Өзім туралы…

Ақтөбе облысы, Шалқар ауылында ата-әжемнің қолында өстім. Спортқа қызығушылығымның неден басталғаны дәл қазір есімде жоқ. Бірақ алғаш рет каратэге қатыстым.

Кейін Астана қаласына көштік. Онда достарымның барлығы белгілі бір спортпен шұғылданатын. Мен де қызығып, бір айдай күреске, еркін күреске, одан каратэге қатыстым. Ал 9-сынып оқып жүргенімде ММА спорты туралы естідім. Ол уақытта спортың бұл түрі енді дамып жатты. Жаттығып жүргенімде тәжірибемнің аздығына қарамастан, түрлі жарыстарға қатыстым. Алайда алғашқы жарыста ұтылып қалдым.

Бұдан кейін панкратион мен греплингтан Ақтөбе облысында іріктеу кезеңі болды. Соған қатысып, Ақтөбе облысы бойынша бірінші орын алдым. Жеңіске жеткен соң аталмыш спорт түріне деген қызығушылығым оянды.

Алғашқы жаттықтырушыларым — панкратионның вице-президенті Айбек Шоқпытов пен кәсіпқой ММА-дан мықты спортшы Азамат Мархабаев. Осы кісілердің арқасында түрлі жарыстарға барып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздім.

Жалпы, ММА спорты барлық спорт түрін қамтиды. Сол үшін біз түрлі спорт түрінен шыға беретінбіз. 11 -сыныпта қоян-қолтық ұрысы, гриплинг, панкратион бойынша жарыстарға жиі қатыстым. Үнемі алғашқы орынды иеленетінмін. Осы кезден бастап дайындалдым әрі болашағымды спортпен байланыстыра бастадым.

Жекпе-жек

Ата-анам әлі күнге қарсы…

Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы университетке оқуға түстім. Қазір 2 курста оқимын. Инженер саласының маманымын. Шыны керек, бұл мамандықты үйдегілердің қалауымен ғана  оқып жатырмын. Себебі мен тек спортты жақсы көремін. Алғашқы жылы сабақ оқып жүрдім. Бірақ бәрібір спортпен айналысуым керек екенін түсініп, жаттығу залдарын іздестіре бастадым. Сол кезде Манас есімді досым осы ALFA деген (Алматы файт академиясы) клубты ұсынды. «Алаш прайд клубының спортшылары осы клубта дайындалады» дегеннен-ақ, маған мотивация болды. Өйткені, көкейімде «мен де мықты спортшы боламын» деген мақсат тұрды.

Бірде қызық болды. Емтихан мен жарыстың уақыты қатар келіп, емтиханның жауаптарын 30 минутта жазып, тапсырып кеттім. Ал жарысқа 5 сағаттан кейін шығып, бірінші орын алдым. Алайда, емтиханнан төмен нәтиже көрсеттім. Спорттың сабағыма кесірі тигесін, ата-анам ММА спортымен айналысуыма қарсы.

Клубта мені Берік Құрақбаев пен Бауыржан Жұманов есімді тренрлерім жаттықтырады. Осында келгелі бағым жанып, гриплингтан, джи-джитсудан, панкратионнан бірнеше дүркін жеңімпаз атандым. Тіпті, джи-джитсудан «Спорт шебері» атағын қорғадым.

Кейін ММА жекпе-жек ұлттық спортынан шыға бастадым. Сол кезде Астанадағы жаттықтырушым Астананың атынан жарысқа қатысуымды сұрады. Қазақстанның іші болған соң, қай қаладан шығу мен үшін аса маңызды емес. Әрине, келістім. Сөйтіп, 4 кездесудің барлығын жеңіспен аяқтап, Қазақстан чемпионы болдым. Сол нәтижем жекпе-жектен «Спорт шебері» атағын алуға сай болды. Алайда, әлі күнге қорғамадым.

Жақында инстаграм желісінен Данияр Елеусіновтің арнайы байқау ұйымдастырып жатқанын көріп қатыстым. Нәтижесінде, мен ұттым. Сөйтіп, Данияр Елеусіновпен бірге шеберлік сыныбын өттік. Сол шарада үйренгенім көп болды. Бір қызығы, сонда қатысамын деп жарыстан қалып қойдым (жымиды).

Данияр Елеусінов
©Фархад Құрманғалиевтің жеке мұрағатынан

Барлық жағынан қолдау көрсетілсе…

Маған ұнайтын әдіс — қолды ауырту әдісі мен «үшбұрыш» әдісі. Яғни, қарсыласыңды аяқпен қылғындыру. Екі әдісте де адамға демалу қиын. Кездесулерде осы екі әдіспен ұтамын.

Біздің клуб 5 салмақ дәрежесі бойынша жоғары деңгейде жарыс өткізді. Мен өз университетімнің атынан шықтым. 4 кездесу өткізіп, барлығын жеңдім. Осылайша, оқу орныма бір пайдамды тигіздім (күлді). Негізі оқу мен спортты алып жүру оңай емес. Оның үстіне мамандығы басқа болған соң тіптен қиын. Университетте кей мұғалім мұны түсінеді, кейбіреуі басқаша қарайды. Осындай кезде көптен қолдау күтемін. Өйткені, біз елдің атын шығарып, сол үшін барып жүргесін түсіністікпен қарауы тиіс деп ойлаймын. Біз қатысқан жарыстардан шынымды айтсам, қалтамызға бір тиын да түспейді. Осыны бәрі басқаша ойлайды.

