Оралда коворкинг орталығы ашылды

Аталмыш орталық жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметінен тұрады. Әлеуметтік жоба аясында жастар үшін барлық жағдай жасалған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ашылған орталық фриланс режимінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, English club т.б.) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға  мүмкіндік бермек.

Облыс жастарына арналған орталық төрт аймақтарға, яғни дәріс аймағы, жеке жұмыс алаңы, командалық жұмыс аймағы және еркін алаң болып бөлінген.  Коворкинг орталығына келген әрбір жас әкімшілікке тіркелген соң интернет желісін, материалдық- техникалық базаны тегін пайдалана алады. Сондай-ақ мұнда  шеберлік сағаттары, семинарлар, презентациялар, білім беру сабақтары өтпек.

-Ғаламторда,  әлеуметтік желілерде  біздің орталықтың арнайы сайты бар. Болған шараларды операторлар монтаждап, тілшілер  мәтінін жазып, ғаламторға жүктейді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде  латын графикасы туралы роликтер дайындап, әлеуметтік мәселелер төңірегінде   бейнефильмдер жасадық.   IT саласында шетелде оқып жүрген  жастармен тәжірибе алмасып тұрамыз. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының  қолдауымен дрон сатып алдық. Болашақта жұмысымызды әлі жетілдіретін боламыз,- деді орталықтың қызметкері А.Ақшалов.

Коворкинг орталығы қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеуде. Атап айтқанда мұнда латын әліпбиін талқылау мақсатында жастармен еркін кездесу өтті. Кездесуге Батыс Қазақстан инновациялық технологиялар университеті филология кафедрасының аға оқытушысы Алтынбек Әбділманов қатысып, жастарға латын әліпбиіне ауысудың маңызын тарих беттеріндегі деректерді келтіре отырып, түсіндірді. Жастар өз кезегінде елдігіміз бен халықтығымызды айқындар реформаны қолдайтындықтарын айтты.