Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 5284 жас жұмысқа орналасқан

Облыс халқының 22,9%-ын жастар құрайды. Оның ішінде 30 мыңнан астам жас облыстағы 4 жоғары оқу орынында, 19 мыңы облыстағы 38 арнаулы орта оқу орындарында білім алып жатыр. Өңірде жастар саясатын жүзеге асырумен айналысатын 89 жастар қоғамдық бірлестіктері, (оның 64-і Орал қаласында және 25-і аудандарда), 6 республикалық жастар ұйымдарының филиалдары жұмыс істейді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошевтың мәлімдеуінше, өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі — 4,0%. Еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың үлесі — 3,1%. Бұл — республика бойынша ең төменгі көрсеткіш.

«Облыс бойынша жалпы жастар саясатын жүзеге асыруға 2017 жылы 450,621 миллион теңге қаржы бөлінді. Былтыр бұл қаражат 284,1 миллион теңгені құраған еді. Өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейді. 2017 жылы облыста 64 әлеуметтік-маңызы бар жоба, соның ішінде 29 жоба – облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен, 35 жоба – Орал қаласы және аудан әкімдіктерімен жүзеге асырылды. Аталған жобаларды іске асыру үшін 173,7 миллион теңге қаржы бөлінді (2016 жылы — 83,0 миллион теңге болған). Жастармен жұмыс жөніндегі 13 ресурстық орталық жұмыс атқарады. Жыл басынан бері орталықтардан 3402 адам кеңес алды, оның ішінде 192 жасқа — психологиялық, 562 жас — теологиялық, 346 жас — заңгерлік және 1487 жасқа жұмыссыздық мәселесі бойынша кеңес беріліп жұмыспен қамту органдарына жолданды, 164 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жыл басынан берi 7562 жас жұмыспен қамту органдарына жолығып, оның ішінен 5284-і жұмысқа орналасты, оның ішінде 212 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 1067 жас қоғамдық жұмысқа тартылды. «Жастар практикасы» бағдарламасына жыл басынан 1423 жас жолданды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 435 маман ауылдық жерлерге тартылып, 225 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. 363 жас маманға 1,1 миллиард теңге көлемінде баспана алуға несие берілді», — деді Аян Сақошев.

Облыста жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен патриоттық және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған төрт жоба («Жастар-Отанға!» жастар саяси лагері, «Айбынды Алаш жастары» аймақтық жастар форумы, ІІІ жұмысшы жастар спартакиядасы, «Менің елім» рәміздер күні шарасы, «Ардагерлерді ардақтайық», «Қайырымдылық Гранд бал», «Жыл үздігі» т.б), мәдени-көпшілік шараларды жүзеге асыруға бағытталған 16 жоба (Халықаралық Жастар күні, Студенттер күні, «Аламан» байқауы, «Jam party» т.б), ақпараттық-насихат жұмысы, жас мамандардың кәсіби дамуына бағытталған екі жоба («Өрле, Қазақстан», «Кәсіби мансап орталығы», «Бастау» коворкинг орталығы), жұмыспен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдауға бағытталған екі жоба (бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, «Бәріміз бірдейміз») және волонтерлік корпусты дамытуға, жастар ұйымдарын қолдауға арналған үш жоба (Еріктілер слеті, «Астана-экспотур» жастар экспедициясы) жүзеге асырылып жатыр.