Айдар Шәрібаев қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді

Қарсыласы — колумбиялық өте тәжірибелі боксшы 31 жасар Даулис Прескотт. Ол кәсіпқой шаршы алаңда 2006 жылдан бері жүр. Содан бері 36 айқас өткізіп, 31-інде жеңіске жеткен. Оның 23-інде қарсыластарын нокаутқа түсірген.

Бірінші минутта-ақ Айдардың толассыз соққыларының бірінен нокдаун алған Прескотт есін жоғалтып алғандай көрінген. Алайда, төреші сегізге дейін санағанша ес жиып үлгерді. Бірақ, бірінші раундтың соңына қарай Айдардың кезекті шабуылдарынан кейін бас көтере алмай қалған колумбиялық жерлесіміздің оң қолмен бауырдан ұрған соққысынан кейін бүктеле құлап, тек дәрігелерлердің сүйемелдеуінен кейін ғана рингктен шығып кетті. Осылайша сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды.

Айдар Шәрібаевтың айтуынша, ол бұл жекпе-жекті ұзақ күткен.

«Өте қуаныштымын. Бұл жекпе-жекті ұзақ күттім. Қарсыласым да оңай шағылар жаңғақ емес екен. Тәжірибелі боксшы. Бірақ, қазақ бокс мектебі бәрібір де өзгелерден шоқтығы биік қой. Мен оны тағы бір мәрте дәлелдедім. Маған жанкүйер болып, жеңісіме сенген барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Бұл жеңіс сіздерге арналады. Ал айқас бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде өткенімен алдағы уақытта жеңіл салмаққа қайта ораламын», — деді жекпе-жектен кейін ағынан жарылған Айдар Шәрібаев.

Бұл — Айдар Шәрібаевтың кәсіпқой шаршы алаңдағы жетінші жекпе-жегі. Барлығында жеңіске жетіп отыр және алтыншы рет айқасын мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетейік, енді Айдар елге оралып, жаттығуын Алматыда жалғастырады. Ал келесі жекпе-жегі келесі жылдың басына жоспарланып отыр.

ДереккөзVesti.kz