Осы уақытқа дейін джи-джитсудан, жекпе-жектен, панкратионнан Қазақстан чемпионы болдым. Жарыстан соң «әлемдік деңгейге жарыстарға шығарамын» деп уәде беретіндер көп. Бірақ, ешқайсысы орындамады. Бізге көбіне «шығынды өздерің көтересіңдер» деп жатады. Көп жағдайда демеуші іздеуге тура келеді. Сол үшін де шетелге шығуға мүмкіндік болмай жүр. Егер шетелде өнер көрсетсем, елімнің атын көкке көтереріме сенімдімін. Өйткені, жарыста менен ұтылған адамдар «Әлем чемпионы» болып жүр. Адам адамнан тек еңбектенуі арқылы ерекшеленеді. Өз күшіме сенемін. Егер әлем чемпионы болсам кәсіпқой жекпе-жекке ауысу ойымда бар.

Фархат Құрманғаиев
©Фархат Құрманғалиевтің жеке мұрағатынан

Өмірімдегі ең ауыр жарақат…

Спорттағы жеңіс тек жаттығудан тұрады. Осы залда жаттығамын. Күнде 4 сағатым жаттығуға кетеді. Әр күні әртүрлі спорт түрімен айналысамын.

ММА — Қазақстанда енді дамып келе жатқан спорт. Бізде бокс, дзюдоға ақша көп бөлінеді ғой. Ал ММА-да олай емес. Мәселен, мен сияқты балалар еліміздің деңгейін әлемдік деңгейге көрсету үшін шетелге барғысы келеді. Бірақ қаражат бөлінбейді. Осы жағынан қиналған кезде айлыққа жұмыс істегім келеді. Өйткені, қолдау білдірмесе өте қиын. Осы кезге дейін спорттан алған алғашқы қаражатым — 100 мың теңге болды.

Өмірімдегі ең ауыр жарақатты Астанадағы Анатолий Ким өткізген жарыста алдым. Греплингтен өз салмағымнан жасөспірімдер арасында екі қарсыласымды да ұттым. Әкем қолдауға келді.  Әкемнің келгеніне масаттандым ба, ересектер арасында 71 келі салмақта кездесуге шықтым. Алайда, қарсыласым өте тәжірибелі болды. Сөйтіп, аяғымның сіңірі жыртылып кетті де, аяғымнан жарақат алдым. Екі ай үйде жаттым.

Дәрігерге қаралмаймын. Аяғымды шығарып алғанда да, қолымды жарақаттағанда да бармадым. Өзім емдедім. Өйткені, жаттығудан қалуға болмайды. Сол үшін мұндай жағдайларды жатықтырушыға айтпаймыз.

Спортшыдан кеңес:

  • Жаттығу залында дұрыс іс-қимыл жасау керек. Тіпті, құлақ, мұрын, бәрін қыздыру керек. Өзімнің тәжірибенен айтайын, дұрыс қыздырынбай темірмен жаттығып белімді ауыртып алғанмын.
  • Кез-келген жарысқа шыға бермеу керек. Нақты пайдасы бар, үлкен дәрежедегі жарыстарға шыққан дұрыс.
  • Бұл — қауіпті спорт түрі. Таңдаған кезде абай болу керек. Басыңды тәуекелге тіккеніңді білу керек.

2018 жылғы Әлем чемпионына дайындалып жатырмын

Салмақ қуу кезінде 4  күн қалғанда тамақ рационынан нанды шығарып тастаймын. Келесі күні су ішемін, тамақты аз жеймін. Соңғы күні тек су ішемін. Кездесу болатын күні ештеңе ішпеймін. Судың бәрі солай кетеді де өз салмағым орнына келеді. Бірде салмақ қуып жүріп, дәл жарысқа шығатын күні салмағым төмен түсіп кетті. Соны реттеу үшін бәрін қызықтырып, сол күні тамақ жеп отырғанмын (күлді).

Көп таныстарым, қарсыластарым 80 кг-нан 71кг-ға дейін салмақ қуады. Осы үшін әр түрлі дәрілер ішеді. Негізі, спортшы үшін ондай дәрілер допинг болып саналады. Неге? Өйткені, дәрінің күшімен 3-4 сағат қалғанда салмақ түсіресіз. Бұл — зиян. Себебі, денедегі кальций, витаминдерді алып тастайды. Өз басым қарсымын.

Бұйырса, 4-5 желтоқсанда Қырғызстандағы Бішкек қаласында ММА-дан кәсіби жарыс болады. Сондай-ақ, Астанада гриплингтен Қазақстан кубогы болады. Әзірше осы екеуіне дайындалып жатырмын. Ал ең үлкен мақсатым — 2018 жылдың әлем чемпионатына дайындық. Жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып жатырмын.

Жекпе-жек

Жетістіктері:

  • Панкратион мен греплингтен Ақтөбе, Алматы, Ақмола облыстары бойынша бірнеше дүркін чемпион;
  • 2015,2016 жылғы греплингтен Қазақстан бойынша екі мәрте жүлдегері;
  • 2016 жылғы ММА-ден  Алматы мен Астана қалалары бойынша чемпион;
  • 2016 жылғы панкратионнан Қазақстан чемпионы;
  • 2017 жылғы жекпе-жектен Қазақстан чемпионатының иегері;
  • 2017 жылғы жекпе-жектен Қазақстан кубогы чемпионатының иегері;
  • 2017 жылғы WEF Amateurs бойынша Азия жүлдегері;
  • 2017 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Сұхбаттасқан  Айзада Жайыққызы, суретке түсірген Айгүл Хожантаева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.