өзі былай түсіндіретін: «Сәкен Сейфуллин, Алтыбармақ (А.Асылбеков), Нығмет Нұрмақовтардың ұлтшылдық қылмысы жоқ, демек, 1937 жылы атылып, асылғандардың бәрі нақақтан құрбан болды». Тіпті сонау қырқыншы жылдардың басында сталиндік жауыздықтың сырын Бүркіт ақын бәрімізден бұрын түсінген. («Орталық Қазақстан», 10 желтоқсан, № 145, 1994 жыл).

Жаппар Өмірбеков жазып отырғандай Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемовтерді қатты қысымға алып: «Қоғамға қарсы мұндай жат пікірді сендерге кім үйретті» – дегенде бәрі де Бүркіттің атын атаған. Олардың мұнысы оған жапқан жала емес, шындықты жасырмай айтқандары еді. Ал Бүркіт бұл кезде қан майданда. Ол соғыс аяқталмай қолға түспейді. Соғыстан тірі оралса, түбі «керек» болатын азамат екен деп КГБ жендеттері оны қара тізімге тіркеп қойған. Жастардың бұл тобы өз кезінде қатаң жазаланғанымен де әділетсіз қоғамға наразылық жастар арасында еш уақытта тоқтап қалған емес. Алпысыншы жылдардың бас кезінде қоғамға қарсы пікірі бар деп сезіктенген студенттерді кейбір қалаларда қамауға алып, жазалап отырған. Осы кезеңде Қарағандыда институтта оқып жүрген Кәрім Сауғабаев, Мақсым Омарбеков, Кәмел Жүнісов, Зейнолла Игіліков сияқты студенттерді қамауға алып, бұларға да «ЕСЕП» деген ұлтшыл ұйым құрып Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргіздіңдер деп айыптап, институттан шығарып, қатты қысым көрсетіп, тіпті Кәмел Жүнісов пен Зейнолла Игіліковтерді соттап жіберген.

1941 жылы әділетсіз қоғамға қарсы ұйымдастырған Бүркіт Ысқақовтың «ЕСЕП» ұйымы өз қолдаушыларын тауып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмыстарын әрі қарай бірінен соң бірін жалғастыра берген. Сөйтіп мұны қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяға қарсы шыққан жастар қозғалысы деп қазақ тарихына еркін кіргізетін оқиға. Бұл жастар қауіп-қатерден қаймықпай, туған елінің тәуелсіз болуын аңсап шыбын жандарын осы жолда пида қылуға да даяр, туған елін қалтқысыз сүйген нағыз патриоттар еді. Бұлардың азаттықты аңсау идеясы 1986 жылғы желтоқсан оиғасымен келіп ұштасты.

«Қардың басын қар алады, ханның басын хан алады» дегендей Гитлер де, Сталин де бірін-бірі құртпай тынбайды. Бұл соғыста Кеңес өкіметі жеңілсе, амалсыздан күшпен бірігіп отырған одақ ыдырайды да ұлт өз алдына дербес тәуелсіз мемлекет болуына мүмкіндік алады деп ойладық.

Енді міне, біздің халықты құртатын қырғын тағы басталды. Қазір де қазақтың әйелдерінен еркегінің саны әлдеқайда көп. Мұнда үлкен себеп бар. Аштық жылдары балаларына қоректік ештеңе тауып бере алмай жүрген бейшара ата-аналар тұқымымыз біржолата құрып кетпей, артымызда ең болмаса ер баладан бір ұрпақ қалса-ау деп армандаған. Бәріне бірдей жетпейтін болмашы бірдеңені ер балаға ғана берген. Аштықтан әупірімдеп зорға қалған сорлылардың көбісі арттарына ұрпақ та қалдыра алмай қырылайын деп отыр. Енді халықты аман сақтап қалу үшін не істеу керек? Қалай ойлайсың? – деп, Бүркіт менен жауап күткендей тесіле қарады. Мен не жауап берерімді біле алмай қалдым.

– Ендеше, – деді ол, – мүмкіндігі болса, соғысқа бармау керек. Біз кімді қорғап, кім үшін соғысамыз. Бізде жанды салып қорғайтындай тәуелсіз болып отырған өз мемлекетіміз бар ма? Әрине жоқ. Кеңес одағы деп отырғанымыз еріксіз қамалған халықтардың абақтысы.

