Шымкент әкімі Қазығұрт, Қаратөбе, Жұлдыз аумақтарының тұрғындарымен кездесті

№99 мектептегі кездесуде шаһар басшысы тұрғындардың сұрақтарына бір-бірлеп жауап беріп, коммуналдық сала бойынша салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.

Еңбекші ауданының елді мекендеріндегі басты мәселе—көлік тасымал қызметі. Қаламыздың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында шаһарымызда коммуналдық автопарк салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы біз қаладан шалғай аудандарда тұратын елді мекен тұрғындарын тасымалдау мəселесін оңтайлы шешетін боламыз, — деді Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов.

Шымкент әкімі

Қала басшысы Елбасының қамқорлығының арқасында Шымкент қаласының «Бас жоспарына» сай біраз елді мекендер қалаға қосылғандығын айта келе, Президентіміздің үшінші қалаға деген ықыласының өзгеше екендігін айтып өтті. «Бас жоспарға сай қалаға 80-нен астам елді мекен қосылды. Өздеріңіз білесіздер, біздің елді мекендер үлкен. Тіпті, Солтүстік облыстардың райондарымен тең. Сондықтан қордаланған мəселе де аз емес. Мақсатымыз осы елді мекендерді аралап, кемшіліктерді көзіммен көріп, соны жөнге салу, — деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Еңбекші ауданындағы түйіткілді мәселенің бірі Халыққа қызмет көрсету орталығының жоқтығы. Осыған орай, шаһар мэрі аталмыш ауданда осы жылдың соңына дейін Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын айта келе, 93 мың тұрғынның игілігі үшін бұл орталық ендігəрі жергілікті тұрғындарды екі ортаға сабылтпайтындығын жеткізді.
Жиынды қортындылай келе: «Халық барлығын білуі керек. Елді мекендердің барлық картасын маған алып келіңдер. Талдап, саралап, нақты, уақытылы орындалатын мəселелерді бірінші кезекке қойып, халықпен бірлесіп жұмыс істейміз», —деді қала басшысы.

Шымкент қаласының əкімі ‪ Ғабидолла‬ ‪ Əбдірахымов‬ жұмыс жоспарына сəйкес Əл-Фараби және Қаратау аудандарының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қос аудан тұрғындарының дені коммуанлдық мәселелерді әкім назарына жеткізіп, түйіні шешілмеген проблемаларды шешіп беруін өтінді.

— «Ең алдымен тұрғын үй салмас бұрын ол жерге инфрақұрлыммен қамтамасыз етілуі керек. Қаламызға көптеген елді мекен Сайрам ауданынан қосылған. Сол ауданның заңсыз берілген жерлеріндегі коммуналдық мәселе бізге айтарлықтай жүк болып отыр. Тіпті ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің өзін 8 соттыққа бөліп халыққа жүйесіз, жобасыз таратқан. Қазір біздің ең бірінші мақсатымыз әуелі осы елді мекендердің жол, газ, су мәселесін шешу. Ол жақтағы тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Қала əкімдігі қазір қызу жұмыс істеуде. Біз бюджеттің жағдайына қарап, сіздердің мəселелеріңізді жүйелеп шешеміз. «Сабыр түбі—сары алтын» дегендей бірер жылда жағдайымыз едəуір реттеледі», — деді Əл-фараби ауданының тұрғындарымен кездескен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Анығында, аталмыш аудан аумағына қосылған елді мекендерде 19 мыңға жуық xалық тұрады. Бүгінде қалаға қосылған елді мекендердің әлеуметтік карта түзіліп, 2020 жылдарға арналған тұжырымдама жасалынды. Сондай-ақ Мәртөбе, Бозарық елді мекендеріне қоғамдық көлік тұрақты түрде жүруде. 5 жылдық тұжырымдамаға сəйкес тұрғындарды толғандырған мәселелер шешіліп келеді. 2012 жылы Үкіметте қаламыздың Бас жоспары бекітілген болатын. Сонда Д.Қонаев даңғылын кеңейтіп, ұазарта түсу туралы жоспарланған. Осыдан орай, шаһар басшысы сол «Қызыл сызыққа» түскен үйлерді тексеріп мүмкіндігінше тұрғындарға тиімді етіп шешіуге ықпал ететіндігін жеткізді.

Жұмыс кестесіне сəйкес Қаратау ауданының тұрғындарымен кездескен шаһар басшысы ауданда атқарылған жұмыстар бойынша Қаратау ауданның əкімі Ғалым Исмаиловтың баяндамасын тыңдады.

Қаратау ауданының əкімі Ғалым Исмаиловтың айтуынша аудан аумағында орналасқан тұрғын алаптар мен шағын аудандардың электр жарығымен қамтылуына зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудан бойынша жалпы 40443 тұрғын үй бар болса, оның ішінд 39866 тұрғын үй электр жарығымен қамтылған (99%), Ал 413 тұрғын үй электр жарығымен қамтылмағаны (1%). Атап айтар болсақ, Қаратау ауданының аумағы 32 мың 256 га құраса, аудан көлемінде 213 мыңнан астам халық тұрады. Аудан аумағына 17 шағын аудан мен 13 тұрғын алаптар енген.

— «Тұран» шағын ауданының болашағы кемел. Себебі, Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында бұл аудан аумағынан «Shymkent City» кешені бой көтермекші. Тіпті, қала жастарының демалуына, серуендеуіне арналған ойын-сауық орталықтары салынбақ, —деді қала басшысы.

Тұрғындарының күнделікті өмірінде кем болса болмайтын коммуналдық мəселені бірінші кезекте шешуге жоба дайындалып жатқандығын жеткізген қала басшысы шаһардың шын жанашыры ретінде кәсіпкер азаматтардың өз қаражатына халық игілігіне қажетті дүниелер істесе деген ойын жеткізді.