Ақмола облысының әкімі Facebook желісінде жеке парақша ашты

«Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Фэйсбукте өзінің жеке парақшасын ашты. Лайк басуға ұмытпаңыздар, достар!» деп жазды Марат Иғали.

Ал Мәлік Мырзалин өз парақшасында: «Құрметті достар! Facebook-те өз парақшамды ашу ең алдымен жұмыс бабымен қажеттілік туғызды. Ақпараттық ашықтық өңір тұрғындарына Ақмола облысындағы мемлекеттік органдарда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болумен қатар өз пікірлерін айтуға да мүмкіндік береді», — деп мәлім етті.

Сонымен бірге, әкім Ақмола облысының Астана іргесіндегі ең ірі ауылшаруашылығы аймағы екенін атап өтті. Елбасының Астана қаласының азық-түлікпен қамту белдеуін одан әрі дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бүгін Астанада «AQMOL» — атты сауда желісінің алғашқы дүкені ашылатынын хабарлады.

«Астана тұрғындары мен қонақтарын 2017 жылдың 11 қарашасында «Нұр Аспан» тұрғын үй кешеніндегі «AQMOL» дүкенінде күтеміз! Мұнда сіздер үшін сапалы әрі қолжетімді бағамен ет, сүт, нан өнімдері сатылатын болады. Алғашында Астанада бұл жобаның үш сауда желісі ашылады, кейінірек дүкендер санын онға дейін арттыру көзделген», — деп өз сөзін толықтырды М.Мырзалин.

Өңір басшысының айтуынша, бастапқыда «AQMOL»сауда желісінде: «Агрофирма «Родина», ЖШС, «Ижевский», КК, «Астана Агро Продукт», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Гормолзавод», «Торговый Дом «Айна» сияқты танымал ақмолалық кәсіпорын тауарлары қолжетімді бағамен сатылмақ.