Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен бірдей үйлер салынады

Аталған үйлер Целинаград ауданындағы Ақмол және Қабанбай Батыр елдімекендерінде 52 га аумақта салынады, деп хабарлады Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биыл 2031 жылға дейін іске асыру жоспарланған «Нұрлы жер» бағдарламасы басталды. Бағдарламада эскиздік жобасы бірдей үйлердің құрылысы қарастырылған.

Ипотекалық несиелеу екінші деңгейлік банктер арқылы қаржыландырылады. Дайын болған тұрғын үйлер жер учаскесін алу кезегінде тұрған адамдарға беріледі. Ол үйден бас тартқан азаматтар үй кезегінде тұра береді, ал дайын үй кезекте тұрған келесі адамға беріледі. Үйден бас тартқандарға мемлекет қаржысына алынған жер учаскесі берілетін болады.

Көкшетау қаласында аталған бағдарлама құрылысына Станционный ауылында (574 га), сондай-ақ Васильковский солтүстік ықшам ауданында (145 га және 80 га) жер бөлінген.