Ақмола облыстық футбол федерациясының төрағасы сайланды

Осы орайда атқару комитетiнiң мүшелерi күн тәртiбiндегi басты мәселеге тоқталып, Ермек Маржықпаевты бiрауыздан облыстық футбол федерациясының төрағасы қызметiне лайық деп таныды.

Жиналғандар Ермек Боранбайұлын жаңа қоғамдық қызметiмен құттықтап, облыстағы футбол спортын дамытуға бағытталған барлық игi бастамаларына баяндылық тiледi.

– Көкшетау қаласының әкiмi Ермек Маржықпаев бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңiл бөлiп келедi. Алда да аймақтағы аяқдоп спортын дамытуға бар күшiн салады деп зор сенiм артамыз, — дедi Ақмола облысы футбол федерациясының вице-президентi Қанат Қожақов.

— Маған сенiм артқандарыңызға ризашылығымды бiлдiремiн. Атқаратын iс ауқымды. Футболшылардың рухын көтеру қажет. Бiздiң футбол клубымыздың жанкүйерлерi көп. Олар жергiлiктi аяқдоп шеберлерi сынға түскенде iшкен асын жерге қо-йып, стадионға асығады. Ойыншыларға жақсы қолдау көрсетедi. Бiздiң мiндетiмiз — олардың үмiтiн ақтап, үздiк атану. Алдағы ойындарды жеңiспен аяқтауға тырысу қажет, — дедi федерацияның жаңа төрағасы.

Ағымдағы жылы жерлес аяқдоп шеберлерi жақсы нәтижелер көрсете алмай жүргенi белгiлi. «Оқжетпес» футбол клубының жанкүйерлерi сүйiктi командасының алдағы ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткiзiп, елiмiздегi кiлең мықты командалар ойнайтын жоғары топта қалатынына сенiм артып отыр.