Қазақстан Үкіметі Қырғызстанның сындарлы ұстанымына үміт артады — Премьер-министр

Ташкентте өтіп жатқан ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Қырғыз Премьері Сапар Исаков Қазақстанның Қырғыз Республикасына қатысты 2011 жылғы 18 қазандағы ТМД-ның еркін сауда аймағы туралы шартын толық орындамағанын айтып, оқыс мәлімдеме жасаған болатын.

«Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының мәлімдемесін орынсыз деп санайды. Аталған мәселе бойынша біздің мемлекеттік ұстаным баршаға мәлім. Ол Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің ортақ экономикалық кеңістігін құру идеологиясына толық сәйкес келеді және Одаққа қатысушы-елдердің экономикалық шығындары мен қауіп-қатерлерін азайтуға бағытталған», — деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ташкентте өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында.

Аталған жиында Қазақстан-Қырғыз шекара аумағындағы бақылау мәселелері талқыланған болатын.

«Біз Қырғызстан үкіметін Еуразиялық Экономикалық Одақ аясындағы өз міндеттерін растауға және Қырғыз Республикасының өз міндеттемелерін имплементациялауға шақырамыз. Бұл тақырыпты үнемі ашық айтып келеміз және мәлімдемеміздің қырғызстандық әріптестерімізге жеткенін қалаймыз», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Қазақстан Үкіметінің қырғызстандық тараптың сындарлы ұстанымына үміт артатынын атап өтті.

ДереккөзInform.kz