Коммунистердің негізі мақсаты – өз үстемдігін дүние жүзіне тұтас орнату. Ендеше осы көптің арасына сіңіп кетсе, қазақ сияқты шағын ұлттар өзінің ұлттық қасиеттерінен жұрдай болып айрылып, адамзат қоғамынан, өмірден өшіп те кетеді. Олай болса, өзімізді құртып келе жатқан, тіпті біржолата жоқ қылатын ойы бар қоғамды, мемлекетті не үшін қорғаймыз? Бізге оның аман қалуы емес, күйреп жеңілуі керек деген пікірге тоқтадық.

1942 жылдың жаз айлары. Кеңес одағының оңтүстігінде Сталинград бағытында қырғын соғыс жүріп жатқан кез. Енді Бүркіт екеуіміз де майданға аттанбақпыз. Алдағы уақытта біз не істейміз деген сұраққа – әуелі, сен, мынаны тыңда деп мынау өлең жолдарын оқып берді:

Жастарды айдап ұрысқа,

Қарттарды айдап жұмысқа,

Отырғаны советтің

Ойлаңдаршы, дұрыс па?!

Мен күлімдей қарап тыңдап тұрмын.

Оған жауапты өзі қайтарды:

Жоқ, бұл жатпайды дұрысқа,

Жатпаса бұл дұрысқа,

Барма жастар ұрысқа!

Барма қарттар жұмысқа!

Біз әскерге бармауды өзімізден бастадық. Қазақтардың қырғынға бармай, қарсылық көрсетіп, әр жерде топ құрып жүргендері бар деп естідік. Енді біз соларға қосылмақ болып бел будық. Солармен қосылып, қолымызға қару алып еліміздің азаттығы үшін айқассақ-ау деп армандадық. Осы оймен олардың бір тобын іздеп келе жатқанда орта жолда олардың чекистермен атысып, қолға түскенін естідік. Бұлардың басшыларын азаптап өлтіріп те жіберіпті. Қалғандарын қатты қысым, азапқа түсірген. Біз амалсыз кейін оралдық.

Күн суытып, қыс түсуге таянып келеді. Алғашқы қар жауып, қан сонар болған күні бізді де ізіне түсіп індеткен түлкі мен қарсақтай қылып ұстайды да алады. Одан да өзіміз барып, кешірім сұрайық деп келістік.

Ақыры Бүркіт көп кешікпей майданға аттанып кетті. Мен кейінірек еңбек майданында болдым. Соғыстан кейін Бүркіт КарМУ-ды бітіріп, «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрді. Мен шет тілдер институтының ІІІ курсында ағылшын тілі мамандығы бойынша студентпін.

1950 жылдың желтоқсанында «Правда» газетінде Шойынбаев, Айдарова және Якуниндердің «қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақаласы жарияланды. Бұл мақалада Ермұхан Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген кітабы қатты сыналған.

Мақаланы оқып шыққаннан кейін Шойынбаевтарға зығырданымыз қайнап, Бекмахановқа сүйіспеншілігіміз өсе түсті.

Қазақтың келешегі зор жас ғалымдарының бірі – Е. Бекмахановқа күйе жағу не деген сұмдық, өскендерін өшіргісі келіп тұратын күншілдікті бұл қазақ қай уақытта қояды? Жайылып жатқан Сарыарқаны, бүкіл қазақ даласын қызғыштай қорып, шыбын жанын шүберекке түйген, патша үкіметінің басқыншы жендеттерін туған жерден қуып шығып, еліме еркіндік әперсем деп жанталасқан Кенесарыны қаралау не деген масқара?! Кенесары өзінің Абылай атасының жолын қуған алаштың абзал азаматы ғой.

Үш жүздің басын қосып, ру-руға бөлініп, бытырап жүрген қазақтарды біріктіріп, қатерлі жауға қаймықпай қарсы шыққан Абылайдың аруағына қалай бас имессің?! Егер Абылайдай данышпан, айлакер, жаужүрек ұл тумағанда қазақтың жоңғар қалмақтарының табанында тапталып қалуы да мүмкін еді – дейміз маңайымыздағы жолдастарымызға. Олардың ішінде біздің бұл пікірімізді КГБ жендеттеріне жедел жеткізген қара ниет сатқын адамдардың бар екенін кейін ғана білдік. 1951 жылы екеуміз де қамауға алындық. Бес-алты ай бойы азапты тергеуді бастан өткіздік. Ақыры 1951 жылдың 14-15 маусымында Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты РСФСР қылмысты істер кодекісінің 58-бабының 10-11 тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақовты, Махмет Теміровты (осы мақаланың авторы), Айтбай Нарешевті 25 жылға соттап, қосымша 5 жыл адамдық құқымызды айыру туралы үкім шығарды. Бізбен бірге Жекен Қалиевті, Мұстахым Азанбаевты, Рамазан Нарешевті 10 жылға, Адырбек Аманқұловты 8 жылға соттады.

