Алматыда жеңіл рельсті көлік енгізу қолға алынды

Сондай-ақ оңтүстік астананың басшысы трамвайларды тоқтату туралы шешімге байланысты пікірін айтып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайында баяндады. Баспана кезегінде тұрған әрбір үшінші алматылық тиесілі пәтерін жыл соңына дейін алып қалуы әбден мүмкін.

«Биыл 6 мыңға жуық үй тапсырылады», – деді брифингте сөз сөйлеген Бауыржан Байбек.

Қазір қала бойынша мемлекеттік тұрғын үйден 18 мың 500 мың адам үмітті. Оңтүстік астананың әкімі қаланың электромобильдерге көшу мәселесіне де қатысты пікірін білдірді. Бүгінде мұнда электр қуатымен жарақтайтын 12 станция салынған. Сонымен бірге электроавтобустардың өндірісі де қолға алынды.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі: Бізде инфрақұрылым болса, әр жерде осындай бекеттер болса, әйтпесе қаланың бір жерінде ғана болса, бәрі сол жерде кезекте тұрады. Мысалы, сізде электрокар болса, онда сіз Шымбұлаққа тегін кіре аласыз. Басқа көліктерге тыйым салынады. Алдын ала тіркелсеңіз, Шымбұлаққа дейін көтерілуге болады. Осындай мәселелер бар. Салық жағынан көмектесу керек. Сондықтан біз қала тарапынан оны қолдаймыз. Біздің зауыттарды да қолдаймыз. Оған көшуге дайынбыз.

Қала әкімі неге трамвай қатынасын тоқтатқанын да түсіндірді. Оның айтуынша, осы күнге дейін Алматы көшелерінде мұндай қоғамдық көліктің небәрі алтауы қатынайтын. Оның өзінде жиі істен шығып, салдарынан жыл сайын 30 шақты апат болатын. Ал трамвай желісін қалпына келтіру тіптен тиімсіз.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі: Трамвайдың теміржолдары сын көтермейтін еді. Ал желіні қалпына келтіру үшін 16 млрд теңге қажет. Енді оның орнына жеңіл рельсті көлік енгізуді қолға алдық.

Алып шаһар Алматының әлеуметтік әлеуетімен таныстырған қала әкімі заман талабына сай жаңа қоғамдық көліктің Саяхат вокзалынан «Алматы-Арена» стадионына дейін қатынайтынын айтты.

Дереккөз24.kz