Үш елді байланыстыратын теміржол іске қосылды

Ашылу шарасына Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили, Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев және Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты.

Жаңа теміржол желісі Ресейді айналып өтіп, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын жүк және жолаушыларды тасымалдамақ. 105 километр жаңа бөлігі бар теміржолда жылына бір миллион жолаушы мен бес миллион тонна жүк тасымалдауға болады.

Пойыз Бакуден шығып, Тбилисиге тоқтайды, сосын Грузияның Ахалкалаки қаласында тіркеме ауыстырып, ары қарай Түркияның Карс қаласына кетеді. Жаңа Баку — Тбилиси — Карс теміржол желісі аймақта экономикалық өсімге септеседі деп болжанып отыр.

Теміржолдың Грузиядағы бөлімі құрылысының басшысы, «Марабда — Карцахи теміржолы» компаниясының директоры Олег Бчичашвили болашақта тасымалдауда жүк көлемін 15 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ресей көлік жүйесін айналып өтетін жаңа магистральмен Әзербайжаннан ғана емес, Орталық Азия елдерінен де жүк тасымалданады деп жоспарланып отыр.

ДереккөзAzattyq.org