Сөйтіп бізді «халық жауы» деген қара тізімге тіркеп, Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық ұйым құрған, ұйымның мақсаты Орта Азия республикалары мен Қазақстанды кеңес мемлекеті құрамынан бөліп алып, Түркияның қолдауымен буржуазиялық ұлттық мемлекет құру болған, кеңестік құрылысқа қарсы үгіт- насихат жүргізген, тыйым салынған әдебиеттерді көпшілікке таратып отырған деп айыптады. Бұл айыптау қорытындысы Бүркіт екеуміз үшін жабылған жала емес, нағыз шындық. Қолымыздан ештеңе келмесе де солай болса-ау деп армандағанымыз айдан анық. Шамамыз келсе, кеңес өкіметін аяп қалайық деген жоқ едік.

Сонымен бес-алты жыл бойы лагерьдегі ауыр азапты бастан кешіп, 1956 жылы елге оралдық. Елге келсек, Қазақстанның шұрайлы жерлерінің бәріне де батыстан қара шегірткедей қаптатып, қара жердің шаңын бұрқыратып, қалың тобырды алып келіпті. Жазалы боп сотталғандарды да, туып өскен жерлерінен еріксіз көшірілгендерді де қаптатып әкелгені аздай-ақ, тың жерлерді игереміз деген желеумен тағы да қалың тобырды қаптатып жіберген. Қазақтар құмға шашылған тарыдай жоқ болуға айналған. Өзінің атам заманнан келе жатқан туып өскен жерінде қазақтар 30-пайызға дейін кеміген. Қазақ мектептері жабылған. Қазақтың әдет-ғұрпы да, Мағжан айтқандай «Алтын күннен бағасыз бір белгісі жоқ» ана тілі де біржолата құруға айналған.

Қазақтар өзінің туған жерінде отырса да республикада тұратын аз халықтар санатында қалып, есеңгіреп есі кетіп, мәңгүрттене бастаған. Қазақтың бұрынғы өрлік мінезі жоғалып, құлдық мінезі, жағымпаздық мінезі өрши түскен. Мысалы, бір жерде 20-30 қазақ отырғанда орталарына бір орыс келе қалса, бәрі де оған жағымпазданып орысша шүлдірлей бастайтын болған. Орысша сөйлеу үлкен өнер, үлкен мәдениет сияқты көрініп, осы күні кейбір қазақтар өз ана тілін ұмытып, не сөйлегісі келмей, орысша сөйлеуді ғадетке айналдырып алған.

Тың игеру кезінде дала табиғаты да кері өзгерістерге ұшырады. Тек қана мал жайылуға жарайтын селдір шөп шығатын қыртысты, қара топырағы жоқ егін шықпайтын кей жерлерді жыртып тастап, шаңы бұрқыраған қу далаға айналдырып жіберді. Балығы суына сыймай шоршып жататын, аққу, қаз, үйректері қонып, ұшып құс базары болып жататын кейбір әдемі айдын көлдер құятын суын бөгеп, маңайын тап-тақыр ғып жыртып тастаған соң суалып қалған.Сондай халге ұшыраған бір көлді көргенде ойыма мынандай өлең жолдары оралған еді:

Сұңқылдап құсың сыймай тұрған тұнып,

Көл едің бойламайтын салған құрық.

Қалыпсың шаңың шығып, тақыр болып,

Балығың бал татыған кеткен құрып.

Қайғыңды сұлу көлім тұрмын ұғып,

Тастапты суды құртып, тақыр қылып.

Дәл менің самайдағы ақ шашымдай,

Бетіңнен жатыр екен сорың шығып.

Көл едің қаз қаңқылдап, аққу ұшқан,

Бет жүзің көрінбейтін жүзген құстан.

Сай да жоқ, сала да жоқ су құятын

Бөгелген жер жыртылып әрбір тұстан.

Сағынып келсем елге қойнымды ашып,

Кетіпті туған жердің сұрқы қашып.

Шаң басса жер мен көкті бұрқыратып,

Елімді келімсектер кеткен басып.

