БҚО-да ауыл мектебі өлкетану музейін ашты

Қазталов ауданы Саралжын ауылындағы М.Жүнісов атындағы негізгі жалпы білім беретін мектебінде өлкетану музейін ашу жұмысы жүргізілуде. Жарас Ғалымов басқаратын ұжым мектеп ішінен бір бұрыш ашып, тарихи жәдігерлерді жинақтауда. Түрлі кезеңдерді қамтитын жәдігерлер ішінен қанжар, қылыш және садақтың жебесі ерекше көзге түседі. Мектеп директорының айтуынша, бұл жәдігерлер ауылдан 10 шақырым қашықтықта орналасқан Бірәлі обасынан табылған. Қай ғасырда жасалғаны белгісіз. Зерттеуді қажет етеді. Бірәлі секілді обалар Саралжын ауылы аумағында көптеп кездеседі екен. Бұл жәдігерлер обаның беткі қабатынан ғана табылған. Ал астыңғы қабатында қандай құнды заттар жатқанын көру үшін қазба жұмыстарын жүргізу керек. Бұл болашақтың еншісіндегі шаруа.

Облысымызда 130-ға жуық мектеп мұражайы бар екен. Бұл да елдің мәдени өмірінен хабар беретін көрсеткіш. Мәселен, Қазталов ауданындағы Көктерек ауылының және Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылының музейге ілтипаты ерекше екенін атап өтуге болады. Ауыл халқы келген қонағын алдымен музейге апарады. Тарихымен таныстырады. Бұл ауыл халқына мәртебе болса, келген қонаққа мәдени демалыс, әрі рухани азық. Қазақстандағы барлық музейлердің проблемасы ұқсас. Бастысы – музей ғимараттарының жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға арналмағандығы. Саланың тағы бір үлкен проблемасы – кадр тапшылығы. Бүгінде музей көбейгенімен, онда жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы. Тарих факультеттері маман әзірлемейді. Жалақы аздығы салдарынан мықты кадрлап музейге келуге құлықсыз.

Жалпы, елімізде музей ісінің дамуына кедергі болып отырған бірден бір жағдай — арнайы Заңның жоқтығы. Ресейде “Ресей Федерациясының музей ісі мен музей қоры туралы” Заңы сонау 1996 жылы қабылданған. Бізде бұл сала, өкінішке орай, тек «ҚР Мәдениет туралы» Заңымен реттеледі.  Сондықтан, арнайы нормативтік құжат болмай, саланы дамыту өте қиынға түсіп отыр.