БҚО-да 26 колледж дуальдық оқытуға көшті

Облыстық білім басқармасы және өңірлік кәсіпкерлер палатасы берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда «Марасант» ЖШС Орал политехникалық колледжімен, «Стройкомбинат» ЖШС БҚО индустриальды колледжімен, «Ғайни» шаруа қожалығы Шыңғырлау колледжімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Аталмыш серіктестік өкілдері оқу, жұмыс жоспарларын жасақтауға тікелей қатысады, кәсіпорында практикалық сабақтар ұйымдастырады, шәкірттерге қажетті шығындардың (арнайы жұмыс киімі, қажетті материалдар, құрал-жабдықтар, тамақтандыру) барлығын өздері көтереді. Практикалық сабақтар оқыту үрдісінің 60 пайызы құрағандықтан, ол шәкірттердің жұмысшы мамандығын игерулері үшін өте пайдалы.

Техникалық білім ошақтарының әлеуметтік әріптестері арасында «Қазақтелеком» АҚ (болашақ байланыс, телекоммуникация, ақпараттық технологиялар мамандарын даярлау), «Трансформатор зауыты» ЖШС, «Отделстрой» ЖШС, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, «Агрореммаш» АҚ, БҚ электр желілерін тарату компаниясы, «Жайық жарығы» ЖШС және т.б. көптеген әлеуетті мекеме-ұйымдар бар.

Оқытатын мамандықтарының алуан түрлілігіне байланысты Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі бірден 6 кәсіпорынмен әріптестік байланыс орнатқан. Осы кәсіпорындардың тәжірибелі мамандары колледждегі электрмен жабдықтау, газмұнай өңдеу, ветеринария, агрономия, құрылыс мамандықтарында оқитын 500-ге жуық оқушыға үлкен тәлім-тәжірибе беруде.

Облыстық білім басқармасының басшылығы атап өткеніндей, дуальды оқытуды енгізудің Жол картасына сәйкес, келісімшарт үшжақты түрде, яғни, кәсіпорын, колледж және өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында жасалуда. Палата оқыту үрдісіне мониторинг жүргізіп, бақылап отырады. Сонымен қатар, колледж түлектерін аталған мекеме-ұйымдарға жұмысқа орналастыруға ықпал етеді.