Аудан жастары қарияға су тартып берді

Ауданда күні бүгін 4223 жас тіркеуде тұрса, соның 1533-і мектеп оқушысы, 746-сы студент (төртеуі шетелде білім алуда). 2372 жас маман бюджеттік салада, 980 жас құрылыс саласында еңбек етеді. Оның сыртында 140 шәкірт Қаратөбе кәсіптік колледжінде оқиды. Ішкі саясат бөлімі жанынан құрылған жастар ресурстық орталығы ең алдымен жас мамандарды жұмыспен қамтуды көздейді. Бұл мәселеде арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар үлкен қолқабысын тигізуде. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 104 жас маман тұрғын үй несиесін алуға құжат тапсырып, 185 маман көтермеақыларын алған.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 12 жас маман, «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 4 жас маман жұмысқа орналастырылған. 44 жас қоғамдық жұмыстарға жолданып, «Жастар практикасы» көмегімен 34 маман қызметке кірген. Жыл басынан бері ауданда бос жұмыс орындарының екі жәрмеңкесі, «Жастарға кеңес» ашық есік күндері өткізіліп, нәтижесінде 79 жас тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.

Оның сыртында «Жас Отан» жастар қанаты аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Туған жер» бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Мұндай шаралардың ішінен ауданның тарихы терең Саралжын және Аққозы ауылдарына тарихи танымдық экспедицияларын ерекше атап кетуге болады. Сондай-ақ, жастар алдағы уақытта Егіндікөл ауылындағы Құныскерей батырдың үңгіріне ескерткіш белгі орнатуды жоспарлауда.

«Ардагерлерге көмек көрсетейік!» жобасы шеңберінде жастар аудандағы бір қарияның үйіне су құбырын тартып берді, Жусандыой ауылындағы саябаққа 30 дана тал-терек отырғызды. Жастардың белсенділігін одан әрі арттыру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын таба бермек. Әсіресе, жоғары немесе арнаулы орта білім жоқ жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға, ауыл-аймаққа қажетті сирек мамандық иелеріне қызметке шақыруға айрықша назар аударылмақ.