Тың жерлерді игеру ңауқанының арты қазақтың жерін де, өзін де құруға әкеп соғатынын ешкім сезетін емес. Тіпті еліміз байып, жеріміз көркейіп келеді деп мәз болатынын қайтерсің?! Шындығында бұл қазақты ұлт есебінде өмір сүргізбей құртып жіберуге айналған қайғылы оқиғалардың бірі еді. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей Бүркіт екеуміз оңашада осы жағдайды ойлап құр күңіренетін едік.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде дүлей қатыгез жаумен қақтығысып мерт болған, азап шеккен қазақ жастарына жанымыз ашып, қатты күйзелдік. Екінші жағынан қазақтың ұлттық намысы оянып, әлі де ерлік, елдік рухы сақталған екен-ау деп сүйсіндік те.

Ақыры қолына іліккен халықтарды тырп еткізбей бұғаулап ұстап отырған Қызыл империя күйреді. Оның қысымында күңіреніп жүрген халықтар азаттық алды. Қазақстанның үстінде аспан түстес тәуелсіздік туы желбіреді.

Патша өкіметінің отарлық езгісінен құтылып, өз алдына дербес мемлекет болуды армандап, Сырым батыр да, Кенесары мен Наурызбай да, Исатай мен Махамбет те жан аямай арпалысты. Елім деп еңіреген қазақтың саналы азаматтары, Алаш партиясының көсемдері мен оның қолдаушылары елдің басына төніп тұрған қатерді сезіп оны аман-есен қорғап қалуға, елге еркіндік әперуге бар күштерін салды. Бұл жолда талай абзал азаматтар ауыр жазаға ұшырады. Алашордашыларды аяусыз атып-асып, құртып жіберсе де олардың ұлы арманын жалғастырушылар ел арасынан шығып жатты.

Азаттық аңсаған жастарды төніп тұрған қауіп-қатер де тоқтата алмады. Алашордашылардың ұлы арманын жалғастыра Бүркіт бастаған «Елін сүйген ерлер партиясы» (ЕСЕП) дүниеге келді. Кейіннен бұл жолдағылар да ауыр жазаға ұшыраса да олардың кеуделеріндегі азаттықты аңсаған асыл армандарын өшіріп жібере алмады.

Туған халқының азаттығын армандау кейінгі көптеген жастардың кеудесінде орын теуіп, жалғаса берді. Бұған мысал есебінде Мәскеуде оқып жүрген студенттердің «Жас тұлпар» ұйымын, Павлодардағы оқушылардың «Жас ұлан» ұйымын атауға болады. Мұндай жастар ұйымы Қазақстанның әр жерінде бас көтерген. Бірақ олардың бәрін де қанат жайдырмай өз ұяларында талқандап отырған.

Сөйтіп, бұл егемендік жолында талай қан төгіліп, талай адамның жаны қиналған. Еліміздің бұғаудан құтылып, азаттық алуын ұзақ жылдар бойы бүкіл халқымыз сарғая күтіп, сағына армандаған.

Егемендікке ие болып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін көңілге медеу болатын жұмыстар жүргізіле бастады. Бұрын көп адам сөйлеуге намыстанатын қазақ тілі заңды түрде мемлекеттік тіл болды. Келешекте іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізсе, жоғары оқуға түсу үшін қазақ тілін білу негізгі шарттардың бірі болып, оқу қазақ тілінде жүрсе, төменнен бастап министрлер мен президентке дейін қазақ тілін білу міндетті болса, көптеген шаралардың бәрі қазақ тілінде жүрсе, тіліміздің беделі өсіп шыға келер еді. Бүгін жақсы әдет- ғұрпымызды да қайта жандандыру мүмкіндігі туып отыр. Бұрын ешқандай шет елмен өз бетімізбен қатынас жасай алмай келсек, қазір тереземіз тең дәрежеде көп елдермен сауда-саттық, дипломатиялық қатынастар жүргізіп отырмыз.

Өзінің туған халқының азаттығын аңсап, қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде еш нәрседен сескенбей «Елін сүйген ерлер партиясын» (ЕСЕП) құрған Бүркіт Ысқақов еді. Оның негізгі арманы орындалды.

Бірақ қатыгез ажал оның көп ойларын, жазу жоспарларын орындатпай 1991 жылдың 22 қаңтарында арамыздан алып кетті. Ол тірі жүргенде оның қаламынан талай тамаша туындылар шығатын еді. Күшті өкініштің бірі – оның дайын тұрған докторлық диссертациясын қорғай алмай кетуі болды.

Келешекте егеменді еліміз барлық қиыншылықтарды жеңіп шығып, дүниеге тарыдай шашырап кеткен барлық қандастарымыз Қазақстан атанған кең ордада басын қосса, халқымыздың саны өсе түссе, мемлекетіміз өнер-білімі, шаруашылығы, мәдениеті дамыған елге айналса, Бүркіттің өмір бойы аңсаған арманы толық орындалар еді.